Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 27.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3866 (Гражданское)

6003-25-00-2к/3866

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 27 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Р.Шайхының, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкерлердің өкілі Е.К.Шыныбаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің жауапкерлер Наталья Николаевна Штреккерге, Виктория Валерьевна Штреккерге, Оксана Валерьевна Штреккерге өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Н.Н. Штреккерге, В.В. Штреккерге, О.В. Штреккерге 170 767 779 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Шұбар т.а., Меркі көшесі, 11 үй, 2 пәтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-320-069-167, жалпы ауданы 0,1723 га, оның ішінде 0,1058 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақы мөлшерін 129 500 535 теңге деп айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2022 жылғы 12 тамыздағы №510-2248, қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, М Мақатаев және Космонавтар көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1337 га, жер учаскелерін сатып алу арқылы «Абаттандыру үшін мемлекеттік саябақ аумағын кеңейту» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 129 500 535 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған. Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 24 ақпанда № С.19-02.25 сот құрылыстауар сараптамасының қорытындысына сәйкес, жалпы ауданы 1,1337 га оның ішінде 0,1058 га кадастрлық №21-320-069-167 жер учаскесінің және ондағы меншік құқығы тиісті түрде ресімделген және мемлекеттік органда тіркелген құрылыстардың, орналасқан жақсартулар мен көпжылдық екпелердің құнын ескере отырып, заңда көзделген барлық сараптама жүргізу талаптарына сәйкес анықталған нарықтық құны 170 767 779 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау

негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 170 767 779 теңге деп анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 “Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы” Нормативтік қаулысының 16-тармақшасында АПК-нің 226-бабының алтыншы бөлігіне және

“Азаматтық істер жөніндегі сот шешімі туралы” 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 17тармағына сәйкес шешiмдi орындау кезiнде түсініксіз жағдайлар мен даулар болмауы үшiн сот шешiмнiң қарар бөлiгiн нақты және түсiнiктi етіп жазуға мiндеттi.

Жауапкерлердің өкілі Е.К.Шыныбаевтың кассациялық сатыдағы сотта жұмсаған сот шығыстарын өндіру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Өйткені кассациялық сотта табысталған фискалды түбіртекте қай жауапкер қанша сомадан төлегендігі туралы ақпарат жоқ, сот отырысында жауапкерлердің өкілі төленген 500 000 теңге шығынды жауапкерлердің пайдасына үлесті тәртіппен өндіруді сұрады. Мұндай жағдайда сот шығыстарын өндіру мүмкін емес.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.