ҚАУЛЫ № 6003-26-00-4к/154
30 сәуір 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
ашық сот отырысында талап қоюшы Нуржан Аскарович Усеновтың (бұдан әрі – талап қоюшы, борышкер) Алматы қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Мейірлан Несіпбайұлы Оразбайға (бұдан әрі – жауапкер, сот орындаушы), Әмина Қайратқызы Қамбарованы тарта отырып (бұдан әрі - мүдделі тұлға, өндіруші), жауапкердің атқару өндірісін қозғау туралы 30 қыркүйек 2025 жылғы қаулысын, берешекті анықтау туралы 10 қазан 2025 жылғы қаулысын, мүлікке, мүліктік құқықтарға билік ету бойынша жекелеген əрекеттерді (мəмілелерді) жасауға тыйым салу туралы 15 қазан 2025 жылғы қаулысын және мүлікке тыйым салу туралы 15 қазан 2025 жылғы қаулысын заңсыз деп танып, бұзу туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қарашадағы шешіміне, Алматы қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы мен оның өкілінің бірлесіп берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа жүгініп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаптарды қойған. Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 20 қарашадағы шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен, аталған талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы шығарылған сот актілерімен келіспеген талап қоюшы, өзінің сенімхат бойынша өкілімен бірлесіп кассациялық шағым беріп, онда төменгі сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушылар кассациялық соттың отырысына келмеді, оның ішінде, кассациялық шағым түсірген талап қоюшы тарапы істі қашықтықта қарауды сұраса, жауапкер – өзінің қатысуынсыз қарауды өтінген, ал мүдделі тұлға істің қаралуын кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда, кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды, себебі, сот мәжілісі алғашқыдан тараптардың тікелей қатысуымен, кассациялық соттың Астана қаласындағы ғимаратында белгіленген және бұл ереже өзгертуге жатпайды.
Істің, оған қатысушыларсыз қаралуы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК-нің) 115-бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді. Туындаған даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабы бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған себептер істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК-нің 5-бабы екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Алайда, төменгі соттар тарапынан қалпына келтірілуге жататын, талап қоюшының бұзылған құқықтары немесе шектелген заңды мүдделері анықталмады.
Талап қою төменгі себептерге негізделген.
Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотының 2021 жылғы 26 шілдедегі бұйрығымен талап қоюшыдан мүдделі тұлғаның пайдасына, жастары кәмелетке толмаған үш ортақ баланы кәмелет жасқа толғанша асырап-бағу үшiн, 2021 жылдың 23 шілдесінен бастап ай сайын, барлық табысының 1/2 бөлшегi мөлшерiнде алимент өндiрiлген.
Осыған орай, 2025 жылғы 30 қыркүйекте жауапкердің қаулысымен №1281/25-75-5983 атқарушылық іс қозғалып, соның шеңберінде, 2022 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қыркүйекке дейінгі кезең үшін алимент бойынша берешекті 8 507 604 теңге мөлшерінде айқындау туралы 2025 жылғы 10 қазанда қаулы қабылданған. Оған себеп болған Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі. Ол бойынша, 2025 жылғы 16 қазаннан атқарған жұмыс орны бойынша талап қоюшы жеке кәсіпкер болып тіркелген. Салықтық есептілікті өндеу ақпараттық жүйесінің (СЕӨАЖ) деректеріне сәйкес, оның 2022 жыл мен 2025 жыл аралағындағы табысы төрт жылға жеке дара нақтыланған, сөйтіп пайданың жалпы сомасы 17 780 209 теңге деп көрсетілген. Аталған соманың ½ бөлігін және бұрын төленген алимент мөлшерін есепке алып, жауапкер өндірілуге тиіс қалған соманы дұрыс белгілеген. Ол 8 507 604 теңгені құраған. Осы туралы сот орындаушының 2025 жылғы 10 қазандағы қаулысы шығарылған. Бұдан тыс, жауапкердің сол жылғы 15 қазандағы бірнеше қаулыларымен, мүлікке тыйым салу және мүлікке, мүліктік құқықтарға қатысты жекелеген әрекеттерді (мәмілелерді) жасауға тыйым салу жөнінде, әрі борышкерге қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мәжбүрлеп орындату қолданылған.
Бұл аталған барлық шаралар Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес қолданылған.
Атап айтқанда, Заңның 11-бабы 3 тармағына сәйкес, мерзімді төлемдерді (алименттерді) өндіріп алу туралы шешімдер негізінде берілген атқарушылық құжаттар, төлемдер тағайындалған бүкіл кезең бойы күшін жоймайды. Мұндай жағдайларда, орындауға ұсыну мерзімі әрбір төлем бойынша жеке есептеледі.
Сонымен қатар, жауапкер Заңның 99-бабы 2 және 3-тармақтарына сүйене отырып, мемлекеттік кірістер органдарынан алынған мәліметтерге назар аударып, талап қоюшының, борышкер ретінде даулы кезеңдегі құжаттармен расталған нақты табысын бағалап, алимент бойынша берешекті тиянақты түрде есептей білген. Бұл жергілікті соттарда толықтай анықталды.
Ал, талап қоюшының жоғарыда айтылған үш баласын өз еркімен асырағаны оны сот актісімен белгіленген алимент төлеу міндетінен босатпайды. Оның үстіне, балаларға жұмсаған шығындарының тек нысаналы сипатта болғанын және тағайындалған алимент сомасын толық көлемде жапқанын дәлелдейтін ақпарат талап қоюшы тарапынан сотқа ұсынылмады.
Мұндай жағдайда, алимент бойынша елеулі берешектің болуын ескеріп, борышкердің мүлкіне және оның мәмілелер жасауына сот орындаушының тыйым салуы негізді. Бұл тұста, талап қоюшының құқықтары бұзылмаған, оның заңды мүдделері шектелмеген.
Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет етіп, әділеттілік қағидатын сақтаған. Сонымен қатар, талап қоюшы тарапының әрбір уәждеріне тиісті құқықтық баға бере білген. Ол туралы қабылданған сот актілерінде тиянақты баяндалған, сондықтан қайтара қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Осыған орай, іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ, ал кассациялық шағымның уәждері оған себеп бола алмайды. Тіптен, мұндай уәждер жергілікті соттардың зерттеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған.
Қандай да бір жаңа, әрі негізді деректер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады.
Сондықтан, кассациялық сот, іс бойынша шығарылған сот актілерін күшінде, ал талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қарашадағы шешімі, Алматы қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысы – күшінде, талап қоюшы мен оның өкілінің бірлесіп берген кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.