ВС РК - Постановление от 25.09.2023 по делу 6001-23-00-3Г/4263 (Гражданское)

6001-23-00-3г/4263

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 25 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкерлер «A[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС), жеке кәсіпкер «Бағжан» атауымен әрекет етуші Ш[...] (бұдан әрі – ЖК «Бағжан»), даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкерлер жағындағы үшінші тұлғалар «БТР[...]» ЖШС-не, «КазГерСтрой» біріккен кәсіпорны» ЖШС-не, «КазГерМунай» біріккен кәсіпорны» ЖШС-не, жеке кәсіпкер «Ідірісоваға» мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімімен Мекеменің арызы қанағаттандырылудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Ө[...] іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық

тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкерлер уәкілетті органдарда заңды тұлға, жеке кәсіпкер және қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелген.

Салықтық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ЖК «Бағжан» тіркелген мекенжайында орналаспағандығы, активтерінің болмауы, жұмысшыларының жоқтығы, жабдықтаушысының тіркелуі жарамсыз деп танылғаны анықталған.

ЖК «Бағжан» жеке кәсіпкерімен 2019 жылғы 1 қаңтарға барлық төленген салық сомасы 330 747 теңге, электрондық шот фактуралар (бұдан әрі – ЭШФ) мәліметі бойынша 2019 жылы жалпы айналым сомасы 129 467 324 теңгеге, қосымша құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) сомасы 15 536 078 теңгеге қызмет көрсеткен, алайда 300.00 нысаны бойынша айналым сомасы 74 686 736 теңгеге, ҚҚС сомасы 8 962 404 теңгеге салық декларациясын тапсырып, айналым сомасы 54 780 588 теңгеге, ҚҚС сомасы 6 573 671 теңгеге айырмашылық анықталған.

ЖК «Бағжан» «A[...]» ЖШС-не 2019 жылы жалпы сомасы 41 967 002 теңге, ҚҚС айналымы сомасы 37 470 537 теңгеге, ҚҚС сомасы 4 496 465 теңгеге қызмет көрсеткен.

Жергілікті соттар, «A[...]» ЖШС мен ЖК «Бағжан» арасында жасалған мәмілелер бойынша объекті бар екендігін, көрсетілген қызмет ақылары толықтай төленгенін, жұмыс атқарғандығын дәлелдейтін барлық құжаттары сотқа ұсынылғанын көрсетіп арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

ЖК «Бағжан» салықтық есептілігін дұрыс тапсырмауы, өздігінен даулы мәмілелердің жарамсыздығына әкеп соқтырмайды, талап қоюшы төленбеген салықты өндіріп алуға тиісті заңда көзделген шараларды қолдануға тиіс деген тұжырымға келген.

Соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді. Ө[...] келесідей уәждер келтірілген.

ЖК «Бағжан» Сырдария ауданы бойынша МКБ 2009 жылы 19 ақпанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мекенжайы: Тереңөзек кенті, Тоқтыбаев көшесі №[...] үй. Қосылған құн салығына төлеуші ретінде 2018 жылдың 26 қыркүйегінен бастап тіркеуде тұрады. Қызмет түрі – (96090 Басқа топтарға қосылмайтын өзге де жеке қызметтер).

Тіркелу деректеріне сәйкес басшысы Ш[...], тұрғылықты мекен жайы Қызылорда қаласы, [...].

Алғаш рет ҚҚС төлеуші ретінде 2018 жылдың 26 қыркүйегінде тіркелген. 2022 жылдың 28 ақпанында салықтық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті, Тоқтыбаев көшесі, №[...] үйде, яғни жеке кәсіпкердің тіркелген мекенжайында орналаспағандығы анықталған.

ЖК «Бағжан» тәуекелерді басқару жүйесі ЭШФ пилоттық жобасы аясында 6 ұшырылым бойынша 2019 жылдың 26 желтоқсанында №[...] хабарлама қалыптастырылып, нәтижесінде салық төлеушінің активтерінің болмауы, жалдамалы жұмысшыларының жоқтығы, сатқан тауары мен сатып алған тауарларының сәйкес келмеуі, яғни қандай да бір қызметтерді көрсетуге, атқаруға мүмкіншілігінің жоқтығы себебінен «Тәуекел дәрежесі расталып» мәртебесі қойылып, қорытынды шығарылған. Хабарлама қорытындысымен жеке кәсіпкерге 2021 жылдың 11 қаңтарында №33066С700001 хабарлама қалыптастырылып, хабарлама орындалмағандықтан, жеке кәсіпкердің банктік шығыс операциялары тоқтатылып және ЭШФ жазу мүмкіндігі шектелген. Салық декларациясына сәйкес жалдамалы жұмысшы саны көрсетілмеген. Салық жүктемесі 0%-ды құраған. Салық төлеуші салық төлеуден жалтарған.

ЭШФ мәліметі бойынша айналым сомасы 37 470 537 теңгеге, ҚҚС сомасы 4 496 465 теңгеге жер құрылыс жұмыстарын, құрылыс материалдарын сату қызметін көрсетіп отырғандығы анықталған. Оның ішінде 36 610 202 теңге қолма-қол берілгені, қалған 5 356 800 теңгеге жеке кәсіпкер өзінен қарызы есебінен цемент сатып алғанын көрсеткен. Алайда жеке кәсіпкердің активтерінің және арнайы техникаларды жалға алған жабдықтаушыларының жоқ екендігі анықтаған. Осыған орай, арнайы техникаларының болмауы қандай да бір қызметті көрсетуге және жалға беруге мүмкіндігінің жоқтығын растайды.

Салық кодексінің 166-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi делінген. Демек жоғарыда көрсетілген 36 610 202 теңге міндетті түрде бақылау кассалық машинасы арқылы көрсетіліп, чек берілу қажет еді. Өз кезегінде, ЖК «Бағжан» «ПОРТ DPG-150 ФКZ» маркалы бақылау кассалық машинасы тіркелгенімен, бұл сомаға бақылау кассалық чегі жасалмаған (Z-отчет қоса жалғанды).

Z-отчет мәліметі бойынша 2019 жылы 6 ақпанда - 15 418 358 теңге жасалған, алайда, ЭШФ жазылған уақыт 2019 жылдың 27 наурызы, 24 шілдесі және т.б., шарт жасалған уақыт 2019 жылдың 14 мамыры, 5 шілдесі және т.б. болып көрсетілген.

Бұл орайда, шарт жасалған күн, атқарылған жұмыстар уақыты, ЭШФ жазған уақыт есеп-айырысқан уақытпен сай келмейді (Z-отчет мәліметі 2019 жылдың 6 ақпаны).

ЖК «Бағжанның» салық есептіліктерін зерделей келе, 2019 жылғы 5 шілдедегі №33 шарт негізіндегі (ESF-[...]-20191003-47193202) сатылған тауарларды ЖК «Бағжан» «Т[...]» ЖШС-нен алғандығы және осы Серіктестікпен есеп - айырысқандығы анықталған.

Бұдан басқа, 2019 жылғы 14 мамыр №9, 2019 жылғы 18 шілде №37,

2019 жылғы 19 шілде №38, 2019 жылғы 22 шілде №39, 2019 жылғы 23 шілде №40, 2019 жылғы 24 шілде №41, 2019 жылғы 25 шілде №42 шарттар бойынша сатылған қызметтер «Т[...]» ЖШС-нен алғандығы және осы Серіктестікпен есеп - айырысқандығы көрінеді.

Қызылорда қалалық №2 сотының 2021 жылғы 8 қазандағы «Т[...]» ЖШС жалған шот–фактуралар жазғандығы анықталып, мемлекеттік тіркелуі жарамсыз болып танылған. Яғни бұл ЖК «Бағжан» мен «A[...]» ЖШС-не ешқандай да қызмет көрсетпегендігін дәлелдейді.

ЖК «Бағжан» сот отырысында 2019 жылғы 5 шілдедегі №33 шарт негізіндегі тауарларды «Т[...]» ЖШС-нен алмағандығын «БТР[...]» ЖШС-нен алғанын көрсеткен. Талдамалық есептілік конструкторы (КАО) мәліметтеріне сүйенсек, жеткізушісі «Т[...]» ЖШС деп көрсетілген.

Сонымен қатар ЖК «Бағжан» тарапынан 2019 жыл үшін тапсырылған 300.00 нысанды және 220.00 нысанды салық есептіліктерінде «БТР[...]» ЖШС көрсетілмеген.

ЖК «Бағжан» сатып алынған тауарлар (приобретение) 2019 жылдың 16 қазан айында меншігінде болса, «A[...]» ЖШС-не көрсетілген қызметтер мен тауарлар 2019 жылдың 24 шілде, 3 қазан айларында сатылған. Яғни жалған жасалған мәміле екендігі күмән тудырады.

Бұдан басқа, жеке кәсіпкердің ЭШФ мәліметтерінде «Резервуарлар мен сыйымдылықтарды мұнай шламынан тазарту» қызметі көрсетілген.

Аталған қызметтерді атқару үшін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 12 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» №245 бұйрығына сәйкес қызмет жасайтын адамның біліктілігі болу қажет.

Ө[...] көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 наурыздағы қаулысына келтірілген өтінішхат электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Ж.Қашқынбаева

Судья

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж.Қашқынбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.