6003-26-00-2к/432
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 13 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.Қ. Тлеубаева,
прокурор Қ[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкер Ж[...], жаупкердің өкілі С[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласының әкімі жауапкер Ж[...] жер телімін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Ж[...] тиесілі Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас-1 шағын ауданы, Шымыр көшесі, 5Б мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...], жалпы алаңы 0,0891 жер учаскесінің 0,0143 га бөлігі және үстінде орналасқан тұрғын үй мен құжаты жоқ құрылыстар мемлекет мұқтажы үшін 31898483 (отыз бір миллион сегіз жүз тоқсан сегіз мың төрт жүз сексен үш) теңгеге сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 19 430 531 мөлшерінде айқындауды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде мемлекеттік маңызды мемлекеттік қажеттерге байланысты Шымкент қаласы, Б[...] көшесінің жалғасы А[...] көшесін (Алматы көшесінен Тұран шағын ауданына дейін) қайта құру нысанының құрылысы үшін жауапкер Ж[...] (әрі қарай - жауапкер) Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас шағын ауданы, Шымыр көшесі, №5 Б үй мекен жайдағы кадастрлық №[...], жалпы алаңы 0,0891 га жер учаскесінің 0,0143 га бөлігін мемлекеттік мұқтажы үшін алып қою туралы Шымкент қаласы әкімінің 31 шілде 2023 жылғы №1897 және 18 ақпан 2025 жылғы №688 қаулылары қабылданған.
Жауапкерге аталған жер учаскесінің 0,0143 га бөлігі мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алынатыны жөнінде 2023 жылғы 2 тамызда №24-1006/5798 жазбаша хабарландыру жолданып, 2023 жылдың 10 тамызында почта арқылы таныстырылған. Аталған жер учаскесі мен тұрғын үй [...] жылғы 26 қыркүйекте № 4505 Заң бойынша мұраға құқық туралы куәлігі негізінде жауапкерге өткен.
Талап қоюшымен жауапкер арасында келіссөздер жүргізіліп, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің нарықтық құнына бағалау жүргізілуі ұйымдастырылып, «ГАК[...]» ЖШС бағалау есебіне сай, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас шағын ауданы, Шымыр көшесі, №5 Б үй мекен жайдағы, кадастрлық №[...], жалпы алаңы 0,0891 га жер учаскесінің 0,0143 га бөлігі және онда орналасқан тұрғын үйдің нарықтық бағасы 19430 531 теңге болып бағаланған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған 2025 жылғы 26 мамырдағы №1195 сот-тауартану сараптамасы қорытындысына қарағанда, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас-1 шағын ауданы, Шымыр көшесі, 5Б, кадастрлық №[...], жалпы алаңы 0,0891 га жер учаскесінің 0,0143 га аталған жер учаскесі бөлігінің қазіргі уақыттағы бағалау жүргізу күніндегі нарықтық құны 4 244 526 теңгені, 0,0143 га аталған жер учаскесінің үстіндегі тұрғын үйдің қазіргі уақыттағы бағалау жүргізу күніндегі нарықтық құны 23 464 142 теңгені, 0,0143 га аталған жер учаскесінің үстіндегі құжаты жоқ құрылыстардың қазіргі уақыттағы бағалау жүргізу күніндегі нарықтық құны 4189815 теңгені құрайған. Барлығы 31 898 483 теңге.
Сот алынатын жылжымайтын мүліктің бағасын айқындау кезінде сот сарапшылардың 2025 жылғы 26 мамырдағы № 1195 қорытындысын назарға алған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сот сарапшылардың қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Сарапшылардың бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін кадастрлық нөмірі [...] құның 31 898 483 теңге деп анықтауы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Л.Б. Мамырбаева
Судьялар А.О.Тогумбетова
А.Қ. Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.