ВС РК - Постановление от 28.04.2021 по делу 6001-21-00-3гп/141 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/141

2021 жылғы 28 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қ А У Л Ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы М.Т.Таймерденов,

судьялар Ш.С.Иманиязова, Е.Ж.Исмаилов,

Жоғарғы Соттың ғимаратында Сайрам аудандық сотының сот отырысы залымен бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында прокурор Д[...],

талап қоюшы О[...] және оның өкілі А[...], жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысын қайта қарауды сұраған О[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен талап қоюшы О[...] Түркістан облысы, [...] әкіміне тәртіптік жауапкершілік туралы өкімді заңсыз деп танып, күшін жою, келтірілген моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызы жөніндегі азаматтық істі кассациялық тәртіппен қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

О[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы О[...] «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолданған 2019 жылғы 09 желтоқсандағы № 451 санды өкімін заңсыз деп тануды, күшін жоюды, моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы О[...] 2019 жылғы 09 желтоқсандағы № 451 санды өкімі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Талап қоюшының пайдасына жауапкерден моральдық залалдың өтемі ретінде 20000 теңге және сот шығыны - төленген мемлекеттік баж салығына жұмсалған 1325 теңге өндірілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген: талап қоюшы О[...] Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы О[...] 2019 жылғы 09 желтоқсандағы № 451 санды өкімін заңсыз деп танып, күшін жою және жауапкерден моральдық залал өтемі ретінде 20000 теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырған бөлігінде шешімнің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшы іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, соттың тұжырымдары істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жоғарғы Сот алқасы өтінішхатты қолдап сөйлеген талап қоюшы О[...] және оның өкілі А[...], өтінішхатқа қарсылығын білдірген жауапкер өкілі С[...], даулы қаулыны бұзып істі соттың жаңадан қарауына жолдаудың қажеттілігі туралы қорытынды жасаған прокурор Д[...] тыңдап алып, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің төмендегі негіздерге байланысты күші жойылуға, өтінішхат қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс бойынша анықталғандай, Түркістан облысының прокуратурасымен Сайрам аудандық әкімдігінде 2017-2019 жылдары аралығында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскесін табыстау барысында қолданыстағы заңнамалық актілердің сақтау жағдайында тексеру жүргізіліп, аяғында Сайрам ауданы әкімдігі және әкімдікке қарасты он бір ауыл округ әкімдіктері қамтылып нәтижесінде лауазымды тұлғалар жер учаскелерін табыстау барысында, тиісінше шешім шығарарда жер комиссиясының мүшелері де өрескел заң бұзушылықтарға жол бергендері туралы қорытынды жасалынған.

Нәтижесінде 2019 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысы прокурорымен заң бұзушылықтарды жою және Сайрам ауданының бірқатар лауазымды тұлғаларының тәртіптік жауапкершілігін қарау үшін Түркістан облысының әкіміне ұсыныс жолданып, кейін ол шара қолдану үшін Сайрам ауданының әкіміне түсірілген. Сайрам ауданы әкімі прокурордың ұсынысын 2019 жылы 17 қазандағы хатпен қағида талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысына, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасына жолдаған.

Прокурордың тексеруімен қамтылған кезең ішінде (құрамы және ережесі Сайрам аудандық мәслихатының 2019 жылғы 06 наурыздағы № 38-246/VIсанды шешімімен бекітілген) Сайрам аудандық жер қатынастары жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – жер комиссиясы) төрағасы қызметін Сайрам ауданы әкімінің орынбасары О[...] атқарған.

Әдеп жөніндегі кеңестің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 107 шешімімен (бұдан әрі - № 107 шешім) прокурордың ұсынысы негізінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, жер комиссиясының төрағасы О[...] қатысты тәртіптік іс қозғалған.

Әдеп жөніндегі кеңес О[...] қатысты № 107 шешімінде анықталғанын көрсеткендей, О[...] жер комиссиясының төрағасы ретінде жер қатынастары саласында заң талаптарын бұза отырып 2019 жылғы 13 мамырда № 4/19, № 4/24 жер комиссиясының қорытындыларын бекіткен.

Атап айтқанда, № 4/19 қорытындысының негізінде, С[...] пайдалануындағы жеке орман өсіру үшін жер учаскесіне уақытша ұзақ, қысқа мерзімді өтеулі пайдалану құқығын беретін жалпы көлемі 3,7 га суарылмайтын егістік жер учаскелері [...] жылғы 17 мамырдағы № 22 шешімімен «ECO FOOD-KENT» Өндірістік кооперативіне ауыл шаруашылығы өндірістік жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану құқығымен 32 жылға ұзақ мерзімге кейінгі жер пайдалануға беруге жол берілмейтіндігіне қарамастан, заң талаптарын бұза отырып табыстаған деп көрсеткен.

Ал, № 4/24 қорытындысының негізінде, 2019 жылғы 03 маусымда Манкент ауылдық округінің әкімі Э[...] заң талаптарын бұза отырып конкурс, аукционсыз Б.Ш[...] [...] бойынан пайдалануындағы қойма үшін берілген 0,095 га жер учаскесіне қосымша автотұрақ үшін жалпы көлемі 0,0575 га жер учаскесін 47 жылға уақытша өтеусіз пайдалану құқығымен табыстау туралы № 33 шешімімен Ш[...] жалпы 0,0575 га жер учаскесін автотұрақ жүргізу үшін табыстау тәртібі конкурс, аукцион арқылы табыстау қажеттігін ескерместен, табысталғанын көрсеткен.

Ұсынуды қараудың нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысын ескере отырып, Сайрам ауданы әкімінің міндетін атқарушы О[...] 2019 жылғы 09 желтоқсандағы № 451 бұйрығымен Сайрам ауданы әкімінің орынбасары О[...] «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданған.

Бірінші сатыдағы сот, талап арызды ішінара қанағаттандыра отырып және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодексі) 951, 952 баптарын негізге алып моральдық залал үшін келтірілген шығынды өндіруін, № 107 шешімдегі Ш[...] қатысты бөлігі бойынша, заңды күшіне енген сот шешімінің, С[...] қатысты бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің (бұдан әрі - Жер ресурстарын басқару комитеті) жазбаша түсіндірмесіне негізделгендігін және Сайрам ауданы әкімінің міндетін атқарушы О[...] талап қоюшы О[...] тәртіптік жауапкершілігі туралы өкімін қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының

Мемлекеттік қызметі туралы Заңының талаптарына назар аудармағанымен қорытындылаған.

Мұндай соттың шешімімен келіспеген Түркістан облыстық соты оны өзгерте отырып, № 107 шешімдегі Ш[...] қатысты бөлігі бойынша, заңды күшіне енген сот шешімінің барын, сондықтан бірінші сатыдағы сот дұрыс негізге алған деп, алайда С[...] қатысты бөлігі бойынша, Жер ресурстарын басқару комитетінің жазбаша түсіндірмесінің міндетті заңды күші болмайтынын, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48 бабының талаптарын бұзғаны туралы өз дәлелін тапқанын ескермегенін және де бұл санаттағы азаматтық істерге Азаматтық кодексінің 951 бабының негізінде моральдық зиян өтеу қарастырылмағанын көрсеткен.

Алайда, апелляциялық сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмаған, және де оның аудандық сот шешімін бөлігінде күшін жоюға соқтырған тұжырымдары іс бойынша зерттеліп анықталған мәнжайларға қарама қайшы келеді.

Жер кодексінің 101 бабының 5-тармағына сәйкес, осы 101 баптың 3-тармағына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырған жағдайда қатысушылардың (мүшелердің) жалпы жиналысының үлесті немесе пайды нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) тиісті хаттамасы, бөлінетін жер учаскесінің орналасқан жері туралы келісілген материал, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы қоса берілген азаматтың өтініші оған жер учаскесіне құқықты ресімдеу үшін жергілікті атқарушы органға жіберіледі.

Іс құжаттарына қарағанда, 2019 жылы жер комиссиясының 13 мамырдағы № 4/19 қорытындысының негізінде [...] мамырдағы № 22 шешімімен «ECO FOOD-KENT» Өндірістік кооперативіне ауыл шаруашылығы өндірістік жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану құқығымен 32 жылға ұзақ мерзімге кейінгі жер пайдалануға берілген.

Оған қоса, апелляциялық сатыдағы сот [...] жылғы 17 мамырдағы № 22 шешімі заңды күшінде екенін, ешкіммен дауланбағанын, заңсыз деп танылып, күші жойылмағанын немесе жарамсыз деп танылмағанын ескермеген.

Бұдан басқа, апелляциялық сатыдағы сотпен, заңды күшіне енген Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 30 маусымдағы талап қоюшы А[...] ісі бойынша осы № 22 шешімнің қабылдануымен қандай да бір тұлғаның құқықтары бұзылмағаны, керісінше С[...] аталған коопертивке өз еркімен мүше ретінде еніп, өз жерін кооперативтің жарғылық капиталына қосқан, оның бұл әрекеті бүгінгі қолданыстағы заң нормаларының талаптарына қайшы келмейтінін тыс қалдырған.

Сонымен бірге, Б.О[...] ресурстарын басқару комитетіне аудан аумағында шаруа қожалығын жүргізу үшін жеке меншікке немесе жер пайдалануға берілген жер учаскелерін азаматтар тиімді пайдалану мақсатында заңды тұлғаларға бірігуге ниет білдіріп отырғанын, осыған орай мұндай бірігуге заңнамалық тұрғыда қандай шешім қабылданатыны туралы тиісті сұраныс хат жолдаған.

Жер ресурстарын басқару комитетінің 2019 жылғы 23 қазандағы № 19-118/4659 хатында сұраныс хатында көрсетілген мәселе бойынша жер учаскесіне құқықты рәсімдеу үшін жер комиссиясының қарауына енгізілмей, тиісті құжаттармен жерге орналастыру жобасы негізінде жергілікті атқарушы органның қаулысы қабылданатыны хабарланған.

Сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы сот, жер комиссиясының № 4/19 қорытындысы Жер кодексінің нақты қандай тиісті бап және тармақтарын бұзғанын көрсетпестен, жалпылама түрде ешбір сот түйінінсіз тұжырым жасаған.

Бұған қоса, бірінші сатыдағы сот, талап қоюшы О[...] моральдық зиянды өндіру туралы талабын ішінара қанағаттандырып, ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін басшылыққа алып, Азаматтық кодексінің 951бабының 1 және 2-тармақтарына сүйене отырып, жауапкерден оның пайдасына моральдық зиянның өтемі ретінде 20000 теңге өндіру туралы дұрыс тұжырым жасаған. Моральдық зиянды өндіру талабының негізділігі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 7 - 9 тармақтарымен келіседі.

Істің мұндай тұрғысында, жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескеріле отырып, Сайрам аудандық сотының О[...] қатысты Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушының 2019 жылғы 09 желтоқсандағы № 451 өкімін заңсыз деп танып, күшін жою және талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өндіру туралы шешімі заң талаптарына сәйкес негізді қабылданғанын көрсетеді. Бұған байланысты апелляциялық сатыдағы қаулының күші жойылуға, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2 бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

қ а у л ы е т т і :

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі күшінде қалдырылсын.

О[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов Ш. Иманиязова

Судьялар

Е. Исмаилов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.