КСАД РК - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2394 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 желтоқсан 6003-25-00-4к/2394 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы «АйНа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Мұнайлы аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ТКШ Бөлімі), Маңғыстау облысының білім басқармасының «Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Білім бөлімі), «АдайТрансКом» ЖШС-ға (бұдан әрі – «АдайТрансКом» ЖШС) қатысты 2025 жылғы 28 наурыздағы қорытынды хаттаманы заңсыз деп тану және 2025 жылғы 31 наурыздағы мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілк сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымына және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, өзінің уәждерін дауланып отырған хаттама мен шарттың заңсыздығымен негіздеген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілк сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымымен талап қою оны беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартуға жатады деген негізбен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес кері қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, мерзімді қалпына келтіруді сұраған.

Тараптар өкілдерінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініштер келіп түсті. Алайда бұл өтініштер қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот тараптар өкілдерінің қарсы пікірлері және кассациялық шағымның дәлелдерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Төмен тұрған соттар тарапынан мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Білім бөлімінің тапсырысы бойынша ТКШ Бөлімі «Ауылдық жерлерде оқушыларды ең жақын мектепке дейін жəне кері тегін тасымалдауды ұйымдастыру» бойынша №14097729-1 мемлекеттік сатып алу жариялап, 2025 жылғы 12 наурыздағы қорытындылар туралы №14097729-ОК1 хаттамасына сəйкес №76475983-ОК1 лот бойынша Серіктестік жеңімпаз болып, ал «АдайТрансКом» ЖШС екінші орын алған əлеуетті өнім беруші болып табылған.

Жоғарыда көрсетілген конкурс қорытындысы «АдайТрансКом» ЖШСның шағымы бойынша қайта қаралып, салдарынан дауланып отырған 2025 жылғы 28 наурыздағы қорытындылар туралы №14097729-ОК1 хаттамасына сəйкес №76473313-ОК1 лот бойынша «АдайТрансКом» ЖШС-ы жеңімпаз ретінде, ал «Kaspi Tradе Company» ЖШС-ы екінші орын алған əлеуетті өнім беруші ретінде танылған. Кейіннен «АдайТрансКом» ЖШС мен Білім бөлімі арасында 2025 жылғы 31 наурызда көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы №225 шарт жасалған.

Конкурстың жаңа қорытындыларымен келіспей, Серіктестік 2025 жылғы 1 сәуірде ТКШ Бөлімі мен Мұнайлы ауданының прокуратурасына шағымданып, 2025 жылғы 17 сәуірде ТКШ Бөлімі тарапынан шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы жауап беріліп, ал Мұнайлы ауданының прокуратурасының тарапынан 2025 жылғы 21 сәуірде шағымның уәждері ішінара дәлелденгендігі туралы және прокуратура органдары тарапынан Мұнайлы ауданының әкіміне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілгендігі туралы хабарланған. Төмен тұрған соттар талап қоюшы өзінің шағымы бойынша шешімді 2025 жылғы 17 сәуірде алғанын, алайда талап қою сотқа екі айдан астам уақыт өткеннен кейін берілгенін, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен прокуратура органдарына жүгіну көзделмегенін негізге ала отырып, талап қоюшы талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алғандығы туралы қорытындыға келген. Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, төмен тұрған соттардың жоғарыда көрсетілген қорытындылары осы іс бойынша елеулі мәні бар нақты мән-жайларды ескермей, мерзімінен бұрын жасалған деген тұжырымға келесі негіздермен келеді.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту талабы бойынша талап шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 25-бабының 1, 3, 6-тармақтарына сәйкес, егер тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының (сарапшының) әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне веб-портал арқылы шағым жасауға құқылы.

Тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Осы бапта көзделген дауларды сотқа дейінгі реттеу тәртібі міндетті болып табылады.

Іс материалдарымен талап қоюшы дауды міндетті түрде сотқа дейінгі реттеу тәртібін іске асыру шеңберінде ТКШ Бөліміне және аудандық прокуратураға шағымдармен жүгінгені расталады.

ТКШ Бөлімінен жауап 2025 жылғы 17 сәуірде, ал аудандық прокуратурадан жауап 2025 жылғы 21 сәуірде алынған.

Төмен тұрған соттар заңда белгіленген мерзімдерді ескере отырып, талап қоюшы ұйымдастырушының жауабы алынған сәттен бастап сотқа жүгінуге болады деген қорытындыға келгенімен, аудандық прокуратура тарапынан «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 36-бабы шеңберінде Серіктестіктің шағымында көрсетілген деректер бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы аудан әкіміне ұсыныс енгізілгенін назарға алмаған. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 36-бабына сәйкес, прокурор өз құзыреті шегінде заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізеді.

Ұсынуда көрсетілген заңдылықтың бұзылуын жою жөніндегі шараларды қабылдау күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылып, оны қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар прокуратура органдарының заң талаптарына сәйкес адресат үшін қаралуға және орындалуға міндетті болып табылатын ұсынысының орындалуын күте отырып, талап қоюшы анықталған құқық бұзушылықтар сотқа жүгінусіз тәртіппен жойылады деп орынды түрде есептеген.

Көрсетілген кезеңде талап қоюшының сотқа жедел түрде жүгінуіне объективті қажеттілік болмаған, өйткені прокурорлық қадағалау актісі өзінің құқықтық табиғаты бойынша бұзылған құқықтарды сотқа дейінгі тәртіппен қалпына келтіруге бағытталған.

Алайда іс материалдарымен прокуратураның ұсынысы заңда белгіленген мерзімде тиісті лауазымды тұлғамен (органмен) орындалмағаны расталып, осыған байланысты талап қоюшы хаттама мен шартты сот тәртібімен даулауға өз құқығын пайдаланған.

Осылайша, талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуы міндетті сипатқа ие прокурорлық қадағалау актісінің орындалуын күтуімен негізделген, бұл процестік мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерінің бар екенін көрсетеді.

Алайда соттар талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тарта отырып және талап арызды қайтару туралы шешім қабылдай отырып, аталған мәнжайларға тиісті құқықтық баға бермеген, прокуратура ұсынуының міндетті түрде орындалуға жататынын және оның талап қоюшының сот арқылы қорғану құқығын іске асырудағы маңызын ескермеген.

Осыған байланысты соттардың мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері жоқ деген қорытындылары істің мәні үшін елеулі мәні бар барлық мәнжайларды жан-жақты және толық зерттемей жасалғандықтан, мерзімінен бұрын әрі негізсіз болып табылады.

ӘРПК-нің 136-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес шағымды қарайтын органға шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде не шағымды қарау мерзімі өткен соң, егер шағым бойынша шешім қабылданбаса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде егер АПК-де белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екені көрсетілген.

Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінің күштері АПК-нің 427-бабы бірінші бөлігінің 1) және 4) тармақшалары негізінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы, сондай-ақ процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы салдарынан жоюға жатады.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылып, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдануға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы үшінші бөлігін басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілк сотының 2025 жылғы 23 шілдедегі ұйғарымының және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы ұйғарымының күші жойылсын.

Іс Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын

Д .Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.