№6003-26-00-2к/1193(2)іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Д.Д.Махметова болып, талап қоюшы Ж[...], талап коюшы өкілі Қ[...]
жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Ж[...] жауапкер Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Зайсан ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 18 наурыздағы №23 еңбек шартын бұзып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған мерзімге жалақы мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,
Ж[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Зайсан ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Басқарма) 2025 жылғы 18 наурыздағы №23 еңбек шартын бұзып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жоюды, өзін «Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің Кеңсай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын және 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Зайсан аудандық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Басқарманың 2025 жылғы 18 наурыздағы №23 бұйрығы заңсыз деп танылып, Ж[...] бұрынғы жұмысына қайта алынып, оның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған мерзімге міндетті ұсталынымдарды ескермегенде 2 550 150 теңге жалақысы және 200 000 теңге моральдық зиян өндірілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған, сот шығындары бөлінген.
Оған бірінші сатыдағы соттың Ж[...] тарапынан оқушыларға күш қолдану фактісі дәлелденбегені, сотқа дейінгі тергеп тексеру ісі қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылғаны, балалардың денесінде дене жарақаттардың анықталмағаны, бір жағдай бойынша екі рет тәртіптік жаза қолданылғаны туралы тұжырымға келуі
негіз болған. Моральдық зиянның мөлшерін айқындауда ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттары ескерілген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Апелляциялық сатыдағы соты бірінші сатыдағы сот анықтаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбегені, шешімде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні және сотқа талап қоюмен жүгіну мерзіміне құқықтық баға берілмегені жөнінде тұжырымға келген.
Кассациялық шағымда, апелляциялық саты сотымен істің біржақты қаралуына, іс бойынша моральға қайшы қылықтар жасалғаны дәлелденбеуіне, еңбек заңнамасының талаптарының бұзылуына жол беріліп, бір факті бойынша екі рет тәртіптік жаза қолданылуына және талап қою мерзімі өтіп кетпегендіктен бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының 26-тармағы бойынша, моральға қайшы қылық деп жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық нормаларына қайшы келетін, тәрбиелеу функцияларын жүзеге асыру кезінде ғана емес, тұрмыста да жасалған теріс қылықты (былапыт сөйлеу, оқушылар мен оқитындарға күш қолдану, адамның қадір-қасиетін қорлайтын алкогольдік масаң күйде келу және т.б.) түсіну керек.
Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мектеп оқушыларының атааналары Қ[...], З[...], У[...] және Ш[...] Зайсан ауданы әкімі мен аудандық мәслихат төрағасына Ж[...] 2024 жылдың 17 желтоқсанында балаларына күш қолдануына байланысты шара көруді сұрап арызданған.
Ж[...] арызға байланысты жүргізілген қызметтік тексеруде 2024 жылғы 20 желтоқсанда берген түсінігінде, «сол жерде ашуға бой алдырып самайларынан түртіп жібергенім рас» деп көрсеткен.
Осы факті бойынша Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігімен қозғалған сотқа дейінгі тергептексеру 2025 жылғы 18 наурызда қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде кәмелетке толмағандар Ш[...], С[...] және А[...] өкілдерінің қатысуымен берген жауаптарында, Ж[...] бет тұстарынан орташа күшпен алақанымен ұрып жібергенін көрсеткен. Бұл жауаптарын Ж[...] беттестіруде қолдаған.
Аталған кәмелетке толмағандардың жауаптарының шынайылығын жоққа шығаратын іске қатысты, жол беруге болатын дәлелдер болмағандықтан, оларға күмән келтіруге негіз болмаған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 200бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.
Сондықтан бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қорытындысымен 2025 жылдың 22 ақпанында «Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Ж[...] басшылық лауазымда болу мәселесін қарау ұсынылған.
Осы мән-жайларға байланысты даулы жұмыс берушінің бұйрығымен Ж[...] жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасағаны үшін деген негізбен еңбек шарты бұзылған.
Жоғарыда аталған Нормативтік қаулының 24-тармағында, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керектігі көрсетілген.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңынының 45-бабының талабы бойынша білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен: білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны; өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны; нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауаптылықта болады.
Сондықтан жұмыс берушімен жасалған тәртіптік теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалу мән-жайлары, әкелуі мүмкiн келеңсiз зардаптары есепке алына отырып, өз құзыреті шегінде тәртіптік жазаның түрі таңдалған.
Бұл тұрғыда, жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығы дәлелденгендіктен және олар онымен жоққа шығарылмағандықтан, апелляциялық сатыдағы сотпен жұмыс берушінің даулы бұйрығын заңсыз деп танудан негізді бас тартылған. Талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 65, 66-баптарының талаптары сақталған, талап қоюшыдан түсінік алынған, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай ішінде, ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылған.
Дауды шешуде сотқа дейінге тергеп - тексерудің тоқтатылуының, оқушылардың денесінен дене жарақаттарының анықталмауының маңыздылығы болмаған.
С[...] талап қоюшымен еңбек шартын бұзуға оқушыларға тікелей дене жарақатын келтіргені емес оларға күш қолдануы негіз болған. Оның бұл әрекеті жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылық ретінде бағаланған.
Негізгі талап қою қанағаттандырусыз қалдырылғандықтан, жауапкерден одан туындаған моральдық зиянның өтемақысын өндіруге құқықтық негіз болмаған.
Жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдануда Еңбек кодексінің 65бабының 3-тармағының талабы бұзылмаған. Ж[...] 2025 жылғы 24 қаңтардағы бұйрығымен «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы басқа әрекеті үшін, тәрбие бағытындағы жұмыстарды және мектепішілік бақылауды төмендетуге байланысты қолданылған.
Апелляциялық сатыдағы соттың іс бойынша талап қою мерзімінің өтіп кеткені туралы тұжырымы қате болып табылады. С[...] Ж[...] бастапқыда талап қоюымен сотқа 2025 жылғы 4 сәуірде жүгінгін. Бұл талап қоюы 30 сәуірде қараусыз қалдырылғаннын кейін, талап қоюмен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгініп, ол бойынша түпкілікті шешім 3 қыркүйекте қабылданған. Осы талап қоюмен 10 қыркүйекте жүгінген.
Сондықтан Еңбек кодексінің 160-бабының және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 183, 184-баптарының талаптарына сәйкес талап қою мерзімі өтіп кетпеген.
Осыған орай кассациялық сатыдағы сот шағымның бұл уәждерін негізді деп табады, бірақ соттың бұл қате тұжырымы іс бойынша шығарылған сот актісінің мәніне әсер етпейді. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
Бұл орайда соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға негізделген тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі, өздігінен сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.
Осыған орай, сот актісін күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Д.Махметова
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.