№6003-25-00-2к/4898(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, прокурор Л.Е.Жолманованың, талап қоюшылар Р.Далдекеевтің, М.Омаровтың, олардың өкілі Ж.Асильбековтың,
жауапкердің өкілі А.Бахтиярованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Далдекеев Рахат Бимаханович пен Омаров Марат Султанханұлының жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықтардың күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Р.Б.Далдекеев пен М.С.Омаров сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту кезінде талап қоюшылардың іс әрекеттері әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамда резонанс туғызғанын, сондай-ақ, аталған әрекеттер құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық болып табылатынын негіздеп, талап қоюшыларды құқық қорғау органынан шығару заңды екенін көрсеткен.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі ішінара өзгертілген.
Апелляциялық сот жұмыс берушінің талап қоюшыларды құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығаруы негізді деген қорытындыға келген. Алайда талап қоюшыларды «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін жұмыстан шығару дәлелденбеген деп танып, даулы бұйрықтардың осы бөлігін күшін жойған. Қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшылардың өкілі соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, талап қоюшылардың әрекеттерінде құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық құрамының жоқ екенін, сондай-ақ тәртіптік жаза еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде
қолданылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, сот актілерін күшінде қалдыру жөніндегі қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін талқылай отырып, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сай материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, мұндай мән-жайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 144-бабына сәйкес әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі осы Кодекспен қатар олардың қызметінің ерекшеліктерін белгілейтін арнайы заңдармен реттеледі. Мұндай арнайы заңдарға «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан – әрі Заң) жатады.
Аталған Заңның 57-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолдануға негіз болып табылады.
Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны қызметкерді жұмыстан шығаруға негіз болатыны көзделген.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 нормативтік 24-тармағында жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасағаны анықталған жағдайда тәртіптік жаза түрін таңдау жұмыс берушінің құзыретіне жататыны көрсетілген.
Іс құжаттарымен анықталғандай, Р.Б.Далдекеев пен М.С.Омаров Түркістан облысы полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы болып қызмет атқарған.
Департамент басшысының 2025 жылғы 31 наурыздағы №232-ж/қ «Жазалау туралы» бұйрығымен М.С.Омаров құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны және шешімдерді қабылдау кезінде жеке тұлғаларға сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін Заңның 80-бабының 1- тармағының 13) тармақшасы және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы 1-тармағы 4) тармақшасы негізінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.
Дәл осындай негіздермен Р.Далдекеев Департамент басшысының 2025 жылғы 07 сәуірдегі №251-ж/қ бұйрығымен Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.
Бұйрықтарға қызметтік тексеру қорытындысы мен тәртіптік комиссияның 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімі негіз болған.
Анықталғандай, талап қоюшыларға қатысты қызметтік тексерудің жүргізілуіне 2025 жылғы 27 наурызда «Тіktok» әлеуметтік желісінде «saniapomozhet» аккаунтында шетел азаматы өзінің ұялы телефонымен республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тас жолының 170-196 шақырым аралығында полиция қызметкерлерінің өздерін заңсыз тоқтатып, олардың «техосмотр жоқ, 200 мың теңге берсеңдер шекараға дейін ешкім тиіспейді сендерге» деп айтқаны, камераны көрсетпегенін айтып көрсеткені негіз болған.
Қызметтік тексерумен 2025 жылғы 27 наурызда «Шымкент-Самара» тас жолының 170-196 шақырымы аралығына қызметке кестеге сай М.Омаров пен Р.Далдекеев маркасы «Xundai Sonata», мемлекеттік белгісі 1654/13 автокөлігімен қызметке түсіп, қызметтерін атқару барысында аталған тас жолдың Қызылорда қаласы бағытына қарай 195 шақырымында Қырғызстан Республикасында тіркелген автокөлікті негізсіз тоқтатқаны, тоқтатқан және жүргізушілермен сөйлескен кезде, яғни қызметтік міндетті орындау сәтінде смарт-жетонды пайдаланбағаны, осылайша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 21 желтоқсан 2014 жылғы №971-бұйрығының 3-тарау 22-бөлігінің бейнетіркегішті қосуды қызметтік міндетті орындау сәтінен бастап ол аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізу туралы талаптарын орындамай, өздерінің заңсыз әрекеттерінің көрінбей, бекітілмей қалуына және бүркемеленуіне жол берген.
Талап қоюшылар өздерінің 2025 жылғы 27 наурызда «Шымкент-Самара» тас жолының 170-196 шақырымы аралығында қызмет міндеттерін атқарғанын, автокөлікті тоқтатқанын, қызметін жүзеге асыру кезінде смарт-жетонды қоспағанын жоққа шығармаған.
Талап қоюшылардың бұл әрекеттері әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамда кең талқыланып, полиция қызметінің беделіне теріс әсер еткен.
Сонымен қатар, смарт-жетондарды зерделеумен талап қоюшылардың 2025 жылдың 20 наурызы мен 28 наурызы аралығында қызметтерін атқару кезінде бекітілген смарт-жетондарды үнемі қызметтік немесе жекеменшік автокөліктерінің ішінде бір бағытқа қаратып қоятыны, түсіру аймағын қолдан басқа бағытқа қаратып, бекетке түскен кезде бір орынға қойып қалдырып кететіні, әкімшілік хаттама рәсімдеу барысында да қоспайтыны анықталған.
Осы мән-жайларды ескере отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюшылардың әрекеттері құқық қорғау қызметінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық болып табылатыны туралы дұрыс тұжырым жасаған.
Іс құжаттарынан талап қоюшыларға қатысты қызметтік тексеру жүргізілгені, тәртіптік комиссияның шешімі қабылданғаны және тәртіптік жаза қолдану рәсімінің сақталғаны көрінеді.
Кассациялық шағымда көрсетілген қылмыстық істің тоқтатылуы туралы уәждер тәртіптік жауапкершілік мәселесін шешуге кедергі келтірмейді, себебі тәртіптік жауапкершілік қылмыстық жауаптылықтан өз алдына тәуелсіз болып табылады.
Талап қоюшылардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде жұмыстан босатылғаны туралы уәждері апелляциялық сотта бағаланған және істің құжаттарымен расталмаған.
Осылайша, соттар істің мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Сол себепті, сот актілерін күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.