ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 қазан №6003-25-00-4к/454 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші - судья Д. Әбдіғалиев,
судьялар Ә. Назарова, Д. Нұрлыбаева болып,
жауапкер өкілі Қ. Утемисовтың, мүдделі тұлға Д. Немолчевтің қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік мекемесіне жауапкер «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет)
2024 жылғы 20 маусымдағы № 1 нұсқамасының күшін жою және заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қазандағы шешіміне, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлғаның «Бастау Холдинг» тұрғын үй құрылыс кооперативінің (бұдан әрі - Кооператив ) кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген.
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қазандағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға Кооператив кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі істің мәнжайлары дұрыс анықталмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тараптардың немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкердің өкілінің, мүдделі тұлғаның сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады
Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, азаматтар Л.Аубакирова мен Д. Немолчевтің арыздары негізінде Комитет тарапынан Басқармаға қатысты рұқсат құжаттарын беру, объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін және «Жайлау» тұрғын үй кешені бойынша эскиздік жобаны келісу жөніндегі ісәрекеттерінің заңдылығына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 12-1) және 12-3) тармақшаларының талаптарына сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi органның құзыретiне:
сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындау бөлігінде бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру
сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға және палатаға нұсқамалар беру жатады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінде 2024 жылғы 14 маусымдағы №2410000001408012/00001 тексеру тағайындау актісі тіркелген.
Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша 2024 жылғы 20 маусымдағы тексеру нәтижелері туралы акт түзіліп, онда Басқарма тарапынан ТҚК-не 2021 жылғы 3 сәуірдегі № 103 «Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты қолданыстағы ғимараттардың үй - жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға)» шешімін (бұдан әрі - № 103 шешім) және 2021 жылғы 5 сәуірдегі №KZ76VUA00396023 сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру барысында заң талаптары бұзылғаны анықталған.
Осыған орай, Комитет тарапынан 2024 жылғы 20 маусымдағы бұзушылықтарды жою туралы №1 нұсқама (бұдан әрі - Нұсқама) берілген. Аталған Нұсқамада Басқармаға қатысты келесідей талаптар қойылған:
249,1 шаршы метр (бұдан әрі - ш.м.) офистік үй-жайға 2021 жылғы 30 сәуірдегі №252П есепке қабылданған 2021 жылғы 29 сәуірдегі объектіні пайдалануға қабылдау актісін және 264,5 ш.м. офистік үй-жайға 2021 жылғы 30 сәуірдегі №253П есепке қабылданған 2021 жылғы 29 сәуірдегі объектіні пайдалануға қабылдау актісін мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы сотқа талап арыз беру:
алдағы уақытта мұндай заңнама талаптары мен мемлекеттік нормативтердің бұзылуына жол бермеу;
мұндай заңнама талаптары мен мемлекеттік нормативтердің бұзылуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау.
Бұзушылықтарды жою мерзімі - 2024 жылғы 8 шілде.
Басқарма енгізілген нұсқамамен келіспей, жоғарыда тұрған органға 2024 жылғы 1 шілдедегі № 510-02-05/11862 шағым жіберген.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Басқарманың шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы 2024 жылғы 20 шілдедегі № 21-01- 21/24380 түпкілікті жауап берген.
Заңды күшіне енген Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен Басқарманың 2021 жылғы 3 сәуірдегі № 103 «Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты қолданыстағы ғимараттардың үй - жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға)» шешімі заңсыз деп танылған.
АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес, с оттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес, осы дауды шешу кезінде көрсетілген сот актісінің преюдициялық маңызы болған, Басқарманың № 103 шешімді берудегі заңңсыздығы анықталған, оған сәйкес Кооперативке Астана қаласы, Бейсекбаев көшесі, 9 үй мекенжайы бойынша ғимаратта келушілер саны 5 адамнан аспайтын функционалдық мақсатын өзгерту және техникалық қабатын екі қызметтік үй-жайға бөлу арқылы қайта жоспарлауға рұқсат берілген.
Іс материалдарымен бұл үй-жайлардың жоғарыда аталған тұрғын үйдің 9- қабатындағы пәтер иелеріне шектес жатқанын, өйткені олардың жабындылары ортақ екені расталды.
Кооператив өзгертілетін үй-жайға шектес пәтерлердің меншік иелерінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімдерінің электрондық көшірмелерін ұсыну қажеттілігі, әкімшілікке үй-жайды қайта құруға рұқсат алу үшін жүгінген кезде және соның салдарынан Кооперативтің мұндай өтінішті беруге құзыретінің жоқ екендігі апелляциялық соттың 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен де анықталған.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 28 қыркүйектегі №14 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесінің 2-тарауының 15-тармағы 7)-тармақшасында Комитеттің функциясына сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар беру көрсетілген.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 152бабының 1-тармағына сәйкес, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері бойынша:
бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы акт;
бұзушылықтар анықталған жағдайларда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
Осыған байланысты, даулы әкімшілік актіні жауапкер өз құзыреті шегінде . және заң талаптарына сәйкес шығарған және қабылдаған
Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қазандағы шешімі, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлғаның «Бастау Холдинг» тұрғын үй құрылыс кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Ә. Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.