ВС РК - Постановление от 30.05.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2472 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 мамыр 6001-23-00-6ап/2472 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар –Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, Шымкент қаласының әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясының төрағасы И[...], Жер комиссиясының мүшелері Н[...], М[...], Ш[...], Ш[...], Е[...], А[...], У[...], Ж[...], «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Шымкент қаласының жер комиссиясының 2022 жылғы 29 желтоқсан №50/112 хаттамалық шешімін және Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы №02 қаулысының 50/112 хаттамалық шешімге қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою, Шымкент қаласының әкімдігіне талап қоюшының өтініші бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысына талап қоюшы Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен талап қоюлары қанағаттандырылудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талапты толық қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұрап, оны сотпен істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігімен және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағандығымен негіздеген.

Талап қоюшы немесе оның өкілі, жауапкерлер сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ж[...] 2022 жылғы 1 ақпандағы сату-сатып алу шартының негізінде Шымкент қаласы, АльФараби ауданы, Рысқұлов көшесі, №210А мекенжайда орналасқан тұрғын үй мен алаңы 0,0960 га, кадастрлық нөмірі [...], жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.

Осыған орай, 26 желтоқсан 2022 жылы жоғарыда көрсетілген жылжымайтын мүлікке іргелес орналасқан 0,0796 га жер учаскесіне құқық беруді сұрап, талап қоюшы өтінішпен жүгінген.

Шымкент қаласының жер комиссиясының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №50/112 хаттамалық шешімімен талап қоюшының өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшының меншік құқығында тұрғын үй мен алаңы 0,0960 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі бар. Ал, сұралып отырған жер жеке меншік құқығындағы жер учаскесінің маңында орналасқан мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі болып табалады және ол жер учаскесіне талап қоюшы тарапынан заңсыз құрылыс салынып, өз бетінше иеленген.

Осыған байланысты, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылуы тиіс.

Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне қарағанда, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43,48-баптарына және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 58-бабына сілтеме жасалып отыр теріс қорытынды жасаған.

Жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы №02 қаулысымен Ж[...] жер учаскесін беруден бас тартқан.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

Жер кодексінің 31-бабының 3-тармағының талаптарына сәйкес, жер пайдалану құқығы:

    1. мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;
    1. азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
  1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.

Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде қабылданады.

Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi.

Жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады.

Қала құрылыс қорытындысына сай, талап қоюшы сұрап отырған жеке меншік жеріне іргелес жатқан, алаңы 0,0796 га жер учаскесінде құрылыс салынғаны анықталды.

Осыған орай, Жер комиссиясы талап қоюшының өтінімі Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына қайшы келетіні, сұралған жерде заңсыз құрылыс бар екендігі жөнінде негізді қорытынды жасаған.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар Е.Өмірәлиев

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.