№6003-25-00-2к/5424
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Н.Б.Ормаханов, А.К.Есдаулетов, талап қоюшының өкілі С.Ф.Каракуловтың, жауапкердің өкілі Н.Т.Өсіптің қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Шарифулла Арынгазыевич Жашимовтың «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» республикалық мемлкеттік мекемесіне ақшалай төлемдерді өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешімі мен Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық ісі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Ш.А.Жашимов сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесін 2022 және 2023 жылдарға жыл сайынғы негізгі демалысқа байланысты сауықтыру жәрдемақысын, 2021 жылғы 21 маусымнан 2024 жылғы 11 шілдеге дейінгі кезең үшін коммуналдық қызметтерге арналған ақшалай өтемақыны, әскери атағы бойынша айлықақыны және сыныптық біліктілік үшін үстемақыны төлеуді міндеттеуді сұраған.
Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының халықаралық ұйым – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - ҰҚШҰ) Біріккен штабына іссапарға жіберілгенін, осы кезеңде ақшалай қамтамасыз ету аталған ұйым қаражаты есебінен жүзеге асырылғанын, осыған байланысты даулы төлемдерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен өндіріп алуға құқықтық негіздер жоқ екенін негізге алған.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырамдарымен келісіп, талап қоюшыға тиісті төлемдер іссапарға жіберілген халықаралық ұйым қаражаты есебінен төленетінін, ал жауапкердің оларды қайта төлеуге міндеті жоқ екенін көрсеткен.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, әскери қызметші мәртебесін жоғалтпағанын, ұлттық заңнамада көзделген төлемдерге құқығы сақталатынын, халықаралық ұйым тарапынан төленген қаражат құрамына даулы төлемдер кірмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Іс бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Ш.А.Жашимов 1991 жылғы 23 маусымнан бастап 2024 жылғы 11 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери бөлімдерінде әртүрлі лауазымдарда әскери қызмет атқарған.
Талап қоюшы 2021 жылғы 27 мамырдағы бұйрығымен ҰҚШҰ-ның Біріккен штабына қызметін жалғастыру үшін Ресей Федерациясына іссапарға жіберілген және 2021 жылғы 24 маусымнан бастап аталған халықаралық ұйымда әскери лауазымда қызмет атқарған.
2024 жылғы 15 тамыздағы №95-ОҚ бұйрықпен Ш.А.Жашимов әскери қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты атқаратын лауазымынан босатылып әскери қызметтен запасқа шығарылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 74-тармағында, іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге лауазымдық айлықақы, сыйлықақы, материалдық көмек, сауықтыру жәрдемақысы және өзге де төлемдер олар жіберілген ұйымдарды қамтуға көзделген қаражат есебінен төленеді делінген.
Аталған арнайы құқықтық норма іссапарға жіберілген әскери қызметшілердің ақшалай қамтамасыз етілуінің тәртібін айқындайды.
Сондықтан осы норма жалпы нормаларға қарағанда басым болуына байланысты, соттар дұрыс қолданған.
Іс құжаттарымен талап қоюшыға ҰҚШҰ Біріккен штабы тарапынан жалақы, үстемеақылар және өзге де төлемдер төленгені, оның ішінде әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету өтемақылары берілгені анықталған.
Осы мән-жайлар талап қоюшының даулы кезеңде толық ақшалай қамтамасыз етілгенін растайды.
Талап қоюшының әскери қызметші мәртебесі сақталғандықтан, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тарапынан қосымша төлемдер жүргізілуге тиіс деген уәждері негізсіз. Себебі әскери қызметші мәртебесінің сақталуы төлемдердің екі көзден қатар жүргізілуін білдірмейді, ал жоғарыда
көрсетілген арнайы нормаға сәйкес төлемдер нақты іссапар орны бойынша жүзеге асырылады.
Кассациялық шағымдағы халықаралық ұйым төлеген қаражат құрамына даулы төлемдер кірмейді деген уәждер де соттармен тексеріліп, негізді түрде теріске шығарылған.
Сонымен қатар, талап қоюшы тарапынан аталған төлемдердің нақты төленбегенін немесе жеткіліксіз сөлшерде төленгенін дәлелдейтін тиісті және жол берілетін дәлелдемелер ұсынылмаған.
АПК-нің 72-бабына сәйкес дәлелдеу міндеті тараптарға жүктеледі.
Талап қоюшының басқа әскери қызметшілерге 2025 жылдан бастап төлемдер жүргізіліп жатқаны туралы уәждері де даулы құқықтық қатынастарға қатысы жоқ, себебі әрбір іс нақты мән-жайларға қарай жеке қаралады.
Соттар талап қоюшының барлық уәждерін зерттеп, оларға тиісті құқықтық баға берген.
Айтылғандардың негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің нақты мән-жайларын дұрыс анықтап, материалдық құқықтың, атап айтқанда арнайы норманың талаптарын дұрыс қолданған, процестік құқық нормаларының бұзулуына жол бермеген.
Кассациялық шағым уәждері соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Осыған байланысты, кассациялық сот дауланып отырған сот актілерін заңды және негізді деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі шешімі мен Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова А.Есдаулетов
Судьялар
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.