ҚАУЛЫ
2023 жылғы 4 сәуір 6001-22-00-6ап/2296 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
талап қоюшы О[...] және оның өкілі Ш[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкерлер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (ММ), Түркістан облысының полиция департаментінің қаржымен қамтамасыз ету басқармасына, Түркістан облысының полиция департаментінің тұрғын үй комиссиясына тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 29 қыркүйектегі хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаж деп танып, тұрғын үй төлем ақысын тағайындау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Түркістан облысының полиция департаментінің тұрғын үй комиссиясының 29 қыркүйек 2021 жылғы хаттамалық шешімінің 4 бөлігінің күші жойылған.
Талап қоюшы О[...] тұрғын үйге мұқтаж болып танылып, оған тұрғын үй төлемдері тағайындалған.
Талап қоюшы О[...] тұрғын үй төлемдерін тағайындауы баянаттының тіркелген күні 29 қыркүйек 2021 жылдан бастап есептелген. Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы О[...] кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өкілі қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өкілі Түркістан облысының полиция департаменті заң бөлімінің қызметкерлері 2023 жылдың 24 наурыз бен 1 сәуір аралығында облыс аумағына іссапарға жолданғанын және іс-сапар құжаттарын ресімдеуге, сотпен белгіленген уақытта Астана қаласына бару мүмкіншілігі болмауын көрсетіп, істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалып, тиісті түрде сот хабарламасы 2022 жылғы 16 наурызда жолданған болатын. Сондықтан, жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген жауапкер өкілінің қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляцялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда О[...] Түркістан қаласының полиция департаментінің (бұдан әрі – Полиция департаменті) жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторы болып қызмет атқарады.
О[...] 23 қыркүйек 2021 жылы Полиция департаментіне баянатпен жүгініп, өзіне және отбасы мүшелеріне 2021 жылдың ай сайынғы тұрғын үй төлемақысын мемлекет бюджет есебінен төлеп беруді сұраған.
29 қыркүйек 2021 жылы Полиция департаментінің тұрғын үй комиссиясының шешімімен О[...] арызын қанағаттандырудан бас тартылған. Бұл шешім талап қоюшының сатып алу құқығымен жалға алған пәтері бар екендігімен негізделген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімін О[...] жеке меншігінде тұрғын үйі жоқ екендігімен және сатып алу құқығымен пәтерді жалға алу шарты бойынша төлемдері толық төленбегендігімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот Полиция департаментінің ұстанымы дұрыс деген қорытындыға келіп, сот шешімінің күшін жойған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-5-бабында тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны:
тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу;
тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу;
бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу;
тұрғын үй және тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеу;
қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатынан басқаға талап етуге болмайтын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыру; 7) «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарында қолданатыны көзделген.
Заңның 101-3-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасына сай ішкі істер органдарының қызметкерлері, егер олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады. Осы бабтың 3-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлерін, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерін шартты ресімдеу орны бойынша орындаса тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.
Заңның 101-11-бабына сай егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап тұрғын үй төлемдерін алу құқығы бар ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдары санатына жататын қызметкерлерге қызметтік тұрғынжай беру немесе жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.
Ішкі істер органдарының қызметкері не оның зайыбы (жұбайы) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған жағдайда, тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру арқылы жүзеге асырылады, ал тұрғынжай алаңы осы Заңда белгіленген нормаға сай келетін қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, оның жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдері аударылады, олар тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін ғана пайдаланылады.
Яғни, жоғарыда аталған Заңның нормаларына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп танудан және үй төлемдерін төлеуден бас тартуға кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерін орындаған жағдайда ғана жол беріледі.
О[...] 2017 жылдың 30 мамырында «ҚИК[...]» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамымен Түркістан қаласы, 160 квартал, [...] үй, [...] пәтерді сатып алу құқығымен жалға алу туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) тұрған. Шартқа сәйкес О[...] 2017 жылғы 6 маусымнан бастап 2037 жылғы 6 мамырға дейін ай сайын 57 248,81 теңге төлеуде.
Яғни, Шарт орындалып болмаған және аталған пәтерге О[...] меншік құқығы туындамаған.
Сондықтан талап қоюды қанағаттандыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Талап қоюшы кассациялық саты сотында өкілдің көмегіне 100 000 теңге төлеген. Сондықтан АПК-ны
ң 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшының пайдасына оның төлеген сот шығыстары жауапкерден өндірілуге жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын. «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінен О[...] пайдасына сот шығыны 100 000 (жүз мың) теңге өндірілсін.
Талап қоюшы О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.