Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4684 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 сәуір №6003-25-00-2к/4684 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.А.Даненова, судьялар Ш.М.Нусупова, А.Б.Тоқсанбаев, талап қоюшының өкілі Н.Н. Ибадуллаев, жауапкердің өкілі Н.Ж. Басқынбектің қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Нуржан Жаксылыкович Азимбаевтың Гульнара Аубакировна Альшуразоваға бастапқы қалпына келтіріп, ақшаны өндіру туралы талап қоюымен қабылданған

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы жауапкерге 15 400 000 теңге ақшаны өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгініп, оны заңды күшіне енген сот шешімімен пәтерді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанымен, сондықтан тараптар бастапқы қалыпқа келуге жататынымен негіздеген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот шешімдерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшы өкілінің шағымды қанағаттандыру туралы уәждерін, жауапкердің өкілінің шағымға қарсылықтарын тыңдап, шағым уәждерін тексеріп, төмендегі негіздерге байланысты қаулы күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2020 жылғы 5 қазанда тараптардың арасында нотариус куәлендірген Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Абдуразақов көшесі, №1 үй мекенжайында орналасқан №7 пәтерді сату-сатып алу шарты жасалған.

Заңды күшіне енген Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі шешімімен 2020 жылдың 5 қазанында Г.А. Альшуразова мен Н.Ж.Азимбаев арасында жасалған пәтерді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Бірінші сатылы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда заңды күшіне енген сот актілері бойынша даулы пәтерге қатысты сатып алу-сату шарты тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны, яғни жалған деп танылғаны туралы тұжырымға келген.

Соттың бұл тұжырымы істің нақты мән-жайларына және тараптар арасында қолданылатын материалдық құқық нормаларының талаптарына сай келеді, себебі пәтерді сатып алу-сату шарты тараптардың шынайы ерік білдіруіне сәйкес келмегені, бұл шарт талап қоюшыдан қарыз ақша алған Е.Б. Койлыбаевтың кепілдік міндеттемесі ретінде ғана жасалғаны, яғни мәміле құқықтық салдар туындату ниетінсіз, тек көрініс үшін жасалғаны заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған.

АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Сондықтан бірінші сатылы сот жауапкердің пәтердің ақшасын алғаны туралы қолхаты назарға алынуға жатпайтыны туралы дұрыс тұжырымға келген. Осы себептермен талап қоюшы тарап сот алқасына ұсынған нотариустың кеңсесінде мәміле жасалған кезде талап қоюшының ақшаны жауапкер Г.А.Альшуразованың алдындағы үстелдің үстіне қойғаны жазылған бейнежазба сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сонымен қатар, талап қоюшының өкілі аталған бейнежазбада үстелдің екінші жанында үшінші тұлға Е.Б. Койлыбаевтың отырғанын да айтып көрсеткен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1571-бабының 2-тармағына сай, жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер АК-те, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді. Е.Б. Койлыбаевтан қарыз ақша алу шарты бойынша қарызды өндіруді талап ету құқығын талап қоюшының жүзеге асыру мүмкіндігі бар екендігі соттар тарапынан негізді түсіндірілген.

Іс бойынша барлық мән-жайлар жергілікті соттар тарапынан дұрыс анықталып, іс қаралу барысында ұсынылған дәлелдерге сәйкес келеді және

оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы, шағымда көрсетілген уәждер расталмады. Кассациялық сот шағымды АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес шағым шегінде қарады. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы осы іс бойынша күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

А.А.Даненова

Судьялар Ш.М.Нусупова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.