Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/580 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 сәуір №6003-26-00-2к/ 580 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова судьялар Қ.Айтжанов, А.Токсанбаев,

талап қоюшылар Б.Жаксыбаев, Ш.Әшеков, талап қоюшылардың өкілі Л.Сулейменова, жауапкердің өкілі С.Сапарбекқызының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Махамеджан Райымбекұлы Айтов, Шалқарбай Әбенұлы Әшеков, Бауыржан Абибуллаевич Жаксыбаев және Садир Бахрамович Сарбаевтың жауапкер «Қазақстан-Ресей мақта компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қойған шитті мақтаны жеткізу шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюлары бойынша қабылданған Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымдары бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар сотқа берген талап қоюларында, өздері мен жауапкер арасында жасалған шитті мақтаны жеткізу шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған. Талап қоюды жауапкердің тарапын алдау, қулық және жаңылыстыру әсерімен жасалғанығымен негізделген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымдарында соттармен процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылғанынын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін тексеріп, келесі түйінге келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілген.

АПК-нің 27-бабы 3-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда

айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.

АПК-нің 427-бабы 4-бөлігі 1) тармағына сәйкес егер істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған кез-келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Осы Кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымы мен қаулысының күшін толық не бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді не, егер іс апелляциялық сатыдағы сотта немесе мәні бойынша қаралмаған болса, бірінші сатыдағы сотқа жібереді.

2022 жылғы 24 қаңтарда Қазақстан-Ресей мақта компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) мен жеке кәсіпкер «Ильяс» М.Айтовтың арасында шитті мақтаны жеткізу туралы №50181 шарты жасалған. Осы шартты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 24 қаңтарда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округі, Қалшораев елді мекені, Ынтымақ көшесі, №69 үйді жұбайы К.Айтованың келісімімен кепілге беру туралы №50181 шарт жасалған. Жеткізу шарты негізінде жеке кәсіпкер «Ильяс» М.Айтов серіктестіктен 2022 жылғы 27 қаңтардағы №12000000025 шығыс кассалық ордеріне қол қойып 5 559 340 теңге алған.

Серіктестік пен жеке кәсіпкер «АЙДАР» Ш.Әшековтың арасында 2022 жылғы 25 қаңтарда шитті мақтаны жеткізу туралы №2343 шарты жасалған. Аталған шартты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 25 қаңтарда Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жылы су ауылдық округі, Әшеков көшесі, №26 үйді жұбайы Н.Бапахованың келісімімен кепілге беру туралы №2343 шарт жасалған. Жеткізу шарты бойынша жеке кәсіпкер «АЙДАР» Ш.Әшеков серіктестіктен 2022 жылы 26 қаңтарда №12000000023 шығыс кассалық ордеріне қол қойып 9 425 060 теңге алған.

2022 жылғы 28 қаңтарда серіктестік пен жеке кәсіпкер «Алпамыс» Б.Жаксыбаевтың арасында шитті мақтаны жеткізу туралы №50182 шарты жасалған. Осы шартты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 28 қаңтарда Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, Рудаки көшесі, №7Б үйді жұбайы М.Алиеваның келісімімен кепілге беру туралы №50182 шарт жасалған. Жеткізу шарты бойынша жеке кәсіпкер «Алпамыс» Б.Жаксыбаев серіктестіктен 2022 жылы 28 қаңтарда №12000000028 шығыс кассалық ордеріне қол қойып 24 351 840 теңге алған.

Серіктестік пен жеке кәсіпкер «САДІР-АТА» С.Сарбаев арасында 22 жылғы 15 ақпанда шитті мақтаны жеткізу туралы №50194 шарты жасалған.

Осы шартты қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 15 ақпанда Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, Новоии көшесі, №1А үйді жұбайы К.Болтаеваның келісімімен кепілге беру туралы №50194 шарт жасалған. Жеткізу шарты негізінде жеке кәсіпкер «САДІР-АТА» С.Сарбаев серіктестіктен 2022 жылғы 15 ақпанда №12000000064 шығыс кассалық ордеріне қол қойып 5 957 880 теңге алған. Талап қоюшылардың әрқайсысы бөлек Мақтаарал аудандық сотына өздеріне қатысты шитті мақтаны жеткізу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен жүгінген.

Мақтаарал аудандық соты талап қоюларды іс жүргізуге қабылдағаннан кейін, 2025 жылғы 30 қаңтардағы ұйғарымымен азаматтық істерді біріктірген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы істі қараған кезде талап қоюшылар М.Аитов пен Б.Жаксыбаев даулы шарттар жасалған кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендері, талап қоюлар бастапқыда соттылығы бұзыла отырып қабылданғанына, мұндай істер Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен қаралуға жататынына мән бермеген. Осылайша, соттармен АПК-нің 27-бабы 1-бөлігінде көзделген соттылығы бұзылған.

АПК-нің 427-бабы 4-бөлігі 1) тармағына және 451-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес іс сотта заңсыз соттылық туралы қағидаларды бұзып қарағандықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы сот тәртібімен жаңадан қарау үшін жіберілуге, кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатады.

Жауапкерлердің кассациялық шағымдары қанағаттандырылғандықтан АПК-нің 109-бабына сәйкес талап қоюшыда жауапкерлердің пайдасына мемлекеттік бажға төленген сот шығындары өндіріледі. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 5)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы сот ісін жүргізу қағидаттары бойынша жаңадан қарауға жіберілсін.

Жауапкер «Қазақстан-Ресей мақта компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен талап қоюшылар Махамеджан Райымбекұлы Айтов, Шалқарбай Әбенұлы Әшеков, Бауыржан Абибуллаевич Жаксыбаев және Садир Бахрамович Сарбаевтың әр қайсысының пайдасына 1 100 (бір мың бір жүз) теңге мемлекеттік бажға төленген сот шығындары өндірілсін.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші судья А.Даненова судьялар Қ.Айтжанов

судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.