КСАД РК - Постановление от 18.11.2025 по делу 6003-24-00-РКТ/55300 (Административное)

1

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 қараша № 6399-2500-4а/566 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші - судья М.А. Манабаева,

судьялар - Н.М. Кабдрахманова, Туганбаев М.А.

прокурор А.С. Камашев, жауапкердің өкілі Ж.К. Сайрамбекованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында Дуйсенбек Мырзаханович Байтурсынның «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 30 мамырдағы №РКТ55300-24/0121 тауарды сыныптау туралы шешімді, 2024 жылғы 4 шілдедегі №00252 кедендiк декларацияға қатысты кедендiк, өзге құжаттарды және (немесе) мәлiметтердi, кедендiк декларацияда мәлiмделген мәлiметтердi растайтын құжаттарды, кедендiк декларацияларда мәлiмделген және (немесе) мемлекеттiк кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәлiметтердi тауарлар шығарылғаннан кейiн бастаған тексерудi жургiзу нәтижелерi туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д.М.Байтурсын сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен Д.М.Байтурсынның талап қоюы қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен 2024 жылғы 30 мамырдағы №РКТ-55300-24/0121 тауарды сыныптау туралы шешім және 2024 жылғы 4 шілдедегі №00252 кедендiк декларацияға қатысты кедендiк, өзге құжаттарды және (немесе) мәлiметтердi, кедендiк декларацияда мәлiмделген мәлiметтердi растайтын құжаттарды, кедендiк декларацияларда мәлiмделген және (немесе) мемлекеттiк кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәлiметтердi тауарлар шығарылғаннан кейiн бастаған тексерудi жургiзу нәтижелерi туралы хабарлама заңсыз әкімшілік актілер деп танылып, олардың күші жойылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотқа «Bosfor motors» ЖШС «DAF Trucks» маркалы автокөліктерінің Қазақстан Республикасындағы ресми дилері екендігін растайтын дәлелдемені ұсынғанын, алайда ол қабылданбағанын, сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылғы 9 маусымдағы №55302/090621/0055298 тауарларға арналған декларациясында (бұдан әрі – ТД) көрсетілген мәліметтерге сәйкес Д.М. Байтурсын Қазақстан Республикасының аумағына Германиядан бұрын қолданылған VIN: XLRAE47MS0G016785, қоғалтқышының көлемі 12902см², шанағы жоқ, кабинасы жоқ, қуаты 340 квт, 2014 жылы шығарылған DAF FA XF жүк автокөлігін әкелді. Тауар импорт 40 кедендік рәсіммен Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес (келесіде – СЭҚТН) 8704239905 (шығарылған сәтінен бастап 5 жылдан астам, бірақ 7 жылдан аспайтын, көлік құралының толық салмағы 20 тоннадан асатын, қысудан тұтанатын ішкі жану поршеньді қозғалтқышы бар (дизель немесе жартылай дизель) жүктерді тасымалдауға арналған пайдаланудағы басқа да моторлы көлік құралдары) тауар қодын қолданумен сыныпталып орналастырылды. ТД тапсыру кезіндегі аталған код бойынша кедендік әкелу бажының мөлшерлемесі 10% құрады.

ТД-н талап қоюшы атынан кеден өкілі «Кеден АлИмпэкс» ЖШС тапсырды, орындаушысы Стамкулова М.

2024 жылғы 17 сәуірде Департаменткке Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (келесіде – ЭТД) 2024 жылғы 17 сәуірдегі шығыс саны ДЭ/2128-И хабарламасы келіп түсті. Хабарламада 196 көлік құралы бойынша, соның ішінде талап қоюшы әкелген тауар бойынша, кедендік тазартуды жасау кезінде көрсетілген көлікті шығару жылы мен ісжүзіндегі көлікті шығару жылы бойынша қарама-қайшылық анықталғандығы мәлімделген. ЭТД жауапкерге аталған фактілер бойынша тексеру шараларын жүргізуді тапсырып, қылмыс құрамы анықталған жағдайда, тиісті ақпарат беруді тапсырды.

2024 жылғы 24 сәуірде жауапкер талап қоюшыға Кедендік, өзге де құжаттарға және (немесе) мәліметтерге тексеру (келесіде – КҚМТ) жүргізу туралы хабарлама жолдады.

2024 жылғы 30 мамырда жауапкер №РКТ-55300-24/0121 тауарды сыныптау туралы шешім шығарды. Шешімде Қазақстан Республикасының аумағындағы DAF Trucks маркалы автокөліктерінің ресми дилері «Bosfor motors» ЖШС-нен 2024 жылғы 6 ақпандағы шығыс саны №09 хатында берілген мәліметтер бойынша «DAF FA XF105, VIN:XLRAE47MS0G016785» автокөлік құралының шығарылған жылы 2013 жыл болып табылатындығына сілтеме жасады. Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 40-бабының 3- тармағының 1) тармақшасын басшылыққа алып, ТД-да декларант көрсеткен 8704 23 990 5 СЭҚТН тауар кодын 8704 23 990 4 тауар кодына, ал ДТ 31бағанындағы тауардың шығарылған жылын 2014 жылдан 2013 жылға өзгертті. Жауапкер қолданған СЭҚТН тауар кодына сәйкес «Шығарылған сәтінен бастап 7 жылдан астам уақыт өткен, көлік құралының толық салмағы 20 тоннадан асатын, сығымдаудан тұтанатын ішкі жану поршенді қозғалтқышы (дизель немесе жартылай дизель) бар жүктерді тасымалдауға арналған пайдаланудағы басқа да моторлы көлік құралдары) жатады. Осы тауар кодына сәйкес 1 евро/текше сантиметр мөлшерлемесі бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифімен белгіленген импорттық кедендік баж төлеу көзделген.

2024 жылғы 4 шілдеде жауапкер талап қоюшыға ресми тілде дайындалған Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаны (келесіде – хабарлама) жолдап, КҚМТ жүргізу нәтижесінде бұзушылықтар анықталғандығын, сол себептен талап қоюшы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы (БСН 021040001787)» республикалық мемлекеттік мекемесіне, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің №KZ24070105KSN0000000 шотына, Астана қаласы, БСК KKMFKZ2A, КБЕ 11, төлем тағайындау коды 911, 912 реквизиттері бойынша 7 217 974 теңге кедендік төлемдер мен салықтардың сомасын, 3 904 812 теңге өсімпұл сомасын, барлығы 11 122 787 теңге сомасын хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлеу қажеттігін көрсетті.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 399-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы Кодекстің 411-бабында немесе 416-бабында көзделген нысанда тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері бойынша кеден органы осы бапқа сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, егер кеден органына кедендік декларацияда мәлімделген төленген кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне әсер ететін мәліметтерді тексеру үшін кеден органы сұрау салған (талап еткен), олар туралы мәліметтер кедендік декларацияда көрсетілген құжаттар ұсынылса, бірақ мұндай құжаттар тексерілетін мәліметтерді растамаса, есептейді.

Департамент кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері бойынша тауардың СЭҚТН, кедендік баждардың, салықтардың мөлшерін өзгертуге құқықтық негіздері болмағаны туралы соттардың қорытындылары дұрыс. ӘРПК-нің 15-бабында анықтық презумпциясы көзделген: әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі. Материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті.

Осылайша, транзиттік декларацияда INVOICE: NF 208-2021 көрсетелген, ал тауардың бағасын анықтайтын кейінгіде нақты тауар 2014 жылғы 26 маусымда бірінші рет тіркелгені көрсетілген, яғни тауар 2014 жылы шығарылған. Сериясы KZ0112393 көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі жөніндегі куәлігі және жүкқұжат DAF FA XF105, VIN:XLRAE47MS0G016785 көлік құралының 2014 жылы шығарылғандығын растайды.

Ішкі істер органадары берген көлік құралын тіркеу туралы куәлікте де DAF FA XF жүк автокөлігінің шығарылған жылы 2014 жыл деп көрсетілген. Алайда Департамент осы дәлелдемелердің төлнұсқалығын тексермеген, теріске шығармаған.

КҚМТ жүргізу барысында жауапкер талап қоюшы декларациялаған тауарды шығарған зауытқа, «Bosfor motors» ЖШС-не және басқа да тұлғаларға, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұраныс хаттар жолдамаған. Соттың сұратуына қарамастан, жауапкер «Bosfor motors» ЖШС «DAF Trucks» маркалы автокөліктерінің Қазақстан Республикасындағы ресми дилері екендігін растайтын дәлелдемені, мысал үшін тиісті шартты, бірінші сатыдағы сотқа ұсынбаған.

Әкімшілік іс сотқа 2024 жылғы 26 қыркүйекте түсті, шешім 2024 жылғы 6 желтоқсанда шығарылды, ал Департамент «Bosfor motors» ЖШС «DAF Trucks» маркалы автокөліктерінің Қазақстан Республикасындағы ресми дилері екендігі туралы ЭТД-нен алған мәліметтерді тек 2024 жылдың 9 сәуірінде ұсынған.

Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 413-бабының 2- бөлігінің негізінде аталған дәләдемені дұрыс қабылдамаған, себебі оны бұрын ұсынбағаннын дәлелді себептері жоқ және жоғарыда көрсетілген дәлелдемлердің жиынтығын ол теріске шығара алмайды.

ӘРПК-нің 13-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады; әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.

Қарастырылып отырған кедендік құқықтық қатынастарға осы сенім құқығын қорғау қағидаты қолданылады, себебі тауар рәсімдеуден өтті, 2021 жылғы 9 маусымдағы №55302/090621/0055298 ТД жазылды, ішкі істер органадары көлік құралын тіркеу туралы куәліктің негізінде талап қоюшыға жол қозғалысына рұқсат берді, яғни даулы актілер теріс болып таңылмағандықтан заңды және негізді деп есептеледі.

Сонымен, жауапкер даулы шешім мен хабарламаны шығарғанда анықтық презумпциясы, сенім құқығын қорғау қағидаттарын бұзған, сондықтан ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес соттың әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындысы дұрыс.

Аталғандар негізінде кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Манабаева

Төрағалық етуші

Н. Кабдрахманова

Судьялар

М. Туганбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.