Қ А У Л Ы
№ 6003-25-00-2к/1018
2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, прокурор А.Камашевтің
талап қоюшы А.М.Тусипкалиева, оның өкілі Б.У.Уразовтың, жауапкердің өкілі А.М.Сембаеваның,
үшінші тұлға өкілі А.К.Ажикенованың, Мемлекеттік қызмет агенттігінің өкілі М.Муздыбекованың қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Айзада Мугиевна Тусипкалиеваның жауапкер «Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 13 қарашадағы № 41 лауазымнан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген күндері үшін еңбек ақысын және моралдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 04 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы А.М.Тусипкалиева сотқа аталған талап қоюымен жүгінген. Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімімен талап қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда апелляциялық және бірінші сатыдағы сот заң нормаларын елемей, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 53-бабының 12-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші оған қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы соттың заңды күшіне енген қаулысы немесе қылмыстық қудалау органының прокурор бекіткен қаулысын ұсыну қажет. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің мәліметіне сүйену дұрыс емес деп есептейді. Өз кезегінде, А.М.Тусипкалиеваның тарапынан сыбайлас жемкорлықты құқықбұзушылықты жасамағаны туралы құжаттар ұсынған. Ол 2007 - 2011 жылдардың аралығында Атырау қалалық мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің бастығы, 2011 - 2021 жылдары Атырау қаласының оқушылар орталығының директоры және 2021 жылдың сәуірінен 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Абай атындағы Атырау қаласы оқушылар орталығының тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымдарда қызмет атқарған. Еңбек
кодексінің 26-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген. Аталған норма 2020 жылғы 30 желтоқсанда енгізілген, сондықтан кері күшін бермейді.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғандай, А.М.Түсіпқалиева 2007 жылғы 10 сәуірдегі Атырау қаласы әкімінің өкіміне сәйкес Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып тағайындалған. 2024 жылғы 02 қыркүйектегі «Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі жасалған еңбек шартына және № 34 санды бұйрыққа сәйкес А.М.Түсіпқалиева «Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына директор лауазымына қабылданған.
2024 жылғы 11 қарашада «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) басшысының бірінші орынбасары Атырау қаласының әкіміне А.М.Түсіпқалиевамен еңбек шартын бұзу немесе ұйымдық-басқарушылық және әкімшілік - шаруашылық функцияларымен байланысты емес лауазымға ауыстыру туралы мәселені қарау ұсынылған.
2024 жылғы 13 қарашадағы № 41 бұйрыққа сай А.М.Түсіпқалиевамен еңбек шарты Еңбек кодексінің 52-бабының 1-1-тармағы 2) тармақшасы, 53бабының 12-тармағының 2) тармақшасы және 61-бабына сәйкес 2024 жылғы 13 қарашадан бастап бұзылған. Шарттың бұзылу негізі - Департаменттің хаты және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі - Комитет) мәліметі.
Талап қоюшы жұмыстан босатылуымен келіспей сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, өз шешімін жұмыс берушімен даулы бұйрық заңды шығарылғанымен негіздеген.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Іс құжаттарына қарағанда, 2006 жылғы 20 ақпанда Жылыой аудандық прокурорының қаулысымен А.М.Түсіпқалиеваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) 307-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес тоқтатылған. ҚК-нің 307-бабының ескертулерінде бұл қылмыс сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылған.
2006 жылғы 22 мамырда қылмыстық іс мұрағатқа өткізілген және 2019 жылғы 05 сәуірде іс материалдары мерзімі өтуіне байланысты жойылған. Бұл мән - жайлар Комитет мәліметімен расталады.
Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіседі, Еңбек кодексінің 26-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ нормативтік қаулысымен Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотымен Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен құқықтық өзара байланысты болу үшін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу көрсетілген ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға қатысты қолданылады. 2007 жылғы 31 қаңтардағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметте істеуге кедергі болатын мәліметтердің анықталмағанын хабарлаған.
Талап қоюшының аталған хатқа сілтеме жасап, 2007 - 2024 жылдардың аралығында Атырау қалалық мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің бастығы, Атырау қаласының оқушылар орталығының директоры және Абай атындағы Атырау қаласы оқушылар орталығының тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымдарда қызмет атқарғаны туралы уәждері негізсіз. Өйткені көрсетілген уақытта заңнамамен ешқандай шектеулер қарастырылмаған. Ал Еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылғы 30 желтоқсанда (№393-VI ҚР3) енгізілуіне байланысты 2024 жылғы 02 қыркүйекте «Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына директор лауазымына қабылдануы заңға қайшы.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы негізді.
Сол себепті кассациялық сот, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімі, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 04 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.С. Джаппарова судьялар А.К. Айкенова
Д.Д. Махметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.