ВС РК - Постановление от 12.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3486 (Административное)

6001-23-00-6ап/3486

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшылардың өкілі Ә[...],

жауапкер өкілі Б[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы С[...], Т[...] жауапкер Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне және «Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімдерін заңсыз деп танып, пәтерлерді жекешелендіруге құқық беруге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешіміне және Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысына жауапкер өкілдері келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

С[...] және Т[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, өздерінің мемлекеттік қызметші ретінде 10 жылдан астам еңбек өтілі бар болғандықтан мемлекеттен жалға алған пәтерлерін жекешелендіруге құқықтары бар екендерін және осы пәтерлердің жекешелендіруге жатпайтын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайлар түріне жатпайтындығын негіздеген.

Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Шығыс Қазақстан облысы, [...] тұрғын үй комиссиясының С[...] және Т[...] пәтерлерді жекешелендіруден бас тарту туралы 2023 жылғы 30 наурыздағы №11 және №12 хаттамалық шешімдері заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Зайсан ауданының тұрғын үй комиссиясы М[...] (бұрынғы Кондюрин) көшесіндегі №[...] үйдің [...] блогында орналасқан №[...] пәтерді С[...] атына, 2 блогында орналасқан №[...] пәтерді Т[...] атына жекешелендіру құқығын тануға міндеттелген.

Талап қоюшылардың «Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне берген талабы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Зайсан ауданы әкімінің өкілдері кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі Б[...] кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшылардың өкілі Ә[...] шағым уәждерімен келіспеген пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшылар пәтерлерді Зайсан ауданы тұрғын үй комиссиясының 2018 жылғы 4 шілдедегі № 41 шешімінің негізінде алған.

Аталған комиссияның шешімі негізінде Зайсан ауданының әкімі 2018 жылғы 2 тамызда С[...] мен Т[...] Кондюрин көшесінде орналасқан тұрғын үйлердегі пәтерлерді тұрақты жалға алушылар деп тану туралы №526 және №536 қаулылар қабылдаған.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алудың тиісті шарттары жасалған.

2023 жылғы қаңтар, наурыз айларында талап қоюшылар аудан әкіміне осы пәтерлерді жекешелендіру туралы арызбен жүгінген, тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 30 наурыздағы хаттамалық шешімдерімен тұрақты пайдаланудағы пәтерлер оларға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ретінде берілуіне байланысты жекешелендіруден бас тартылған.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, жауапкер Зайсан ауданының әкімі даулы әкімшілік актілерді қабылданғанда ӘРПК-де көзделген заңдылық және сенім құқығын қорғау қағидаттары бұзған деп тұжырымдаған.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 43-бабының 1 тармағында нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайтыны туралы жалпы ереже бекітілген.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай ұғымы және оған қатысты ережелер, оның ішінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай жекешелендіруге болмайтыны туралы норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 6 мамырдағы № 251 Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген және де қолданысқа тек 2019 жылдың 20 мамырында енгізілген.

Істің бұндай тұрғысында 2018 жылғы 4 шілдеде туындаған қатынастарға қолданылуға жатпайды.

Қазақстан Республика Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасында тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға беру қарастырылған, алайда сол кезде осындай тұрғын үйдің құқықтық статусы заң бойынша белгіленбеген.

Заңның 67 бабының 1 тармағының 3) тармақшасына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған, атап айтқанда мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі. Әкімнің 2018 жылғы 2 тамызындағы №526 және №536 қаулыларынан талап қоюшыларға даулы пәтерлер пайдалануға осы негіз бойынша берілген. Заңның 109-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттiк мекемелердің жұмыскерлері, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, өздерi тұратын қызметтiк тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

Іс құжаттарымен талап қоюшылар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс жасағандары толық расталған, бұл мән-жайларды жауапкер тарапы теріске шағармаған.

ӘРПК-нің 13-бабының 3 бөлігіне сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешімі, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің өкілдері З[...] және А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.