6001-22-00-3г/5244
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 31 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Н.Қ. Сұлтанов талап қоюшы «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің жауапкер «STC[...]» ЖШС-не, «ТАК[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысын
қайта қарау туралы «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің келтірген өтінішхатын электрондық істің материалдарын зерделеу арқылы алдын ала қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
«Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-і (бұдан әрі – Басқарма, салық органы) жауапкерлер араларындағы жалпы сомасы 119 692 967 теңге 2018 жылғы: 9 қаңтардағы №580630; 27 сәуірдегі №634; 30 сәуірдегі №635; 30 мамырдағы №650; 31 тамыздағы №661; 14 қыркүйектегі №664; 28 қыркүйектегі №№ 666, 667; 15 қазандағы №670 электрондық шот-фактуралар негізінде жасалған және 2018-2019 жылдар аралығында жалпы сомасы 236 891 467 теңге 2018 жылғы 7 қыркүйектегі №ПД-01/09, 23 қарашадағы №ПД-02/11; 2019 жылғы 14 қаңтардағы №ПД03/01, 10 маусымдағы №ПД-02/06, 13 шілдедегі №ПД-09/07 шарттармен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен Басқарманың талап қою арызы қанағаттандырылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Өтінішхатта Басқарма апелляциялық сатыдағы сот қаулысымен келіспей, сот алқасының материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты өтінішхат кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін берілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, «ТАК[...]» ЖШС-і 2009 жылдың 20 шілдесінде мемлекеттік тіркеуден өткен, қызметінің негізгі түрі - мұнай және газ магистраль құбырларының құрылысы, қосымша қызмет түрі - автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату; басқа санаттарға енгізілмеген шаруашылық қызметіне қосалқы қызмет көрсетудің басқа түрлері белгіленген. Қосылған құн салығының (бұдан әрі - ҚҚС) төлеушісі ретінде 2002 жылдың 1 қантарынан бастап тіркелген.
«STC[...]» ЖШС-і 2017 жылдың 8 маусымында мемлекеттік тіркеуден өткен, қызметінің негізгі түрі - тұрғын үй ғимараттарының құрылысы. ҚҚС төлеуші ретінде 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тіркеуге тұрған. Басшысы әрі құрылтайшысы М[...].
Камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша Басқарма 2018 жылдың 1-3 тоқсанында жалпы сомасы 119 692 967 теңгеге, ал 2019-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 236 891 467 теңгеге аталған заңды тұлғалар арасында қызметтерді көрсету туралы электрондық шот-фактуралар жазылғанын анықтаған.
Мәмілелерді мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару, салықтық жүктемені оңтайландыру ниетімен жасағанына сілтеме жасап, Басқарма жоғарыда аталған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюы арызымен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот Басқарманың қойған талаптары негізді деп танып, дауланған мәмілелерді жарамсыз деп таныған. Сот салық органының талаптарын қанағаттандыра отырып, аталған мерзімде «STC[...]» ЖШС-і «ТАК[...]» ЖШСнің атына қосалқы мердігерлік жұмыстарды нақты мүмкіндік беретін тиісті еңбек ресурстары мен активтерінің болмағанын, тіркелген мекенжайда орналаспағанына байланысты мердігер шартты орындамаған деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы аталған шешімнің күшін жойып, дауды Басқарманың пайдасына шешіп, келесідей қорытындыға келген.
«ТАК[...]» ЖШС-не 2017 жылғы 1 қаңтар - 2019 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге құжаттық салықтық тексеру жүргізілген.
Тексеріс нәтижесі бойынша 2020 жылғы 15 қыркүйектегі №33 құжаттық салықтық тексеру актісіне сәйкес, «STC[...]» ЖШСнің күрделі құрылыс, атап айтқанда, «Батыс ТҰЗКӨЛ» кенішін жайластыру, газ құбыры-бұрмасын салу және басқа қосалқы мердігерлік қызметтерін көрсеткен.
Өзара есеп айырысуларды растайтын құжаттар толық тексеруге ұсынылған (қосалқы мердігерлік жұмыстарға жасалған шарттар, шотфактуралар, орындалған жұмыстардың актілері, шығыстар сметасы және басқа да құжаттар). Бұл фактілер Басқарманың салықтық тексеру жүргізген кезінде жауапкерлер арасында 2018 жылғы 7 қыркүйекте, 2019 жылғы 14 қаңтарда, 2018 жылғы 23 қарашада, 2019 жылғы 10 маусымда, 2019 жылғы 13 шілдеде қосалқы мердігерлік шарттарда кемшіліктердің болмағанын білдіреді.
Сонымен бірге, Басқарма «STC[...]» ЖШС-не қатысты құжаттық салықтық тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесі бойыеша 2021 жылғы 1 сәуірдегі №105 актісіне сәйкес жауапкерлер арасында өзара есеп айырысу жүргізу кезінде кемшіліктер анықталмаған. Аталған актінің нәтижесінде 45 048 635,13 теңге төлеу туралы хабарлама шығарылған.
Сондықтан, салық органның тексеру актілері талап қоюдың негізсіздігін білдіреді деп тұжырымға келіп, апелляциялық сот алқа талап қоюды бас тарта отырып, «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №4 Нормативтік қаулысының 6-тармағының, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-бабы 2- тармағының және 158-бабының 1-тармағының ережелеріне сүйенген.
Сондай-ақ, сот алқасы мемлекеттік кірістер органының жалған шотфактуралар жазып берген адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабымен қылмыстық немесе Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 280-бабынымен әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана осындай талап қою арызымен сотқа жүгінуге құқығы бар деген қорытындыға келген.
Өтініш беруші Қызылорда облыстық сотының жоғарыда көрсетілген сот актісінде іс үшін маңызы бар сот белгілеген мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ сот тұжырымдарының осындай мән-жайларға сәйкес келмеуіне және материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.
«Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының 6-тармағына сай жеке кәсіпкерлік субъектісінің азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген, мүліктік пайда алу мақсатында іс жүзінде жұмыстарды орындамастан, қызметтер көрсетпестен, тауарларды тиеп жіберместен шот-фактура жазу жөніндегі әрекеттер жасауы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша
қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Салық төлеушiнiң, атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеу есебінде тұрмаған төлеушiнің, сол сияқты жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетудi, тауарлар тиеп жіберудi іс жүзінде жүргiзбеген тұлғаның жазған және қосылған құн салығы сомасын қамтитын жалған шот-фактураны жазып беруi, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған кезде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 280-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидаттарына сәйкес контрагенттер өздерінің тарапынан мәміленің жарамдылығын азаматтық процесс шеңберінде дәлелдеуге құқылы.
АК-нің 157-бабының 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде белгіленген негіздер бойынша олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
АК-нің 160-бабының 1-тармағында мәміленің түрі үшін ғана, оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз жасалған мәмілені (жалған мәмілені) мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап қоюы бойынша сот жарамсыз деп танитыны көзделген. 2021 жылғы 7 маусымдағы, 1 қыркүйектегі, 23 қарашадағы, 13 желтоқсандағы салықтық зерттеу актілеріне сәйкес «STC[...]» ЖШС-нің тіркелген мекенжайы бойынша орналаспағандығы анықталған;
«STC[...]» ЖШС-і 2018-2021 жылдары жеке табыс салығы мен әлеуметтік салығы, көлік құралдары, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларацияларын тапсырмаған, яғни оның жұмысшылары, автокөлік құралдары, жер телімдері мен басқа мүлігі, тауарлар сақтайтын қоймаларының болмағанын көрсетеді. Аталған заңды тұлғаның салық жүктемесі 2018 жылы - 0,18%, 2020 жылы - 0% құраған. «STC[...]» ЖШС-нің шот-фактура және электронды шот-фактуралармен дәлелденетін қызметтерді көрсетуге, тауарларды жеткізуге мүмкіндігі болмаған.
«STC[...]» ЖШС-не 2021 жылғы 1 сәуірде №105 акті жасалып, оның нәтижесінде 45 048 635,13 теңге төлеу туралы хабарлама шығарылған.
«STC[...]» ЖШС-нің негізгі жабдықтаушысы «Т[...]» ЖШС-нің лауазымды тұлғалары Қызылорда қаласының №2 сотының 2021 жылғы 8 қазандағы үкімі негізінде ҚК-нің 216 бабының 3- бөлігімен іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей жалған шот-фактура жазу әрекеттері жасалғандығы анықталып, кінәлі деп танылған. Осыған байланысты, «STC[...]» ЖШС-нің жабдықтаушылары ҚК-нің 216 бабымен кінәлі деп танылған, немесе олардың
тіркелуі және қайта тіркелуі жарамсыз болғандықтан, әрекетсіз салық төлеушілер болып табылғандықтан, «ТАК[...]» ЖШС-не тауарларды жеткізіп, қызметтерді көрсетуге мүмкіндігі болмаған.
Жауапкерлер арасында қосалқы мердігерлік жұмыстардың орындалуы расталмағаны дауланған мәмілелер жалған екендігін көрсетеді.
Өтінішхатта дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін келтірген негіздер бар болуына орай, өтінішхатты электрондық іс материалдарымен бірге азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін беру қажеттігін ескере отырып, АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысына келтірілген өтінішхаты электрондық азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Н. Сұлтанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.