КӨШІРМЕ
6ап/110-16
ҚАУЛЫ
2016 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
«Казақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріДепартамент) өкілдері Н[...], А[...], Т[...],
«Сыбайлас жемкорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында аудио-бейне конференц байланыс арқылы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 19 мамырдағы қаулысына келтірілген наразылығымен түскен
Н[...] қатысты 2015 жылға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 430-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 19 мамырдағы қаулысымен М[...] ӘҚБтК-нің 430-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 9 260 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Іс апелляциялық сатыда қаралмаған. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында іс бойынша қабылданған соттың қаулысымен келіспей, оның
күшін жойып, М[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу өндірісін қысқартуды сұраған.
Наразылықты қолдаған прокурор Ч[...], Департамент өкілдерінің соттың қаулысын күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс және қылмыстық іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
ӘҚБтК-тің 430-бабының 1-бөлігінде Кеден одағының кеден аумағына кедендік бақылауға соқпай не осындай бақылаудан жасырып, не құжаттарды немесе сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып әкелiнген не декларацияланбаған немесе анық декларацияланбаған тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау, сатып алу, пайдалану немесе оларға билiк ету, сол сияқты кедендік төлемдер және салықтар бөлiгiнде кедендік жеңiлдiктер берiлген, осындай жеңiлдiктер берiлуiмен байланысты мақсаттардан өзге мақсаттарда Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз пайдаланылатын не иелiктен шығарылатын тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау және сатып алу себепті жағдайларда әкімшілік жауапкершілік көзделген.
2014 жылғы 30 ақпандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамадан көрінгендей, Монғолия азаматшасы М[...] 2013 жылғы 27 қарашада Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Өскемен КРО» кеден бекетінде Монғолиядан әкелінген «DAEWOO TOSCA» маркалы автокөлігіне №3024 «оралман» мәртебесіне берілген куәлік арқылы №00051419/271113/1111000098 кеден кіріс ордері толтырылған.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмысбастылықты үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сәйкес Монғолия азаматшасы М[...] №3024 «оралман» мәртебесінің куәлігі берілмеген.
Жоғарыда көрсетілген негізінде, Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодексінің 360, 472-баптарына сәйкес, М[...] жалпы сомасы 2 186 237 теңге кедендік төлемдер мен салықтарды және 121 067 теңге өсімпұлды төлеу жүктеледі.
Сонымен, М[...] Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодексінің 360, 472-баптарының және Кеден одағы мүшелерінің Келісімінің 12-бабының ережелерін бұзды.
Бірінші сатыдағы сот құқық бұзушылық туралы хаттаманы, сондай-ақ құқық бұзушының түсініктемесін негізге ала отырып, М[...]
әрекетінде ӘҚБтК-нің 430-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы бар деген тұжырымға келген.
Алайда, мамандандырылған сот алқасы, соттың бұл тұжырымын келесі негіздер бойынша алдын-ала қабылданған деп санайды.
Наразылыққа тіркелген құжаттардан көрінгендей, қазіргі уақытта Шығыс Казақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Өскемен КРО» кеден бекетінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде.
Тергеу барысында куә ретінде сұралған К[...] 2013 жылдың қарашасында С[...] кездестіргенін, онымен бірге Кеден қызметінің ғимаратына кіруді талап еткенін, кіргенде отырған қызметкерге өзін «М[...]» – деп таныстырғанын, ұсынған құжаттарға қол қойғанын, сонымен бірге «DAEWOO TOSCA» маркалы автокөлігінің жанына тұрып фотосуретке түскенін, кейін әкімшілік істегі құжаттарға да М[...] атынан өзі қол қойғанын, содан кейін 2014 жылғы мамырда әкімшілік сотқа қатысқанын көрсеткен.
Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптама институтының 2016 жылғы 28 сәуірдегі сот-жазба сараптамасымен 2014 жылғы 30 ақпандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада қолдан жазылған «М[...] .... Қоя карсылығым жоқ» деген мәтінді К[...] жазғаны анықталған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметтеріне сәйкес Н[...] Казақстан Республикасының шекарасынан 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2016 жылғы 1 наурызға дейін өтпеген.
Қолданыстағы ӘҚБтК-нің 819-бабына сәйкес судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, осы тұлғаның оны жасауға кінәлілігін-кінәсіздігін, оның әкімшілік жауаптылыққа жататынынжатпайтынын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мәнжайлардың бар-жоғын, мүліктік залал келтірілгенін-келтірілмегенін анықтауға, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа да мәнжайларды анықтауға міндетті.
Алайда, бірінші сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген заң талаптарын толық сақтамаған, атап айтқанда әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын анықтау үшін шаралар қолданылмаған, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы барлық мән-жайлар жан-жақты анықталып зерделенбеген.
Жоғарыда аталғандарды назарға ала отырып, мамандандырылған сот алқасы М[...] әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі қаулы алдын-ала қабылданған деп санайды.
ӘҚБтК-тің 840 – бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес әкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы және процестік нормалардың елеулі түрде бұзылуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады. Сондықтан, Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 19 мамырдағы М[...] қатысты кабылданған қаулысы заңсыз болғандықтан, оның күші жойылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Казақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 2) және 3) тармақшаларын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы
қ а у л ы е т т і :
Н[...] қатысты Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 19 мамырдағы қаулысының күші жойылсын. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар
М. Балкен
Ж. Ермағамбетова Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.