Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/2658 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/2658 Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова,

судьялар Г.М. Даулеткалиева, А.К.Айкенова,

талап қоюшы Д.А.Умарова, оның өкілі А.Қ.Абдигамидовтың,

жауапкерлер Ғ.С.Әжіғалиев, «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Бөрлі ауданы Білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері Н. Камидоллаұлы, С.Е.Дюсенгалиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Дина Артуровна Умарованың жауапкерлер «Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғұмар Сағидоллаұлы Әжіғалиевке, «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Бөрлі ауданы Білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесіне моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық азаматтық істі қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Д.А.Умарова сотқа жауапкерлер «Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғ.С. Әжіғалиевке, «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Бөрлі ауданы Білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ) моральдық зиян өндіру туралы талап қоюымен жүгінген. Моральдық зиянды өтеу туралы талабын кәмелетке толмаған қызы 5 «А» сынып оқушысы С.М.Исатайды 2023 жылғы 1 қыркүйек - 8 қараша аралығында өзінің нанымсеніміне байланысты орамал таққаны үшін Ақсай каласының №3 жалпы орта білім беретін мектебінің басшысы Ғ.С. Әжіғалиев мектепке кіргізбей, кепілдік берілген орта білім алу конституциялық құқтарын бұзып, өзінің пікірі мен сенімін білдіру және қадір-қасиетін құрметтеу құқығын шектеп кемістушілік, жан, тән азабын келтіргенімен негіздеген.

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтамауына байланысты, іс бойынша жаңа шешім қабылдап, талап қоюын қанағаттандыруды сұраған.

Жауапкерлер жазбаша қарсылықтарында кассациялық шағымды қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот шағым уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшымен оның өкілінің шағымдағы уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкерлердің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген, заң талаптарын сақтай отырып, шешімді іс бойынша зерттелген дәлелдемелерге сай және іске қатысушылардың уәждеріне дұрыс құқықтық баға бере отырып қабылдаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Д.А.Умарова мен мектеп директорының арасында 2022 жылғы 19 тамызда жасалған келісімшартқа сәйкес, талап қоюшы оқушы қыздың заңды өкілі ретінде мектептің Жарғысын және келісімшарттың ережесін сақтауға, мектеп формасына қойылатын талаптарды ұстануға міндеттелген.

Мектеп басшылығымен бекітілген «Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектеп Жарғысының» 9.7-тармағының 1,2,3 тармақшаларына сай, оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, мектеп әкімшілігімен бекітілген мектеп формасын қатаң сақтауға міндетті

Атап айтқанда, талап қоюшы Д.Умарова 5 «А» сыныпта оқитын қызы С.М.Исатайдың басынан орамалды шешуге қарсы болып, осының салдарынан оның мектепте оқитын қызы 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу сабақтарына 1 тоқсан бойы қатыспаған.

Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері, оқушылар діни сеніміне қарамастан, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға және білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Ата-аналық құқықтар баланың мүдделеріне қайшы келмеуі тиіс.

Іс құжаттары бойынша, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысына сәйкес талап қоюшының Мектеп пен Білім бөлімінің әрекеттерін заңсыз деп тану және білім алу құқықтарын шектеуге тыйым салу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық сотының 2024 жылғы 14 ақпандағы шешімінің, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 сәуірдегі қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшы Д.А.Умарованың талап қою арызы қанағаттандырылған. Мектеп және Білім бөлімінің талап қоюшының қызы С.М.Исатайды 2023 жылы қыркүйек айының 1-нен бастап қараша айының 8-не дейін орамал таққаны үшін

мектепке кіргізбеу әрекеттері заңсыз деп танылып, оның білім алу құқықтарын шектеуге тыйым салынған.

Қабылданған Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының шешімімен: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың» 9, 13-тармақтарының және - білім беру мекемелерінде оқушылардың орамал тағуларының заңдылығына баға берілмейді, ата-аналардың мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты екені және - олардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін, жеткілікті негіздер бар болған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылу мүмкіндігі жоққа шығарылмаған.

Осыған байланысты, жергілікті соттардың талап қоюшы мен Мектеп арасында жасалған келісімшартқа және Мектеп Жарғысына сәйкес, талап қоюшы оқушы қызының заңды өкілі ретінде мектеп формасына қойылатын талаптарды ұстануға міндеттелгені, оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтап, мектеп әкімшілігімен бекітілген мектеп формасын қатаң сақтауға міндетті екендігі, және жауапкерлердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде зиян келтіргені туралы тиісті дәлелдемелер ұсынбағаны, Мектеп басшысы тиісті жауапкер емес екендігі туралы дұрыс түйін жасаған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К.Рамазанова судьялар Г.М.Даулеткалиева А.К.Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.