№6003-25-00-4к/2938
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 18 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында: – төрағалық етуші судья М.А.Тұганбаев, судьялар – М.С.Манжуева, Г.Б.Дуйсенбаев, прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшының өкілдері А.Игілікұлы, К.А.Мылтықбаевтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қайнар-Астық» өндірістік кооперативі (бұдан әрі – Өндірістік кооператив) жауапкерлер мемлекеттік сот орындаушысы Бекетанов Сержан Мейрмановичке (бұдан әрі – сот орындаушысы), Шымкент қаласының Әділет департаментінің (бұдан әрі – Әділет департаменті) әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 28 мамыр 2025 жылғы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 1 шілде 2025 жылғы ұйғарымына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Өндірістік кооператив сотқа берген алап қою арызында сот орындаушысы С.Бекетановтың кооперативке тиесілі 3,1472 га. жер телімін сауда-саттыққа шығару әрекетін, 2016 жылғы 29 қарашадағы Әділет департаментінің сот орындаушысы С.Бекетановпен түзілген мүлікті жария сауда-саттық жеңімпазына беру туралы актін заңсыз деп тану, 2016 жылғы 29 қарашадағы сот орындаушы С.Бекетанов және Н.Умралиев арасында түзілген жер учаскесін сату сатып алу шартын жарамсыз деп танып, оның күшін жою, Н.Умралиев пен А.Оспан арасында жасалған 28 қараша 2020 жылы жер телімін сату-сатып алу шартын жарамсыз деп танып, олардың күшін жоюды сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 28 мамыр 2025 жылғы ұйғарымымен талап қоюшының әкімшілік талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартып, талап арыз кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 1 шілде 2025 жылғы ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды мәні бойынша негізінен қарау туралы шешім қабылдауды сұраған. Кассациялық сот іске қатыысушы прокурордың қорытындысын және талап қоюшы өкілдірінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсініктерін, іс құжаттарын зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2013 жылы 23 мамырдағы Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің 2012 жылғы 28 тамыздағы төлем құжатына сәйкес 61 281 382 теңгені «Қайнар - астық» ӨК-не және 2012 жылғы 28 тамыздағы төлем құжатына сәйкес «Қайнар Эко Продукт» ЖШС-не 66 302 995 теңгені аудару туралы сот шешімінің орындалуын қайта бұрып атқару жолымен мемлекет пайдасына өндірілген.
Осы аталған сот ұйғарымы және атқару құжаты негізінде мемлекеттік сот орындаушысымен 2015 жылғы 5 тамызда атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалып, 7 желтоксан 2016 жылы Өндірістік кооперативтің атындағы кадастрлық №19:295:017:7171 жер телімін сату бойынша 29 қараша 2016 жылы ұйымдастырылған аукцион нәтижесінде жеңімпаз Н.С.Умралиев танылып, сату сатып-алу келісім шарты түзілген.
Өндірістік кооператив өздерінің құқықтары бұзылғандығы, яғни өздеріне тиесілі жер телімі заңсыз сатылғандығы жөнінде 2023 жылы құқық қорғау органдарынан білгендерін, алайда аталған қылмыстық іс 2025 жылдың 10 сәуірінде тоқтатылған соң, қылмыстық іс құжаттарымен танысып, сот орындаушысының жоғарыда көрсетілген әрекеттері заңсыз қабылданғанын анықтап сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап арызды қайтару туралы ұйғарым қабылдағанда талап қоюшыға өздерінің құқықтары бұзылғаны жөнінде 2023 жылы белгілі болсада сотқа аталған талап арызбен 25 сәуір 2025 жылы, яғни ӘРПК-нің 136- бабының 4 бөлігінде көрсетілген 10-күндік мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғанын басшылыққа алған.
Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарымен төмендегі себептермен келіспейді. ӘРПК-нің 136-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі. АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Талап қоюшы өздерінің құқықтары бұзылғандығын, яғни өздеріне тиесілі 3,1472 га. жер телімі сот орындаушысының заңсыз әрекеттері негізінде 2016 жылы сауда-саттыққа шағарылып, үшінші тұлғаға сатылғанын 2023 жылы құқық қорғау органдарынан, яғни көрсетілген әрекеттері үшін сот орындаушысы С.М.Бекетановқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, тегеу орнының 10 сәуір 2025 жылғы қаулысымен Қылмыстық процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 4-тармағына сай, яғни ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.
Тергеу орнының қаулысы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасарымен 2025 жылдың 15 сәуірінде бекітілген, яғни заңды күшіне енген. Істің бұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап қоюшының сотқа талап арыз беру мерзімі дәлелді себептерсіз өтіп кетті деген тұжырымы негіссіз, себебі талап қоюшының талап арызы сот орындаушыға қарсы қозғалған қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған соң, 2026 жылдың 23 сәуірінде, яғни заңда қарастырылған 10 жұмыс күні ішінде берілген.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар негізінде, кассациялық сот, төменгі саты соттарымен қабылданған ұйғарымдарының күші жойылып, талап қоюшының сотқа талап арыз беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған деп танып, ол мерзім қалпына келтіріліп, әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа негізінен қарауға жолдану қажет деп санайды.
Істі негізінен қарау барысында, жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескеріп, кемшіліктерді жойып, заң талаптарына негізделген заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады. Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 28 мамыр 2025 жылғы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 1 шілде 2025 жылғы ұйғарымының күші жойылсын.
Әкімшілік іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына негізінен қарау үшін жолдансын. Талап қоюшының өкілі Қанат Мылтықбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
М.А. Тұганбаев
Төрағалық етуші
Судьялар
М.С. Манжуева
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.