Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 30.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/583 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 30 сәуір №6003-26-00-2к/583 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі О[...] және жауапкер өкілі Ж[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «АС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматтық істі жауапкердің Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, мемлекет пайдасына 3 932 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VІІІ ЗРК Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасын, 8-бабының 4-тармағының 1) тармақшасын, 11-бабын, 14-бабының 1 және 2-тармақтарын және «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Басқармамен №144195500-1 «Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангельдин ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі үшін Жангелдин ауылының көшелерін қоршау (ағаш отырғызу) бойынша жұмыстары» туралы конкурс өткізілген, жұмыстың жалпы сомасы 38 214 494 теңге.

Аталған конкурсқа 8 әлеуетті өнім берушімен, оның ішінде Cеріктестікпен конкурсқа қатысуға өтінімдер берілген.

Конкурстық біліктілік талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бойынша материалдық ресурстарында арнайы техника кран мен бульдозер болуы көрсетілген.

Конкурстық құжаттаманың 11-қосымшасына сай Серіктестік материалдық ресурстар бойынша «Ж.Ж.Жакин» жеке кәсіпкерінен 2024 жылғы 1 маусымдағы №NAKM-12-24 техниканы жалға беру шарты негізінде жалға алынған «Гусеничный бульдозер Т-170», мемлекеттік белгі [...], арнайы техниканы ұсынған.

2025 жылғы 23 сәуірдегі қорытынды хаттамасына сәйкес Серіктестіктің өтінімі өтпеді деп танылған.

Басқарманың 2025 жылғы 22 сәуірде хатымен «Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінен Серіктестіктің конкурстық өтінімінде көрсетілген бульдозердің техникалық паспортының шынайылығын растау сұратылған.

2025 жылғы 23 сәуірдегі аталған мекеменің жауап хатында бульдозер арнайы техникасының сатылып кетуіне байланысты ол 2020 жылғы 13 ақпанда тіркеуден шығарылғаны көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот Басқарманың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін арнайы техниканың техникалық құжатында оның бұрын есептен шығарылғаны туралы белгі жоқ, веб-порталға 2025 жылғы 14 сәуірдегі жасалған жалдауы шартының орнына шатасып, басқа бұрын күші жойылған шарт жүктеліп кеткен, Серіктестік конкурс бойынша жеңімпаз болып танылмаған, оның конкурсқа тапсырған құжаттамалары конкурстың нәтижесіне ықпалы болмаған, талап қоюшының құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеген деп қате тұжырымдаған.

Конкурстық құжаттамаға ұсынған құжаттардың және тапсырылған ақпараттың шынайлылығына Серіктестік жауапты болады, ол конкурстық өтінімге конкурсқа қатысу туралы келісімді (конкурстық құжаттамаға 2- қосымша) ұсынған, онда конкурсқа қатысуға өтінімде және оған қоса берілген

құжаттарда анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатыны бекітілген.

Сонымен қатар, Басқармамен талап қою мерзімі сақталған, Серіктестіктің жеңімпаз болып танылмауы және арнайы техниканың техникалық құжатында оның бұрын есептен шығарылғаны туралы белгінің болмауы оны Заңмен көзделген жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды.

Нормативтік қаулының 9-тармағымен Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталған кезде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылатыны бекітілген.

АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта Серіктестік өз уәждерін растайтын дәлелдемелерді ұсынған жоқ және Басқарманың ұсынған дәлелдемелерін теріске шығаратын мән-жайлар анықталмады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестік конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғаны дәлелденгенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер «АС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.