ВС РК - Постановление от 25.07.2023 по делу 6001-23-00-6ап/110 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 25 шілде 6001-23-00-6ап/110 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып, талап қоюшының өкілі О[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі З[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «СЭР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «СЭР[...]» ЖШС-гі) жауапкерлер «Ақпараттық есептеу орталығы» акционерлік қоғамына, Департаментке 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №231122 электрондық аукцион нәтижелері туралы хаттаманы, жауапкерлердің төленген кепілдік жарнасын қайтармау ісәрекеттерін заңсыз деп танып, кепілдік жарнасын талапкердің шотына кері қайтаруды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысына талап қоюшы «СЭР[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қоюды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, ол бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қаулымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.

Жауапкер «Ақпараттық есептеу орталығы» акционерлік қоғамының өкілі және мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департамент бағаны төмендету әдісімен 2021 жылдың 30 желтоқсанында сағат 11.00-де электронды сауда-саттықты ұйымдастырған.

Сауда-саттық объектісі - Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Төле би көшесі, 39/А мекенжайда орналасқан тұрғын емес ғимарат. Бағалау құны 257 258 511,0 теңге. Жер учаскесінің бастапқы бағасы 771 775 533,00 теңге, орташа бағасы 32 157 314,00 теңге, кепілдеме жарнасы 38 588 777,00 теңге болып белгіленген.

2021 жылғы 29 желтоқсанда сағат 21.05-те талап қоюшы кепілдеме жарнаны төлеп, аукционға қатысуға тіркелген. 2021 жылғы 30 желтоқсанда сағат 10.30- да талап қоюшы өзінің сауда-саттыққа қатысатынын растаған.

2021 жылғы 30 желтоқсанда №231122 санды электрондық аукционның хаттамасы негізінде талап қоюшы аукцион жеңімпазы болып танылған.

Алайда талап қоюшы аукцион жеңімпазы ретінде сауда-саттықтың нәтижесі туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан.

2021 жылғы 31 желтоқсанда веб-порталды электрондық саудасаттықтарды болдырмау туралы акті жасалып, сауда-саттық нәтижелерінің күші жойылған.

Талап қоюшы төлеген 38 588 777,00 теңге кепілдік жарна мемлекеттік бюджетке аударылған.

Талап қоюшы техникалық ақаулықтардың орын алуына байланысты сауда-саттық нәтижесі заңсыз шығарылғанын көрсетіп, электрондық аукцион нәтижелері туралы хаттаманы, кепілдік жарнасын қайтармау іс-әрекеттерді заңсыз деп танып, кепілдік жарнасын талапкердің шотына кері қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот электрондық аукцион нәтижелері туралы хаттама талап қоюшы үшін қолайсыз, аса үлкен мөлшерде (38 588 777, теңге) зиян шеккендіктен жарамсыз, әділдік, мөлшерлестік қағидаттарына қайшы деп, электрондық аукцион нәтижелері туралы хаттаманы заңсыз деп тану туралы талап қою бөлігі қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген.

Соттың тұжырымымен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот жоғарыда аталған шешімнің талапты қанағаттандыру туралы бөлігінің күшін жойып, оны қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайды басшылыққа алғаны негізді болып табылады.

«Ақпараттық есептеу орталығы» акционерлік қоғамы мәлімет бойынша 2021 жылдың 30 желтоқсанында www.gosreestr.kz веб-порталында техникалық ақаулық фактілері болмаған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №227 бұйрығымен бекітілген «Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 3-тарау 27-бөлігіне сәйкес сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қойылмаған жағдайда, жеңімпазға кепілдік жарна қайтарылмайды.

Қағиданың 52-тармағына сай аукционды ұтқан тұлға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-бабының 6-тармағына сәйкес өзі енгізген кепілдік жарнасын жоғалтады және сатушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде оның іс жүзінде шеккен залалын өтейді.

Әкімшілік органның дауланып отырған актісі мен әрекеті Заңның және Қағиданың талаптарына сәйкес жасалған.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, апелляциялық сатыдағы соттың негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «СЭР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.