№6001-24-00-6ап/1228
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
мүдделі тұлға Ж.Б.Дуйсебаеваның қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Улбосын Буйратовна Дуйсебаеваның жауапкерлер Тараз қаласының әкіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) қаулыларды заңсыз деп танып, күштерін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 қазандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысына талап қоюшының өкілі М.К.Токсанбаевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У.Б.Дуйсебаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Тараз қаласы әкімінің 2020 жылғы 13 ақпандағы №666 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырылудан бас тартылған.
Осы соттың 2023 жылғы 6 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшының №06-097-086-476, №06-097-086-562, №06-097-086563, №06-097-086-564, №06-097-086-565 сәйкестендіру актілерін заңсыз деп танып, күшін жойып, автоматтандырылған тіркеу базасынан алып тастауды міндеттеу туралы бөлігі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сай кері қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің қанағаттандырусыз қалдырылған бөліктерінің күшін жойып, бұл бөлігінде апелляциялық сот алқасына жаңадан қарауға жіберуді сұраған. ӘРПК-нің 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен мүдделі тұлғаның пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Құмшағал ауылдық әкімшілігінің 1994 жылғы 12 шілдедегі №15 шешімімен талап қоюшы У.Б. Дуйсебаеваның анасы Зулкамал Дуйсебаеваға Қызыл-Абад ауылы, Бекеев көшесі, №17-үй мекен-жайында орналасқан, жалпы көлемі 0,3920 га жер учаскесін өзіндік (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, үй салу және оған қызмет көрсету үшін өмір бойына иелену құқығы берілген.
З.Дуйсебаева 2004 жылғы 18 қазанында қайтыс болған.
Талап қоюшының әкесі Буйрат Ахметович Дюсебаевтың өтініші негізінде, 2006 жылғы 19 желтоқсандағы №1887 мүлікті жария ету комиссиясының шешімімен Қызыл-Абад ауылы, Бекеев көшесі, №17 мекенжай бойынша жылжымайтын мүлік жария етілген.
Одан бөлек, Буйрат Ахметович Дюсебаевтың өтініші негізінде, 2006 жылғы 19 желтоқсандағы №1888 Қызыл-Абад ауылы, Бекеев көшесі, №17 мекенжай бойынша жылжымайтын мүлікті жария ету туралы мүлікті жария ету комиссиясының шешімі тіркелген.
2006 жылғы 19 желтоқсандағы №1888 мүлікті жария ету комиссиясының шешімі негізінде мемлекеттік акт беріліп, онда Қызыл-Абад ауылы, Бекеев көшесі, №17 мекенжай бойынша орналасқан 0,0897 га жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы 49 жылға берілгенді көрсетілген.
Жамбыл ауданы Құмшағал ауылдық округі әкімінің 2007 жылғы 14 мамырдағы №85 шешімімен талап қоюшының әкесі Б.А. Дюсебаевқа ҚызылАбад ауылы, Бекеев көшесі, №17-үйде орналасқан өзіндік (қосалқы) шаруашылығын жүргізу үшін жалпы көлемі 0,1897 га жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.
Б.А. Дюсебаев (талап қоюшының әкесі) 2012 жылғы 6 маусымында қайтыс болған.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2011 жылғы 23 қарашадағы №391 қаулысымен және Жамбыл облысы мәслихатының 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №41-9 шешімімен Қызыл-Абад ауылы Тараз қаласы әкімдігінің әкімшілік бағынысына берілген.
Осыған орай, Тараз қаласы әкімінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №3332 қаулысымен К.Ж.Рыскуловқа Тараз қаласы, «Қызыл Абад» шағын ауданы, Бекеев көшесі, №19 жайда тұрғын үйдің құрылысын салу және оған қызмет көрсету үшін, көлемі 0,2380 гектар жерге нақты көлемін бекіту жолымен жеке меншік құқығы қайта рәсімдеу құқығы берілген.
Тараз қаласы әкімінің 2020 жылғы 13 ақпандағы №666 қаулысымен мүдделі тұлға Ж.Б. Дуйсебаеваға өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншік құқығына тиесілі Тараз қаласы, «Қызыл Абад» шағын ауданы, Бекеев көшесі, №17 жайда орналасқан көлемі 0,2976 га бөлінетін жер телімі нақты көлемін бекіту жолымен, тұрғын үйдің құрылысын салу және оған қызмет көрсету ретінде қайта рәсімделген.
Сонымен қатар, осы әкімнің 2020 жылғы 13 ақпандағы №667 қаулысымен Ж.Б. Дуйсебаеваға өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншік құқығына тиесілі Тараз қаласы, «Қызыл Абад» шағын ауданы, Бекеев көшесі, №17 «А» жайда орналасқан көлемі 0,1897 га бөлінетін жер телімі нақты көлемін бекіту жолымен тұрғын үйдің құрылысын салу және оған қызмет көрсету ретінде қайта рәсімделген.
Талап қоюшы өзінің талабын қайтыс болған ата-анасынан кейін мұрагер болып табылады. Олардың артынан Тараз қаласы, «Қызыл Абад» шағын ауданы, Бекеев көшесі, №17, №17А жайларда орналасқан жер телімдері мұраға қалған. Мұрагер ретінде құжаттарды рәсімдеп жүрген кезде атаанасына тиесілі жер учаскелері басқа азаматтарға беріліп кеткендігі анықталғандығын көрсетіп, Тараз қаласы әкімінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №3332, 2020 жылғы 13 ақпандағы №666, 667 қаулыларын заңсыз деп танып, күштерін жоюды сұраған.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, Тараз қаласы әкімінің 2020 жылғы 13 ақпандағы №666 қаулысын заңсыз деп танып, жауапкер аталған әкімшілік актіні шығарған кезде талап қоюшының мұрагерлік құқығын бұзғанын, себебі талап қоюшы У.Б. Дуйсебаева бірінші кезектегі мұрагер екеніне қарамастан, оның үлесі анықталмай, 0,2976 га жер учаскесі мүдделі тұлға Ж.Б. Дуйсебаеваға берілген деп көрсеткен. Сонымен қатар, Тараз қаласы әкімінің 13 ақпан 2020 жылғы №667 қаулысымен берілген жер учаскесінің нақты жерде орналасқаны анықталмағандықтан, даулы жер учаскесі мүдделі тұлға К.Ж. Рыскуловқа тиесілі жерінде орналасқаны дәлелденбегендіктен және нақты жерде орналастыру жұмыстары жүргізілмегендіктен, соттардың 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №3322 және 2020 жылғы 13 ақпандағы №667 қаулыларының күшін жою туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары заңды және негізді болып саналады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 қазандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі М.К.Токсанбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.