ВС РК - Постановление от 12.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/667 (Административное)

№6001-23-00-6ап/667

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 12 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,

судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өмірәлиев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «БН[...]» шаруа қожалығының басшысы Р[...] Шығыс Қазақстан облысы, [...] жер комиссиясының (бұдан әрі – жер комиссиясы) хаттамалық шешімдері заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қаңтардағы қаулысына мүдделі тұлға Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жер комиссиясымен № 6 хаттамалық шешімі қабылдау кезінде Жер кодексінің нормалары бұзылғанын көрсеткен.

Шығыс Қазақстан облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жер комиссиясының 2022 жылғы 31 мамырдағы 17 лот бойынша № 6 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Жер комиссиясының 2022 жылғы 31 мамырдағы 18 лот бойынша № 6 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Р[...] «Аягөз аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған;

Жер комиссиясының хаттамаларын даулау туралы талаптың қалған бөлігінен бас тартылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, Аягөз ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс № 16-482 га,17-162 га, 18- 137,5, га, 19-48,5 га лоттар конкурсының объектісі болып – Ақшәулі ауылдық округіне карасты жер телімдері табылған.

№16, №17, №18, №19 әр лоттың конкурсына үш шаруа қожалықтары қатысуға өтінім берген.

2022 жылғы 31 мамырдағы жер комиссиясының № 6 хаттамалық шешімдерімен (бұдан әрі - хаттамалық шешім), № 16 лот, жер учаскесінің көлемі 482 га бойынша «Н[...]» ШҚ басшысы О[...] жеңімпаз атанғаны; №17 лот, жер учаскесінің көлемі 162 га бойынша «Б[...]» ШҚ басшысы Б[...] жеңімпаз атанғаны;

№18 лот, жер учаскесінің көлемі 137,5 га бойынша К[...] жеңімпаз атанғаны және №19 лот, жер учакесінің көлемі 48,5 га бойынша Б[...] жеңімпаз атанғаны анықталған.

Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, №17,18 лоттар бойынша хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, Б[...] пен Қ[...] негізсіз түрде қосымша балл берілгенін анықтаған.

Сот алқасы бұл тұжырыммен келесі негіздерге байланысты келіседі.

Соттармен анықталғандай, хаттамалық шешіміне сәйкес комиссия №16,17,18,19 лоттар бойынша бизнес-жоспарлардағы инвестициялардың мәлімделген көлемін негізге алып, барлық қатысушыларға бірдей мөлшерде 20 балл берген.

Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларының» 23-тармағына сәйкес, осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.

Алайда №17, №18 лоттар бойынша Б[...] пен С.Қ[...] ауылында 5 жылдай уақыт тұрмаған, және де осы туралы дәлелдемелер сотқа ұсынбаған.

Бұл жағдайда №17,18 лоттар бойыша хаттамалық шешімі жергілікті

соттармен дұрыс заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шығыс Қазақстан облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ш. Даниярова Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.