Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4802 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4802 (2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Н.М.Шүйішмағанбетовтың, жауапкерлер Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі А.С.Бультекованың, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өкілі С.Д.Шегемовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шарушылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер «Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі -ММ), «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамына (бұдан әрі -АҚ) шарттарды жарамсыз деп тану, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап қою жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «ҚазТрансОйл» АҚ арасында жасалған 31 қаңтар 2020 жылғы № 22, 17 наурыз 2020 жылғы № 82 және 17 наурыз 2020 жылғы № 83 жер учаскелерін жалға беруге құқық беретін келісім-шарттар жарамсыз деп танылған.

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, босалқы жер қоры, кадастрлық №13-197-017-832 (0,0130 га), Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, босалқы жер қоры, кадастрлық №13-197-017-838 (0,001 га), Қарақия ауданы, босалқы жер қоры, кадастрлық №13-197-017-839 (0,0093 га) жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған.

Сот шығындары туралы мәселел шешілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Апелляциялық өтінішхат және шағым қанағаттандырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот істің мәнжайын дұрыс айқындамағанын, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актісі заңды деген қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда Қарақия ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 13 қаңтардағы №5 қаулысымен «ҚазТрансОйл» АҚ-на «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырының 45 шақырымы учаскесінде антенна құрылыс нысанын салу, орналастыру және пайдалану үшін» Қарақия ауданының босалқы жерінен көлемі 0,0130 га жер учаскесі 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған.

Осы қаулы негізінде жалға беруші «Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ мен жалға алушы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қоғамының арасында 2020 жылғы 31 қаңтарда №22 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарт жасалып, жер учаскесіне кадастрлық №13-197-017-832 сәйкестендіру құжаты берілген.

Қарақия ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 10 наурыздағы №56 қаулысымен «ҚазТрансОйл» АҚ-на нысаналы мақсаты «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырының 43-шақырымынан желілік қондырғыны орналастыру және пайдалану үшін Қарақия ауданының босалқы жер қорынан көлемі 0,0093 гектар жер учаскесі 49 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған.

Осы қаулы негізінде жалға беруші «Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ және жалға алушы «ҚазТрансОйл» АҚ арасында 2020 жылы 17 наурызда №83 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарт жасалып, жер учаскесіне кадастрлық №13-197-017-839 сәйкестендіру құжаты берілген.

Қарақия ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 10 наурыздағы №58 қаулысымен «ҚазТрансОйл» АҚ-на «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырының 43 шақырымынан ПКУ орналастыру және пайдалану үшін Қарақия ауданының босалқы жер қорынан көлемі 0,001 га жер учаскесі 49 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған.

2020 жылғы 17 наурызда осы қаулы негізінде жалға беруші «Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ мен жалға алушы «ҚазТрансОйл» АҚның арасында №82 жер учаскесін жалдау келісім шарты жасалып, жер учаскесіне кадастрлық №13-197-017-838 сәйкестендіру құжаты берілген.

Қарақия ауданы әкімінің 2002 жылғы 20 қарашадағы №273 шешімі негізінде «Боржақты» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Мырзақұловқа «Боржақты» және «Шынжыр» жерінен шаруа қожалығын жүргізу үшін көлемі 1550,0 га жайылымдық жер 49 жылға уақытша жалға берілген.

Аталған шешім негізінде 2005 жылғы 25 сәуірде №419 жер учаскесін жалға беру туралы шарты жасалып, Қарақия ауданы әкімі «Боржақты» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Мырзақұловқа Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, «Шынжыр» жерінен №13-197-017-093, жалпы алаңы 1077,3 га жер шаруа қожалығын жүргізу үшін жалға берілген.

Қарақия ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 2 наурыздағы №73 қаулысымен Қарақия ауданына қарасты «Шынжыр» жерінен «Боржақты» шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген 1077,3 га жердің ішінен жайылымдық 12,6153 га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып алынған.

Осы қаулымен «Боржақты» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Мырзақұловқа қалған 1064,6847 га жер учаскесінің құжаттарын тиісті органдардан қайта рәсімдеу сұралған.

2005 жылғы 25 сәуірдегі №419 жер учаскесін жалға беру туралы шартқа №1 қосымша жасалып, осы қосымшаға сай жалға беруші «Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ мен жалға алушы С.Ж.Мырзақұловтың арасында Қарақия ауданы әкімінің 2015 жылғы 2 наурыздағы №73 қаулысы негізінде тараптармен 2005 жылғы 25 сәуірдегі №419 жер учаскесін уақытша өтеулі жалға беру туралы шартына өзгерістер енгізіліп, онда жалға берілген жер учаскесінің кадастрлық №13-197-017-515, жалпы алаңы 1064,68 га деп өзгертілген.

Қарақия ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 2 наурыздағы №71 қаулысымен Қарақия ауданына қарасты «Шынжыр» жерінен «Мирас» шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген барлығы 1598,1 га жердің ішінен 22,7032 га жайылымдық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып алынып, «Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі С.Ж.Мырзақұловқа қалған 1575,3968 га жер учаскесінің құжаттарын тиісті органдардан қайта рәсімдеу сұралған.

2006 жылғы 22 қарашадағы №1293 жер учаскесін сатып алу-сату шартына №1 қосымшада жалға берілген жер учаскесінің кадастрлық №13-197017-514, жалпы алаңы 1575,39 га деп өзгертілген.

Департамент сотқа берген талап қоюын жауапкер «ҚазТрансОйл» АҚна берілген кадастрлық №13-197-017-832, №13-197-017-838 және №13-197017-839 жер учаскелерінің Ж.Мырзақұловқа тиесілі Қарақия ауданы, «Шынжыр» жеріндегі кадастрлық №13-197-017-514 және №13-197-017-515 жер учаскелерімен қиылысатындығымен, «ҚазТрансойл» АҚ-ның Ж.Мырзақұловтан келісім алмағанымен, нәтижесінде заң талаптарының бұзылуына жол берілгенімен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының бұл уәждерімен толықтай келісіп, талап қоюды қанағаттандырған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 265-бабына сәйкес, меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259-264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар. «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабының 2-тармағына сәйкес магистральдық құбырлар Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, иеленуі және (немесе) пайдалануы және (немесе) билік етуі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етуі мүмкін стратегиялық объектілерге жатады.

«Өзен-Жетібай-Ақтау» магистральдық мұнай құбыры Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 маусымдағы №651 қаулысымен бекітілген жарғылық капиталға берілген және (немесе) ұлттық холдингтердің және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың үлестес тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың меншігіндегі стратегиялық объектілер тізбесіне кіреді.

Заңның 14-бабының 7-тармағына сәйкес, оператор (Қоғам) магистральдық құбырдың күзет аймақтарының шегінде магистральдық құбырды жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын жүргізуге құқылы.

Дауланып отырған кадастрлық номерлері №13-197-017-832, №13-197017-838, №13-197-017-839 жер учаскелері жауапкер «ҚазТрансОйл» АҚ-на Қарақия ауданы аумағында орналасқан магистральды мұнай құбырлары мен объектілерін орналастыру және пайдалану үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген.

Аталған жер учаскелеріне «Азаматтарға Арналған Үкімет» Мемлекеттік Корпарациясы» Коммерциялық емес Акционерлік Қоғамының Маңғыстау

облысы бойнша филиалы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік» бойынша Қарақия аудандық бөлімімен жерге орналастыру жобалары жасалған. Кадастрлық №13-197-017-832, №13-197-017-838, №13-197-017-839 жер учаскелеріне жерге орналастыру жобаларында бөтен жер пайдаланушы туралы мәлімет қамтылмаған, яғни қоғамға берілген жер учаскелері бос жер учаскелері ретінде көрсетілген.

Заңның 13-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның магистральдық құбыр объектілеріне кедергісіз кіруін қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары магистральдық құбырдың меншік иесінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес қауымдық сервитут белгілеуі мүмкін.

Магистральдық құбыр объектілерін күрделі жөндеу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау және ол арқылы өткелдер салу жөніндегі жұмыстарды орындау үшін магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскелері уақытша жер пайдалануға берілетіндігі көзделген.

Апелляциялық сот жоғарыда көрсетілген мән-жайлар мен заң талаптары және «Өзен-Жетібай-Ақтау» магистральдық мұнай құбыры стратегиялық объектілер тізбесіне енетінін ескеріп, Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ магистральдық құбырды жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу мақсатында даулы жер учаскелерін уақытша жер пайдалану туралы даулы келісім шарттары «ҚазТрансОйл» АҚ-мен заңды жасалған деген негізді тұжырымға келген.

Сонымен қатар, іс құжаттарымен талап қоюшы даулап отырған 2020 жылғы 17 наурыздағы №82, 83 және 2020 жылғы 31 қаңтардағы №22 келісім шарттар бойынша жер учаскелеріне нысандардың құрылыс жұмыстары 2014, 2021 жылдары жүргізілгені және сол кезден бастап ол жөнінде талап қоюшыға арыз келтірген «Боржақты», «Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Мырзақұловқа белгілі болғаны анықталған.

Талап қоюшымен бұл мән-жайларды теріске шығаратын тиісті дәлелдемелер сотқа табысталмаған.

Атап айтқанда, «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырын қайта құрылымдау жұмыстары 2014 жылы жүргізілген. Осы жұмыстарды атқару

үшін Қарақия ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 5 желтоқсандағы №259 және 2014 жылғы 17 ақпандағы №35-қ қаулыларымен «ҚазТрансОйл» АҚ-на жер телімдері уақытша табысталған.

Аталған жұмыстарды жүргізу барысында 3 нысан (2 желілік торап және 1 басқару бақылау пункті) салынып, салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы актісі негізінде «ҚазТрансОйл» АҚ-да «Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырларына қызмет көрсету нысандары ретінде қабылданған.

Осы жұмыстарды жүргізу үшін Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау Департаментіне құрылыс-монтаж жұмыстары өндірісінің 2014 жылдың 14 наурызынан басталғандығы туралы №19 хабарлама жолданып, оған 2014 жылдың 26 наурызында №68 талон алынған. Демек, дауланып отырылған 3 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілгені талапкерге 2014 жылдан бері белгілі болған.

«Өзен-Жетібай-Ақтау» мұнай құбырын қайта құрылымдау жұмыстары аяқталғаннан кейін, мұнай құбырының жер үсті нысандарын орналастыру үшін жер телімдері алынып, 2020 жылдары дауланып отырған шарттар жасалған.

Көрсетілген мән-жайлар заңды күшіне енген 2025 жылғы 12 ақпанындағы Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының талап қоюшы «Боржақты», «Мирас» шаруа қожалығының жауапкерлер «Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамына келтірген келісім шарттарды жарамсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша шығарылған сот шешімімен анықталған.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай, әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

АПК-нің 72-бабына сай, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.

Апелляциялық сот қарастырылып отырған жағдайда, бірінші сатыдағы сотқа талап қоюшымен тиісті дәлелдемелер табысталмағанын, атап айтқанда

даулы жер учаскелерінің кадастрлық №13-197-017-514 және №13-197-017-515 жер учаскелерімен қалай қиылысатыны, қиылысатын жер учаскелерінің нақты көлемі анықталмағанын және субъектіге барумен анықталмағанын дұрыс назарға алған.

Сондай-ақ апелляциялық сот Ж.Мырзақұловқа жер учаскелері берілген кезде, ол жерлерде атқарушы органдардың 1979 жылғы 13 маусымдағы № 180 және 1986 жылғы 2 маусымдағы шешімдерінің негізінде салынған магистральдық құбырлары жатқанын анықтаған.

Істі қарау барысында талап қоюшымен магистральдық құбырларының даулы жер учаскелері Ж.Мырзақұловқа берілгеннен кейін салынғаны туралы тиісті дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған.

Заңның 12-бабының талаптарына сай, магистральдық құбыр бөлінбейтін мүліктік кешен болып табылады және мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.

Сонымен қатар, апелляциялық сот магистральдық құбыр, сондай-ақ меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардағы акциялар пакеттері (қатысу үлестері), меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама түрде айқындауға немесе олардың қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлғалардың акциялар пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілерге жатады, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етуі мүмкін екенін ескерген.

Магистральдық құбырдың жеке тұлғалардың, сондай-ақ шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың меншігінде болуына тыйым салынады.

Сондықтан апелляциялық сот келтірілген заңның талабы бойынша дауланып отырған жерлердегі магистральдық құбырлар Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілер болып табылатын дұрыс назарға алған.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім негізді заңсыз деп танып, оның күшін жойып, талап қоюды дұрыс қанағаттандырусыз қалдырған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар апелляциялық соттың қарау нысаны болған және дауланған сот актісінде

оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.