Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/759 (Гражданское)

№ 6003-26-00-2к/759

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, Г.М.Даулеткалиева, прокурор Р.Казмуханбетовтың, талап қоюшы өкілі А.И.Садыковтың,

жауапкер өкілі А.Т.Бекжановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құралдары арқылы талап қоюшы Рахымжан Бірлікұлы Уәлішердің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Р.Б.Уәлішер сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жұмысқа жаңадан қабылданғанын, оған тәлімгер бекітілмегенін, лауазымдық міндеттерімен толық таныстырылмағанын, қызметтік тергеп-тексеру заң талаптарына сай жүргізілмегенін, тәртіптік комиссия қорытындысы алынбағанын және жұмыстан шығару туралы бұйрықта еңбек шартын бұзудың нақты құқықтық негізі көрсетілмегенін алға алып, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) 2025 жылғы 29 қаңтардағы №47-ж/қ бұйрығымен еңбек қатынастарының тоқтатылуын заңсыз деп танып, аталған бұйрықтың күшін жоюды және бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды сұраған.

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының 2024 жылғы 28 желтоқсанда Қызылорда облысы, Шиелі кентіндегі М.Шоқай атындағы орталық алаңда қоғамдық тәртіп пен жаңа жылдық шыршаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кезекшілікке бекітілгенін, алайда сағат 01:00 шамасында қызмет орнын өз бетінше тастап, Қызылорда қаласына кеткенін, бұл мән-жайларды өзінің түсініктемесінде толық мойындағанын анықтаған. Сот жұмыс берушіде еңбек қатынастарын тоқтатуға толық негіз болған деген тұжырымға келген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келісе отырып, талап қоюшының әрекеттерін «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген тәртіптік теріс қылық ретінде бағалаған. Талап қоюшы кассациялық шағымда өзінің құқық қорғау органының толыққанды қызметкері болмағанын, тек тағылымдамашы мәртебесінде болғанын, оған қатысты Заңның нормалары қолданылмайтынын, қызметтік тергеп-тексеру барысында жіберілген бұзушылықтар ескерілмегенін, демалыс күні жұмысқа заңсыз тартылғанын, сондай-ақ апелляциялық сот оның жағдайын нашарлатып, заңда көзделмеген негіздермен жұмыстан шығарылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, тараптардың уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтар анықталмады.

Талап қоюшы мен жауапкер арасында 2024 жылғы 20 қыркүйекте еңбек шарты жасалған.

Департаменттің 2024 жылғы 10 қазандағы №466-ж/қ бұйрығымен Р.Б.Уәлішер Қызылорда облысы, Шиелі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспектортағылымдамашы болып қабылданып, алғашқы кәсіптік даярлық курсына жіберілген.

Оқуын аяқтағаннан кейін ол 2024 жылғы 17 желтоқсанда қызмет атқаруға кіріскен.

Іс бойынша анықталғандай, 2024 жылғы 28 желтоқсанда жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жасақталған жеке құрамның орналасу жоспарына сәйкес талап қоюшы Қызылорда облысы Шиелі кентіндегі М.Шоқай атындағы орталық алаңда сағат 20:00-ден келесі күнгі сағат 08:00-ге дейін жаңа жылдық шыршаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бекітілген.

Алайда талап қоюшы сағат 01:00 шамасында бекітілген аймақты тастап, басшылықтың рұқсатынсыз Қызылорда қаласына кеткен.

Бұл мән-жайлар 2025 жылғы 6 қаңтардағы қызметтік тергеп-тексеру қорытындысымен, талап қоюшының жазбаша түсініктемесімен және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдемелермен расталады.

Талап қоюшы қызметтік тергеу барысында қызмет орнын тастап кеткенін, Қызылорда қаласына барғанын және азаматша М.Амангелдімен кездескенін толық мойындаған.

Қызметтік тергеу барысында және іс құжаттарымен анықталғандай, талап қоюшы Қызылорда қаласында М.Амангелдімен жанжалдасып, оған қатысты күш қолданған.

Нәтижесінде М.Амангелді Қызылорда қалалық полиция басқармасына хабарласып, өзіне күш қолданылғанын көрсетіп арызданған.

2024 жылғы 29 желтоқсанда, сағат 17:11-де жүргізілген медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша М.Амангелдінің денесінде «сол жақ шашы аймағының сиреген жарақаты» және «оң қолының ішкі аймағы сырылған жарақаты» анықталған. Бұл туралы Қызылорда қаласының орталық емханасының медициналық құжаттарында көрсетілген.

Осы оқиға бойынша материалдар белгіленген тәртіппен тіркеліп, кейіннен Департаменттің өзіндік қауіпсіздігіне, тәрбие және кадр жұмысы басқармаларына, сондай-ақ Шиелі аудандық полиция бөліміне жолданған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы №81 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің» 8-тармағына сәйкес қызметкерлер өздерінің қызметтік міндеттерін адал, әділ және заң талаптарына сәйкес орындауға, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қызметтік әдеп талаптарын сақтауға міндетті. Заңның 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықты аяқтаған адамдарды қызметке қабылдау құқық қорғау органдарының кадрына алу арқылы жүзеге асырылады. Лауазымға тағайындау құқық қорғау органының кадрына алынған күннен бастап бір ай ішінде жүргізіледі.

Осы Заңның талаптарына сәйкес алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жүрген тұлғалар құқық қорғау қызметі жүйесіне қабылданған адамдар болып табылады және оларға қызмет өткеру тәртібі мен әдеп талаптары қолданылады. Сондықтан талап қоюшының өзіне «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының талаптары қолданылмайды деген уәждері негізсіз.

Іс құжаттарынан талап қоюшының ішкі істер органдарына қабылдану кезінде қызметтік тәртіпті сақтау, ішкі істер органы қызметкерлерінің әдеп талаптарын орындау жөніндегі міндеттемелермен танысқаны және бұл жөнінде жазбаша қолхат бергені көрінеді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнамаларды қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 30-тармағына сәйкес, егер сот жұмысқа қайта алу туралы дауды қарау кезінде жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтатуға негізі болғанын анықтаса, бірақ бұйрықта Еңбек кодексінің немесе өзге заңның нормасы дұрыс көрсетілмесе, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады. Бұл жағдайда сот шешімнің уәждеу бөлігінде еңбек шартын тоқтатуға негіз болған құқықтық норманы көрсетуге міндетті.

Апелляциялық сатыдағы сот аталған нормативтік қаулы талаптарын басшылыққа алып, талап қоюшының әрекеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 16-бабы 1-тармағының 5), 7) тармақшаларына, Әдеп кодексінің талаптарына қайшы келетінін және Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық белгілерін қамтитынын негізді түрде көрсеткен.

Кассациялық шағымда тәртіптік комиссияның ұсынымы алынбағаны туралы уәждер де сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

Өйткені талап қоюшы құқық қорғау органы кадрына толықтай қабылданып, тұрақты лауазымға тағайындалмаған инспектор тағылымдамашы болғандықтан, оған қатысты тәртіптік комиссия рәсімдерінің қолданылмауы өздігінен жұмыстан шығару туралы шешімді заңсыз етпейді.

Сондай-ақ талап қоюшының апелляциялық сот оның жағдайын нашарлатты деген уәждері де негізсіз, себебі апелляциялық сот жаңа талаптар енгізбей, тек бірінші сатыдағы соттың құқықтық уәждерін нақтылаған.

Осы мән-жайларды ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының жоғарыда аталған іс әрекеттері құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық әрекеттер болып табылатыны туралы дұрыс тұжырым жасаған.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.

Алайда талап қоюшы соттардың тұжырымдарын жоққа шығаратын тиісті әрі жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған.

Осылайша, апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған, ал кассациялық шағым уәждері сот актілерін бұзуға негіз бола алмайды.

Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Ормаханов

Судьялар

А. Есдаулетов

Г.Даулеткалиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.