6кп-27-18
Қ А У Л Ы
2018 жылғы 17 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Жолдасбеков,
судьялар Ж.Ермағамбетова, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілі И[...] пен Қапшағай қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Н[...], әкімшілік тәртіпке тартылған жеке тұлға М[...] пен Алматы облысының Талғар ауданы адвокаттар алқасының 2018 жылғы 15 мамырдағы № 2396 ордері негізінде әрекет ететін оның қорғаушысы Б[...] қатысуымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2017 жылғы 9 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
М[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 406-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қапшағай қалалық аумақтық инспекциясы бас маманы Н[...] 2017 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен М[...] Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-тің 406-бабы 1-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 45 380 теңге айыппұл салынған. Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2017 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен құқық бұзушылықтың белгілері болмауына байланысты аталған лауазымды тұлға актісінің күші жойылып, іс жүргізу қысқартылған.
Бұған қоса, Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2017 жылғы 9 тамыздағы жеке қаулысында іс жүргізу кезіндегі лауазымды тұлға тарапынан орын алған заң бұзушылықтар бойынша шаралар қолдану туралы көрсетілген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Ұсынудың дәлелдерін қолдаған Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері И[...] пен Н[...], М[...] және оның қорғаушысының қарсылықтарын, Қапшағай қалалық соты қаулысының күшін жою арқылы және істі қайта қарауға жолдау ұсынуда қанағаттандырылуы тиіс деп пайымдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, алқа келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.
Осы іс бойынша мынадай негіздер бар.
Қабылданған сот қаулысы құқық нормаларының түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) өтінішхатының дәлелдеріне төмендегі себептерге байланысты назар аударуға болады.
2017 жылғы 4 шілдеде М[...] Алматы - Өскемен тас жолында 17 бас ірі қара малдарын жүк автокөлігімен ілеспе құжатсыз тасымалдағаны үшін ұсталып, Алматы облысы Қапшағай қалалық ішкі істер бөліміне жеткізілген.
Жол полициясының қызметкері көлік құралын тоқтатқан, сондайақ құжаттарды тексеру кезінде М[...] ірі қара мал тасымалданатын ветеринариялық құжат жоқ екенін анықтаған. Осыған байланысты ветеринарлық қызметкер М[...] құжаттарына тексеру жүргізу үшін көлікпен жеткізілген.
Тексеру қорытындысы бойынша Қапшағай қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Н[...] М[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасын толтырып, оның нәтижесі бойынша қаулы шығарған. Осы хаттамада М[...] құқық бұзушылықпен келісетіні туралы көрсеткен.
Сот өз кезегінде лауазымды тұлғаның толтырған актісінің күшін жойып:
- ӘҚБтК-нің 785-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылмаған (көлік құралын тексеріп қарау, ұстауды, жетек және т. б.); - ӘҚБтК-нің 744-бабы бойынша құқықтары түсіндірілмеген деп көрсеткен.
Сот өз қаулысында лауазымды тұлға көлік құралын тексермеуі салдарынан екі сағат бойы күн астында қызып тұрған ірі қара малдың қырылуына жол берді деп басшылыққа алған.
Сондай-ақ лауазымды тұлға компьютерлік техниканың ақауына байланысты жолға шығар алдында ілеспе ветеринариялық құжатты қолына алмағаны туралы М[...] дәлелдерін ескермегенін көрсеткен. Сот, 2017 жылғы 4 шілдеде сатушымен сатылған 65 бас ірі қара малға ветеринариялық анықтаманың берілгендін көрсеткен. Бұл мәліметтер 2017 жылғы 9 тамыздағы ветеринариялық дәрігердің хатымен расталған, ал осы дәлелді М[...] ұсынуға мүмкіндік берілмеген.
Алайда, қолданыстағы заңнаманың нормаларын негізге ала отырып, бірінші сатыдағы соттың қорытындылары қате деп пайымдауға болады.
Жоғарыда көрсетілгендей, М[...] Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру кезінде талаптарды және ветеринариялық нормативтерді, ветеринариялық қағидаларды сақтамауы түрінде жасалған ветеринария саласындағы заңнамасын бұзды деп айып тағылған (ӘҚБТК-нің 406-бабы 1-бөлігі 2-тармақшасы).
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырда бекітілген № 7-1/496 бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларымен (бұдан әрі - №7-1/496 Қағидалар) республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің тасымалдау тәртібі анықталады. № 7-1/496 Қағидалардың 3-тармағында тасымалдауға жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер Заңның 8-бабының 46-4) тармақшасына сәйкес бекітілген Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға сәйкес берілген ветеринариялық құжаттармен қоса жүреді деп қарастырылған.
№ 7-1/496 Қағидалардың 6-тармағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді импортпен және экспортпен байланыспайтын тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде, оларды бақылауды тиеу, түсіру, сондай-ақ тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлері (бұдан әрі - дәрігер) жүзеге асырады деп бекітілген.
№ 7-1/496 Қағидалардың 7-тармағына сәйкес, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тиеу (түсіру) кезінде инспектор, дәрігер:
тасымалдауға жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге Заңның 8-бабының 46-4) тармақшасына сәйкес бекітілген Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға сәйкес берілген ветеринариялық құжаттардың болуына (ветеринариялық құжаттарды толтырудың дұрыстығы (толықтығы), қолдары және мөрлері бедерінің болуы);
көлік құралдарының жай-күйіне және температуралық режимнің (көлік құралдары мен өнімнің) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес сақталуына; 3) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдарына жүргізілген дезинфекциялау туралы куәландыратын құжаттардың болуына; 4) ветеринариялық құжаттарда көрсетілген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің атауының, оның салмағының (көлемінің), жалпы санының, таңбалаудың сәйкестігіне;
орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектіні тасымалдау режимі мен шарттарына қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
Инспектор, дәрігер тірі жануарлардың орнын ауыстыру кезінде жануарларды ветеринариялық қарап-тексеруді, жануарды іріктеп термометрия жүргізуді, оның тамыр соғысын өлшеуді және тынысын тексеруді жүзеге асырады.
Инспектор, дәрігер жануарлардың саулығын, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) мүмкіндігін анықтайды.
Жануарларды тиеу орындарына (теміржол станциясы, порт, кемежай) тиеу басталғанға дейін кемінде 3 сағат бұрын жеткізіледі және оларды тиісті аумақтың инспекторы, дәрігері тексеруі тиіс.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығымен бекітілген Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы қағидалардың 11-тармағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға сәйкестігі анықталған кезде мемлекеттiк ветеринариялықсанитариялық инспектор қолымен және мөрімен расталған ветеринариялық сертификат беріледі деп қарастырылған. Өтініш түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде экспортқа арналған ветеринариялық сертификат беріледі.
Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің ветеринариялық құжаттары болу талабы көзделген. Аталған талапты М[...] сақтамаған.
ӘҚБтК-нің 819-бабы 1-бөлігіне сай (оқиға болған және сотта істі қарау кезіндегі 2017 жылғы 3 шілдедегі редакциясында) судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
Іс бойынша елеулі біржақтылыққа және іс жүргізудің толық еместігіне, міндетті түрде зерттелуге тиіс дәлелдемелердің зерттелмегендігіне жол берілген.
Сот өлген мал шын мәнінде «ДР[...]» ЖШС-дан сатып алынды ма. Ол тиісті түрде нөмірленді ме (сәйкестендіру белгілері қойылған ба). Кім кімнен, қашан және қандай ақтайтын құжаттардың негізінде сатып алынған. Аталған ЖШС-ның өз ветеринариялық зертханасы (станциясы) және мал дәрігерлері бар ма. Егер болса, неге іске қосып тіркелген ветеринариялық дәрігердің анықтамасы басқа зертханадан (станциядан) берілгені, бұл анықтама тиісті деректер қорында тіркелді ме. Егер тіркелмесе, неге байланысты, неге іске тиісті үшеудін орнына бір ғана анықтама берілген болған. Бұдан әрі, сот 2017 жылғы 4 шілдеге арналған метеорологиялық деректерді талап етуі қажет еді, малды күндізгі уақытта апаруға қажеттілік болды ма. Егер жоғары температура болса, жылы будканың сыйымдылығы және сонша малды тасу мүмкіндігіне сәйкес келді ме. Мал сатып алу орнынан тағайындалған орынға дейінгі қашықтықта су және жемшөппен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді ме. Мал шын мәнінде Алматы облысы, [...] тиіс жеткізілуі қажет пе және т.б. мән-жайлар бар екенін зерттемеген.
Дегенмен, істі қарау барысында жоғарыда көрсетілген мәнжайлар мен ӘҚБтК-тің аталған нормалары соттың назарынан тыс қалған.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І : Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы жөнінде М[...] қатысты қабылданған Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2017 жылғы 9 тамыздағы қаулысының күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Жолдасбеков Судьялар Ж.Ермағамбетова Б.Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Шермұхаметов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.