6001-23-00-3г/1549
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 24 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы М[...] жауапкер Д[...] тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Д[...] өкілі – К[...] өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, уәждерін өзіне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйде атасының азаматтық некеде болган әйелі Д[...] заңсыз тұрып жатқандығымен, ерікті түрде босатпай отырғанын көрсеткен.
Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер отбасымен басқа тұрғын жай берілместен үйден еріксіз түрде мәжбүрлеп шығарылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс құжаттарынан көрінгендей, 2021 жылғы 9 желтоқсандағы өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сай М[...] Жамбыл облысы, [...] мекенжайда орналасқан тұрғын үйдің мұрагері болып табылады.
2021 жылғы 13 желтоқсандағы мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама бойынша кадастрлық номірлері [...]; [...]-1/А; [...]-1/А1; [...]-1/Г1; [...]-1/Г2; [...]/Г3; [...]-1/Г4; [...]-1/Г5; [...]-1/Г6 жылжымайтын мүлік М[...] атына тіркелген. Сотта анықталғандай, жауапкер аталған үйді пайдаланып, өз еркімен босатпай, талап қоюшыға жеке меншік құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.
Жергілікті соттар жауапкердің отбасы мүшесі ретінде тұрғын үйді пайдалануға құқығы бар деген тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынбауына байланысты, үйден басқа тұрғын үй берместен мәжбүрлі түрде шығарған.
Арыз беруші жергілікті соттар өз құзырында заңды әрі негізді шешім қабылдамағанын, өйткені Д[...] талап қоюшы М[...] атасы – Ж[...] заңды некеде тұрғандығы және осы некеден 2006 жылғы 6 ақпанда туылған, кәмелетке толмаған қызы М[...] бар екенін ескермегенін атап көрсеткен.
Өтініш иесі аталған мән-жайды сот біле тұра, үйде атасының азаматтық некеде болған әйелі Д[...] заңсыз тұрып жатқаны жөнінде талап қоюшының жалған уәжін басшылыққа алып, талап қою негізсіз қанағаттандырылған деп уәждеген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.