КСАД РК - Постановление от 23.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/646 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 қазан 6003-25-00-4к/646 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нуржан Шералиевич Кененбаевтың «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – департамент) ауыртпалық әкімшілік актінің күшін жою, тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешіміне, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Н. Кененбаев жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Департамент басшысы орынбасарының 2024 жылғы 26 шілдедегі №ЖТ2024-04743853 хатымен берілген ауыртпалық әкімшілік актінің күші жойылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Соттың 2024 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымымен тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамалық шешімін даулау туралы талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 136-бабы 8-бөлігіне сай қайтарылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Н.Кененбаев кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК - 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заңбұзушылықтар орын алған.

Іс құжаттарына қарағанда, Н.Кененбаев 2011 жылғы 14 қаңтардан бастап департаментке қарасты әскери бөлімдерде қызмет атқарып келеді.

Талап қоюшы және отбасы мүшелеріне 2019 жылғы 8 мамырдағы №398 мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жалдау шарты негізінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 189 орам, №12 үй, №3 пәтер жалға берілген.

2024 А әскери бөлімінің 2019 жылғы 8 тамыздағы №4 тұрғын үй комиссиясының хаттамасына сай Н.Кененбаев және оның отбасы мүшелері тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметкерлер қатарынан шығарылған.

Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2020 жылғы 14 қазандағы №12 хаттамалық шешімімен Н.Кененбаев тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.

Департамент басшысының 2022 жылғы 17 тамыздағы №397-жқ бұйрығына сай Н.Кененбаев Мақтаарал шекара бөлімінің «Найман Бұқарбай» шекара бөлімшесінің аға технигі лауазымына тағайындалған.

Ол 2023 жылы 28 наурызда өзін және отбасы мүшелерін тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянатпен жүгінген.

Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамалық шешімімен Н.Кененбаевқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілуіне байланысты, тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған.

Н. Кененбаевтың өкілі 2024 жылғы 19 шілдеде департаментке тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамасының күшін жойып, тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу туралы өтінішті жолдаған.

ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4)-тармақшасына сай, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім. Соттар №45 хаттаманың күшін жоюға негіз болмағаны жөніндегі департамент басшысы орынбасарының 2024 жылғы 26 шілдедегі жауабын ауыртпалық әкімшілік акт деп көрсетіп, күшін жойған.

Алайда, осы іс бойынша талап қоюшыға қатысты ауыртпалық әкімшілік акт – тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамасы. Осы хаттамалық шешіммен талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған және тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.

2024 жылғы 26 шілдедегі хаттағы жауап талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім болып табылмайды. Осыған байланысты оны заңсыз деп танып, күшін жою бөлігінде сот актілерінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігі ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11)-тармақшасына сәйкес қайтаруға жатады.

Н.Кененбаевқа және оның отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдерін 2023 жылғы 28 наурыздан бастап қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы талап қою тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамасынан туындайды. Ал, бұл хаттамалық шешімді даулау туралы талап қою сот ұйғарымымен қайтарылған.

Осыған байланысты тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы талап қою да негізгі әкімшілік актіні даулау талап қоюмен бірге ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес қайтаруға тиісті болатын.

Мұндай жағдайда сот актілерінің күші жойылып, талап қою қайтарылуға жатады.

ӘРПК-нің 122-бабына сәйкес мемлекеттік бюджетке төленген мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 6)тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешімінің, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын. Нуржан Шералиевич Кененбаевтың «Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне ауыртпалық әкімшілік актінің күшін жою, тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы талап қоюы қайтарылсын.

Нуржан Шералиевич Кененбаевқа мемлекеттік бюджеттен 2889 теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Р. Айнакулова

Судьялар: Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.