6001-22-00-6ап/1379
ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ
2022 жылғы 20 желтоқсан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Г.К.Нұрбаев болып, талап қоюшының өкілі А[...], жауапкер К[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері Б[...], І[...], М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Н[...] жауапкер жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – сот орындаушысы) К[...] атқарушылық іс қозғау, мүлікке тыйым салу, мүлікке бағалау жүргізу, аукционға шығару қаулыларын заңсыз деп танып күшін жою, бағалау есебін жарамсыз деп тану, электрондық аукцион қорытынды хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, сатып алусату шартын жарамсыз деп тану, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға өкілі І[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, сот орындаушысы К[...] атқарушылық іс қозғауға негіз болған соттың шешімінде даулы мүліктен ақы өндіру туралы көрсетілмегенін, атқару парағының түпнұсқасы заң талабына сай рәсімделмегенін және іс бойынша қабылданған қосымша шешімде судьяның қолы қойылмағанын негіздеп, сот орындаушысының әрекеттерін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, 2017 жылғы 20 маусымдағы №423/17-43-944 атқарушылық іс жүргізуді қозғау, 2017 жылғы 23 тамыздағы Қызылорда қаласы, Сәулет шағын ауданы, 38 квартал, [...] учаскеде орналасқан жылжымайтын мүлікке тыйым салу, 2017 жылғы 25 тамыздағы жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған;
2017 жылғы 5 қыркүйектегі №БМ623-09/17 бағалау есебі жарамсыз деп танылған; 2018 жылғы 21 ақпандағы жылжымайтын мүлікті аукционға шығару туралы қаулысы, 2018 жылғы 13 наурыздағы электрондық аукционның қорытынды хаттамасы жарамсыз деп танылып, күші жойылған;
2018 жылғы 16 наурыздағы «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамы мен жеке сот орындаушы К[...] арасындағы шарт жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 мамырдағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Істі негізінен қарау барысында сот орындаушысы К[...] міндеттерін тиісті түрде орындамай, заң талаптарына сәйкес келмейтін атқару парақтарының негізінде атқарушылық өндірістерді қозғап, олар бойынша атқарушылық өндірісті заңсыз жүргізгені анықталған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) 236-бабының 4-бөлігінде атқару құжатында шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз) көрсетiлуге тиіс.
АІЖК-нің 236-бабының 5-бөлігінде сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса берілетіндігі көрсетілген.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылар мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 38-бабы 1-тармағының 4), 6) және 8) тармақшаларына сәйкес атқарушылық құжат атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе, сот актісі заңды күшіне енбесе, сондай-ақ атқарушылық құжатқа заңды күшіне енгені туралы белгісі бар, судьяның қолымен және соттың мөрімен куәландырылған сот актісінің көшірмесі қоса берілмесе сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарып, құжатты өндіріп алушыға қайтаруы тиіс.
Осы нормаларға сәйкес сот орындаушысы атқару құжатын өз өндірісіне қабылдау барысында оның заң талаптарына, оның ішінде сот актісіне сәйкестігін тексеруі және ондай кемшіліктер орын алған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаруға тиіс.
Жергілікті соттар Банктің талап қоюымен қозғалған азаматтық істе жоғарыда көрсетілген қосымша шешімнің түпнұсқасы тіркелмегені және ол туралы мәлімет тізімдемеде көрсетілмегені, атқарушылық өндіріс материалдарына тіркелген сырттай сот шешімінің көшірмесі азаматтық іске тіркелген шешімге сәйкес келмейтінін анықтаған. Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Алайда, сот орындаушысы өз міндеттерін тиісті түрде орындамай, заң талаптарына сәйкес келмейтін атқару парақтарының негізінде атқарушылық өндірістерді негізсіз қозғап, олар бойынша атқарушылық өндірісті заңсыз жүргізген.
Атқарушылық істердің құжаттарын, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуге негіз болған азаматтық іс құжаттарын (оның ішінде тараптарға жолданған құжаттарды) зерделеп, даулы мүліктен ақы өндіру туралы сот шешімі қабылданбағаны анықталған.
Сот орындаушысы қолданыстағы заңнама талаптарын бұзып, даулы мүліктен ақы өндіріп алу туралы шешім қабылданбаса да, сондай-ақ атқару парағы талапқа сәйкес келмесе де атқарушылық іс жүргізуді қозғап, мүлікті заңсыз сауда-саттыққа шығарып, нәтижесінде Н[...] Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында бекітілген, заңдармен кепілдік берілген меншік құқығын бұзып, мүлкінен заңсыз айырған.
ӘРПК-нің 84-бабының үшінші бөлігінде заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданатындығы көрсетілген.
Сот орындаушысының әрекетінен талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғандықтан, атқарушылық өндіріс бойынша жүргізілген, яғни бағалау есебі, жылжымайтын мүлікті аукционға шығару, электрондық аукционның қорытынды хаттамасы, Банк пен сот орындаушысы арасындағы шарттарыда жарамсыз деп танылған.
ӘРПК-нің 129-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілгендей дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді және де аталған баптың 3-бөлігіне сай жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
Алайда, сот орындаушысы дауланып отырған қаулылардың заң талаптарына сай қабылданғанын дәлелдей алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Банк пен Н[...] арасындағы несие шарты 2027 жылдың қаңтар айында аяқталады.
Несие сомасы – 11 063 540 тенге. Несие кестесіне қарағанда Н[...] ай сайынғы төлем сомасының негізгі бөлігі банктің сыйақысына және ай сайын комиссия ретінде ұсталған. Несие шартының талаптары бойынша ай сайынғы төлемнен ең алдымен - банк шығындары, екінші кезекте - комиссия, үшінші кезекте – өсімпұл, төртінші кезекте - сыйақы, бесінші кезекте - негізгі қарыз жабылатыны қарастырылған, яғни берешек мөлшері Н[...] төлемді кешіктірген мерзімінің аса ұзақ болмағаны байқалады.
2011 жылғы 23 тамызда, яғни мүліктен өндіру туралы шешім қабылданған уақыттан кейін, Банк пен Н[...] арасындағы несие шартына қосымша келісім жасалып, осыған орай қарыз алушы үш ай бойы ай сайын 155 128,75 тиын Банктегі шотын қамтамасыз етуге кепілдік берген, яғни тараптар арасындағы шарттың күші сот шешімінен кейін де тоқтамағанын, яғни шарттық міндеттемелердің жалғасқаны анықталған.
Сонымен қатар, сот орындаушысы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы саудасаттықта өткізу қағидаларының 38-2 және 39-тармақтарының талаптарының бұзылуына жол бергені анықталған.
Атап айтқанда, аукцион хаттамасында аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетілмеген, аукционның сағат нешеде басталғаны, сатылым бағасын қатысушылар неше қадамнан кейін бергені мүлдем көрсетілмеген.
Хаттамаға қарағанда аукционға тек Банк қатысқаны және оның жеңімпаз болып танылғаны көрсетілген.
Нәтижесінде сот орындаушысы К[...] қолданыстағы заңнама талаптарын бұзып, даулы мүліктен ақы өндіріп алу туралы шешім қабылданбаса да, сондай-ақ атқару парағы талапқа сәйкес келмесе де атқарушылық іс жүргізуді қозғап, мүлікті заңсыз сауда-саттыққа шығарған.
Сот алқасы осы заңдылықтардың бұзылу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдап, келешекте болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының назарына жеткізу қажет деп санайды.
АПК-нің 270-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Талап қоюшы Н[...] жауапкер жеке сот орындаушысы К[...] әрекеттерін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының назарына жеткізілсін.
Осы жеке ұйғарымды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына хабарлансын.
Жеке ұйғарым жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Төрағалық етуші Судьялар
Г. Дуйсенбаев
Н. Қайыпжан
Н. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.