Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/165(2) (Гражданское)

6003-26-00-2к/165(2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, талап қоюшы А[...] және оның өкілі М[...], жауапкер С[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында А[...] С[...] ар-намыс, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау және жауапкермен бұл мәліметтерді жоққа шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілі М[...] Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне және Жамбыл облысының сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Талап қоюшы А[...] өкілі М[...] сот актісіне кассациялық шағым беру мерзімі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сай қалпына келтірілуге жатады.

Өйткені, кассациялық сот 2026 жылдың 14 қаңтарда бенефициарды дұрыс көрсетпеу негізінде кассациялық шағым кері қайтарылған, нәтижесінде кассациялық шағымды беру мерзімі себепті негіздермен өткізіп алған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабында көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрінормативтік қаулы) 1-тармағының талабына сай азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және қадір-қасиетіне нұсқан келтіретін мәлімметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер.

Нормативтік қаулының 8-тармағында АК-нің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетiнін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі делінген. Талап қоюшы талап қоюында көрсетілген адамның ол жөнінде нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату фактісін ғана дәлелдеуге міндетті.

Жоғарыда көрсетілген заң нормаларының талаптарына сай, ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап қою қанағаттандырылуы үшін үш шарттың жиынтығы анықталуы қажет: мәліметтер қорлайтын сипатта болуы, таратылуы және шындыққа сәйкес келмеуі тиіс. Бұл шарттардың бірінің болмауы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту негізі болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда, жауапкер жауапкер С[...] 2024 жылғы 9 шілдеде мемлекеттік органдарына талап қоюшы А[...] қатысты бюджет қаржысын алаяқтық жолмен, жалған құжаттарды қолданып жеке басына пайдаланғандығы жөнінде ақпаратты тексеруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот жауапкердің талап қоюшының ар-намысына, қадiрқасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiру мақсаты болмаған деген тұжырымға келген.

Себебі, жауапкер көрсетілген мәліметтерді тексеру құзыретіне кіретін органдарға, яғни Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне (бұдан әріДепартамент), Жамбыл облысы прокурорына жүгініп, өзінің конституциялық құқығын пайдаланған.

Департаменттің тарапынан жауапкер С[...] жолдамы Жамбыл облысы әкімінің аппараты мен Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасына 2024 жылғы 9 шілдеде жолданған.

Дәл осылай облыс прокуратурасы 2024 жылғы 11 шілдеде жауапкер С[...] жолдамын Жамбыл облысы әкімінің аппараты мен Жамбыл облысының Полиция департаментіне жолдаған.

Сарысу ауданының полиция бөлімінде С[...] арызы бойынша

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің баптарында көзделген қылмыс құрамының болмауына байланысты, іс-құжаттар полиция бөлімінің расталмаған деректерді жинақтау мұрағатына жолданған.

«Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі С[...] оның жолдамы бойынша 2024 жылғы 24 шілдеде түсіндірме хат берген.

Талап қоюшы даулы мәліметтердің жауапкер тарапынан таратылғанын дәлелдеуге міндетті болғанына қарамастан, мұндай мән-жайлар іс бойынша жинақталған дәлелдермен өз растауын таппаған.

Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындысы апелляциялық сот алқасымен заңды және негізді деп танылған. Өйткені, жауапкердің талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұсқан келтіретін мәліметтерді таратылуына бағытталған әрекеттер жасағаны анықталмаған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот талап қою қанағаттандырудан бас тартылғаны заңды деп санайды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Талап қоюшы өкілі М[...] кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылсын.

Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімі және Жамбыл облысының сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілі М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.