ВС РК - Постановление от 27.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1515 (Административное)

№6001-23-00-6ап/1515

2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы

ҚАУЛЫ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, жауапкердің өкілі О[...], мүдделі тұлғалардың өкілдері И[...], Қ[...] қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар А[...], С[...], Наурызбай Зібилаханнің, Б[...], А[...] «Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) еңбек өтілімі бойынша зейнетақы тағайындауды мәжбірлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысына талап қоюшылардың өкілі Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы сот отырысына қатысқан тараптардың пікірлерін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Іс материалдарымен анықталғандай, талап қоюшылар Қ[...] Республикасынан (бұдан әрі – ҚХР) Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келген қандастар болып табылады.

2022 жылдың тамыз-қыркүйек айларында олар тұрғылықты жерлері бойынша Еңбекшіқазақ ауданының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға құжаттарын тапсырған.

2022 жылғы 27 қазан мен 2 қараша аралығында Департаменттің шешімдеріне сәйкес талап қоюшыларға еңбек өтілімі бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған. Бас тарту себебі ретінде ұсынған еңбек өтілі туралы құжаттары заңдастырылуға жататындығы көрсетілген.

Қазіргі таңда оларға базалық зейнетақы төлемдері тағайындалған.

Бұл бас тартумен келіспеген талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, Департаменттің шешімдері заңды, әрекеттері өкілеттіктер мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес келеді деген тұжырымға келген. Сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Қандастарға зейнетақы тағайындау негіздері мен тәртібі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларымен» (бұдан әрі – Қағида) реттеледі.

Заңның 13-бабының 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

Қағиданың №8 қосымшасының 8-тармағында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі және оларға қойылатын талаптар көрсетілген. Қағиданың жоғарыда аталған тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына тарихи елінде тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу мемлекетіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

Ал, Қағиданың 8-тармағында көзделгендей, шет тілінде жасалған құжаттарды ұсыну барысында нотариус «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 1-тармағы 9) тармақшасына, 80-бабына сәйкес құжаттың қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын куәландырады.

Яғни, Қағида нормаларының мазмұнына сай қандастардың еңбек қызметін растайтын шет тілінде жасалған құжаттары қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын нотариалдық куәландыруы жеткілікті болып табылады.

Қағида тізбесіндегі тиісті құжаттар талап қоюшылармен толығымен ұсынылған.

Сондықтан Департаменттің талап қоюшыларға құжатты Қағидамен көзделмеген тәртіпте рәсімдеуді талап етуі заңсыз болып табылады.

ӘРПК-нің 14-бабымен әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынған. ӘРПК-нің 156-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.

ӘРПК-нің 10 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

ӘРПК-нің 6 - бабының төртінші бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

ӘРПК-нің 84 - бабының төртінші бөлігіне сай заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады. Бұндай жағдайда, жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427бабының бірінші бөлігі 3), 4) тармақшаларына сәйкес сот актілерінің күшін жою үшін негіз болып табылады.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулының күшін жойып, талап қоюшылардың талап қоюы қанағаттандыруға жатады деп санайды.

Мемлекеттік кірістер органдары талап қоюшыларға сотқа жүгіну барысында және кассациялық шағым келтіргенде төленген 2395 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын кері қайтаруы қажет (ӘРПК-нің 122 – бабы және АПК-нің 109 – бабы).

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшылар А[...], С[...], Наурызбай Зібилаханнің, Б[...], А[...] «Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне еңбек өтілімі бойынша зейнетақы тағайындауды мәжбірлеу туралы талап қоюы қанағаттандырылсын.

«Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне А[...], С[...], Наурызбай Зібилаханға, Б[...], А[...] еңбек өтілімі бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау міндеттелсін.

Мемлекеттік кірістер органы А[...], С[...], Наурызбай Зібилаханға, Б[...], А[...] әрқайсына Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 108-бабының 4- бөлігіне сәйкес мемлекет пайдасына төлеген 2395 (екі мың үш жүз тоқсан бес) теңге мемлекеттік баж салығын қайтарсын.

Талап қоюшылардың өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.