Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3286 (Гражданское)

6003-25-00-2к/3286

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновтың, жауапкердің өкілі С.Нысановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Мейірбек Ербосынұлы Тұрсымбайға мемлекет мұқтажы үшін жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі жауапкердің өкілі С.Нысановтың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер М.Е.Тұрсымбайдан Шымкент қаласы, Солтүстік саяжай алабы: №5987, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-2054431, №1519, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4434, - №1521, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4455, №1508, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4453, №1516, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4414 жер телімдері жалпы құны 39 388 000 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтіндігін, соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін жергілікті сотқа қайтаруды және кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілі С.Нысановты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновты, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде және мемлекеттік маңызы бар нысан құрылысын салу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі №280 қаулысымен және 2023 жылғы 17 мамырдағы №1161 қаулысымен жауапкер М.Е.Тұрсымбайдан Шымкент қаласы, Солтүстік саяжай алабы, №5987, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19309-205-4431, №1519, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4434, №1521, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4455, №1508, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4453, №1516, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309205-4414 жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін алынған.

Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шегіне 2020 жылы құзыретті органда тіркелген М. Тұрсымбайға тиесілі жер учаскелері енген.

Аталған жер учаскелеріне жауапкер М.Тұрсымбайдың 2020 жылдан құзыретті органда тіркелгенінен бастап меншік құқығы пайда болған.

«Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы негізінде «VIP-Adwiser» жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан әрі-ЖШС) жүргізген 2024 жылғы 1 мамырдағы №SHYMK-0855-24/ГЗ бағалау есебіне сай, жауапкерге тиесілі №1516 жер учаскесінің құны 6 450 000 теңгені, №SHYMK-0856-24/ГЗ бағалау есебіне сай, №1519 жер учаскесінің құны 6 450 000 теңгені, №SHYMK-085324/ГЗ бағалау есебіне сай, №1508 жер учаскесінің құны 6 450 000 теңгені, №SHYMK-0854-24/ГЗ бағалау есебіне сай, №1521 жер учаскесінің құны 6 450 000 теңгені, №SHYMK-0852-24/ГЗ бағалау есебіне сай, №5987 жер учаскесінің құны 6 450 000 теңгені құраған.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және жоғарыда көрсетілген жер учаскелерінің жалпы құны 32 250 000 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты, сот ұйғарымымен тағайындалған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптама орталығы» РМҚК Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институты сарапшысының 2024 жылғы 6 қарашадағы №3376 қорытындысында Шымкент қаласы, Солтүстік саяжай алабы, №5987, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4431, №1519, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4434, №1521, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4455, №1508, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309205-4453, №1516, алаңы 0,0800 га кадастрлық №19-309-205-4414 жер учаскелерінің (әр қайсысының нарықтық құны – 7 877 600 теңгеден), жалпы нарықтық құны 39 388 000 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама нарықтық ақпарат әдісімен жер учаскелерінің құның анықтау Шымкент қаласының жер учаскелері нарығын маркетингтік зерттеу тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскелері үшін өтемақы мөлшерін 39 388 000 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты, жауапкердің шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес

бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Жауапкер М.Е. Тұрсымбайдың сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай қалпына келтірілуге жатады. Өйткені, жауапкердің өз бастамасымен жасаған сараптаманың қорытындысын кешігіп алуының нәтижесінде кассациялық шағымды беру мерзімі себепті негіздермен өткізіліп алынған.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкер М.Е. Тұрсымбайға кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер өкілі С.Нысановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.