КСАД РК - Постановление от 01.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/888 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-4к/888 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д. Абдуғалиев,

судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы «РиА – Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті)

әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қазандағы және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қазандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Серіктестіктің жұмыс тәжірибесін растайтын № 3651525 «Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек ауылы, Амангелді көшесі № 36/1 пәтерді дүкенге қайта жабдықтау» жұмысы бойынша мәліметтер Атырау облысы бойынша Қазынашылық департаменті арқылы мемлекеттік сатып алу веб-порталының электрондық депозитарийіне енгізілген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 103 және 104-тармақтарына сәйкес, талап қоюшының жоғарыда көрсетілген жұмыс тәжірибесіне қатысты бұғаттау туралы өтінім Қазынашылық комитетіне 2024 жылғы 14 тамызда келіп түскен және 2024 жылғы 21 тамызда бұғаттау жүзеге асырылған.

2024 жылғы 26 тамызда Серіктестік Қазынашылық комитеті арқылы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне № ЗТ-2024-05129858 нөмірлі шағым жолдаған.

2024 жылғы 23 қыркүйекте Қазынашылық комитет талап қоюшының шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

Талап қоюшы әкімшілік талаппен сотқа тек 2024 жылғы 3 қазанда жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды кері қайтарып, талап қою мерзімін қалпына келтіруге Серіктестіктің дәлелді себептер келтірмегенін негіз еткен.

Талап қоюшының Қазынашылық комитеті арқылы Министрлікке жүгінуі өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру үшін дәлелді себеп болып табылмайды, себебі заңнамада бұл санаттағы даулар бойынша сотқа дейінгі реттеу тәртібі міндетті болып белгіленбеген.

Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен және қолданыстағы заңнама талаптарымен негізделген.

ӘРПК-нің 138-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес, егер сот талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сондықтан шағымдалып отырған бірінші сатыдағы сот ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляцилық саты сотының ұйғарымы заңды және негізді шығарылған. Кассациялық шағымның уәждері мазмұны мен мәні бойынша талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біртектес.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қайтаруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы орын алмаған.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қазандағы және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының «Р и А - Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Абдуғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.