6001-24-00-3гп/92
2024 жылғы 6 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Ж.Айтжанов,
судьялар З.Б.Кейкибасова, Т.А.Ибрашев,
талапкердің өкілі – А[...], жауапкер «ЖЭЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі – Н[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Әкім аппараты, «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ), «ЖЭЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «ЖЭЖ[...]» ЖШС, Серіктестік, Мекеме) моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі А[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
К[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, уәждерінде жауапкелердің кінәсінен электр тоғына түсіп қаза тапқан баласы Қ[...] өлімімен моральдық азапқа ұшырағанын көрсеткен.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, олардың күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот алқасы өтінішхат уәждерін қолдаған А[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған Н[...] пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат келесі негіздер бойынша ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттармен жол берілген.
Азаматтық іс құжаттарына сәйкес, 2020 жылы 8 сәуірде Әкім аппараты жеке кәсіпкер «Қадиша апа» (бұдан әрі- ЖК) П[...] 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін Жуалы ауданы М[...] ауылының көше жарықтандыру үшін келісімшарт жасаған (бұдан әрі - Шарт).
2020 жылы 7 шілдеде [...] атына, М[...] ауылы, Р[...] көшесінің тұрғындары арызбен жүгініп, көшесінде соңғы бір ай бойы көше жарығы жанбайтынын және оны қосу мәселесін қарастыруды сұраған.
Тұрғындардың арызы бойынша [...] жарығына жауапты ЖК П[...] көше жарығын жөндеу мәселесі бойынша жүгінген.
ЖК П[...] жауапкер болып табылатын Жуалы ауданы электр желілер мекемесін ескертпей, жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат сұрамай, 2020 жылдың шілде айында Р[...] көшесінің бойында орналасқан №373 подстанциясынан көше бойына келіп тұрған жарықты, Жастар көшесінің бойында орналасқан №26 подстанциядан келіп тұрған көше жарығының желісін, Р[...] көшесі №[...] үйдің алдында орналасқан бағананың басындағы тоқтарды бір-біріне жалдамалы жұмысшыларына жалғатып, осы көшелерінің көше жарығын қостырған. Электр тоғын бір-біріне қате жалғануы салдарынан аталған көшелердің бойында орналасқан бағананың басынан жерге қарай түскен минустық тоқтың жерлеу сымының барлығына электр тоғы келіп тұрған. Аталған жерлеу сымына электр тоғы келіп тұрғандықтан, подстанцияларда тұрған автоматтар дұрыс деңгейде жұмыс атқарған кезде, автоматты түрде өшіп қалуы керек болған, алайда автоматтар дұрыс жұмыс атқармауына байланысты өшпеген. Нәтижесінде, 2020 жылғы 30 шілдеде үш жасар Қ[...] Жуалы ауданы, М[...] ауылы, Жастар көшесі №[...] үйде тұратын атасына қонаққа келіп, сағат 18-30 минут шамасында көшеде ойнап жүріп, көше бойында орналасқан электр бағанасының басынан тоқтың жерлеу (провод заземления) сымын ұстап, электр тоғына түсіп, оқиға болған жерде қайтыс болған.
2020 жылғы 25 тамыздағы №543 сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Қ[...] электр желісінің тоғы ұруы салдарынан қайтыс болған.
Жергілікті соттар сот талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдырып, зиян келтіруші соттың тұжырымы бойынша П[...], ал жауапкерлердің әрекеттері мен талап қоюшыға келтірілген залалдың арасында себепті байланыс жоқ деп шешті.
А[...], сот алқасы жергілікті соттардың бұл қорытындысы заңға сәйкес келмейді деп санайды.
АПК-нің 76-бабының 3-тармағына сәйкес соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
Жуалы аудандық сотының 2022 жылғы 24 наурыздағы үкімімен (бұдан әрі - Үкім) П[...] Қазақстан Республикасы қылмыстық кодекстің 104бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәсіз деп танылып, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан және жасауға қатысуы дәлелденбегендіктен ақталған. Үкіммен анықталғандай, Шартта электр подстанциялары мен желілерін техникалық пайдалану, техникалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, подстанцияда орнатылған автоматтарға бақылау жүргізу сотталушы П[...] міндетінде қарастырылмаған.
Сотқа дейінгі тергеп тексеру органымен және сот тергеуінде 2020 жылдың шілде айының 28-29 күндері Жуалы ауданы, М[...] ауылы, Р[...] көшесінің бойында орналасқан №373 подстансиясынан көше бойына келіп тұрған электр жарығын, Жуалы ауданы, М[...] ауылы, Жастар көшесінің бойында орналасқан №26 подстанциядан келіп тұрған көше жарығының желісін, Р[...] көшесі №[...] үйдің алдында орналасқан бағананың басындағы тоқтарды бір-біріне кімнің жалғағаны анықталмады.
Сонымен қатар, электр подстанциялары мен желілерін техникалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, подстанцияларда орнатылған автоматтарды бақылау жүргізу Серіктестіктің құзырына кіретіні анықталған. Азаматтық іске тіркелген құжаттар және қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген сараптамаларға сәйкес М[...] ауылы, Жастар көшесі, 5/1 мекен-жайында орналасқан бағана «ЖЭЖ[...]» ЖШС-не тиесілі екені анықталып отыр.
Яғни, оқиға орнында қаза болған Қ[...] тоқпен ұрған жерлеу сымы да осы Мекемеге тиесілі.
Бұл мәселе тараптармен дауланбаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 931-бабының 1-тармағында сәйкес қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу
құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенiмхат, көздердi беру туралы құзіреттi органның өкiмi арқылы және т.б.) жоғары қауiптiлiк көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi.
Осы норманың мағынасынан жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиянды өтеу міндеті туындау үшін келтірілген зиянның фактісі және одан туындайтын нәтиже арасында себепті байланыс болуын анықтау жеткілікті. Жауапкершіліктің туындауы үшін кінә талап етілмейді.
Сондықтан зиянды өтеу міндеті жоғары қауіптілік көзінің иеленушісі Серіктестікке жүктегені дұрыс.
Сонымен қоса, 2020 жылғы 25 маусымда Мекеменің орынбасары С[...] бекітілген «Электр беру желілерін жөндеу және пайдалану» нұсқаулығына сәйкес, аталған Серіктестік міндетіне үзілген электр сымдары және т.б. жөндеу жұмыстары кіретіні қарастырылған.
А[...] анықталғандай, М[...] ауылы, Жастар көшесінің бойындағы электр бағанасындағы электр жерлеу сымы бірнеше жылдан бері салбырап тұрды, яғни адам өміріне қауіп төндіріп тұрғаны көрінеді.
А[...] «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 1-тармағына сәйкес, электр және жылу желiлерiн, тұтынушылар қондырғыларын пайдалану кезiндегi ұйымдастырушылық iс-шаралары адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.
Сот алқасы, аталған заң нормаларына сәйкес, нақты жағдайларды ескеріп, жоғары қауіптілк көзінің иесі болып табылатын «ЖЭЖ[...]» ЖШС-нен моральдық шығынды өндіру керек деген тұжырымға келеді.
Жауапкер болып табылатын «Жамбыл облысы, [...] әкімінің аппараты» КММ-н жауапкершілікке тарту үшін негіздер анықталмады.
Іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 7 тармағында АК-нің 952бабының талаптары бойынша моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледі. Осы ретте сот өтемақы сомасын ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге ала отырып анықтайды деп көрсетілген.
Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот алқасы дау айтылған сот актілерін өзгертіп, оларды «ЖЭЖ[...]» ЖШС-нен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюдан бас тарту бөлігінде күшін жойып, осы бөлігінде талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
Мемлекеттік бажды төлеу бойынша сот шығыстары АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапкер «ЖЭЖ[...]» ЖШС-нен талапкер пайдасына өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының 2023 жылғы 9 тамыздағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қарашадағы қаулысы өзгертілсін, «ЖЭЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюдан бас тарту туралы бөлігінде күші жойылсын.
Осы бөлігінде жаңа шешім қабылдансын.
«ЖЭЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен А[...] Кабылбекович К[...] пайдасына 10 000 000 (он миллион) теңге моральдық зиян өндірілсін.
Қалған бөлігінде дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылсын.
К[...] пайдасына «ЖЭЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 863 (сегізжүз алпыс үш) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстар өндірілсін.
Талап қоюшының өкілі А[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Айтжанов
З. Кейкибасова
Судьялар
Т. Ибрашев
Көшірмесі дұрыс Судья
Т. Ибрашев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.