ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3429 (Административное)

6001-24-00-6ап/3429

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшы Г.С. Бейсекееваның, жауапкер Ж.Е. Хамзиннің қатысуларымен, өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мəжіліс залында,

талап қоюшы Гульнара Серикбаевна Бейсекееваның жауапкер жеке сот орындаушысы Жаслан Ерланович Хамзинге (бұдан əрі – ЖСО) əрекетсіздікті заңсыз деп танып, арызға жауап беруге міндеттеу туралы туралы əкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Г.С. Бейсекеева жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшының талап арызы қанағаттандырылған.

ЖСО Ж.Е. Хамзиннің 2024 жылдың 14 шілдесіндегі № 1560/24-71-2350 атқарушылық іс жүргізу бойынша арызына жауап бермеу жөніндегі əрекетсіздігі заңсыз деп танылған.

ЖСО Ж.Е. Хамзиннен жергілікті бюджетке 7 384 теңге сомасында мемлекеттік баж өндірілген.

ЖСО Ж.Е. Хамзиннен талап қоюшы Гульнара Серикбаевна Бейсекееваның пайдасына өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 100 000 теңге сомасында шығысы өндірілген.

Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер ЖСО Ж.Е. Хамзин кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Істі кассациялық сатыда қарау барысында талап қоюшы жəне жауапкер тараптар арасында жасақталған бітімгершілік келісімді бекітуді сұрады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

ӘРПК-нің 120-бабына сəйкес тараптар өзара жол беру негізінде əкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рəсім тəртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы əкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.

Жауапкердің əкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.

ӘРПК-нің 4-бабы 6-тармақшасына сəйкес əкімшілік қалау – əкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда жəне шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады.

Сотқа табысталған тараптар арасында жасақталған бітімгершілік келісім (бұдан əрі – Бітімгершілік келісім) келесі шарттардан тұрады: 1. Талап қоюшы Г.С. Бейсекеева жеке сот орындаушысы Ж.Е. Хамзиннің оның 2024 жылғы 14 шілдедегі арызына жауап бермеуін құқықтарды шектеу əрекеті деп тану, жауап беруге міндеттеу туралы талаптарынан бас тартады. 2. Жеке сот орындаушысы Ж.Е. Хамзин талап қоюшы Г.С. Бесекееваның 2024 жылғы 14 шілдедегі арызын заңда көрсетілген мерзімде қарастырып, жауап беруге міндеттенеді.

Талап қоюшы Г.С. Бейсекееваның жəне жауапкер ЖСО Ж.Е. Хамзиннің ұсынылған Бітімгершілік келісім шарттарын қолдаған пікірлерін тыңдап, əкімшілік іс құжаттарын зерделеп жəне ұсынылған бітімгершілік келісім шарттарын талқылап, сот алқасы келесідей қорытындыға келеді.

Ұсынылған Бітімгершілік келісімнің талаптары өзінің нысаны мен мазмұны бойынша АПК-нің 176-бабының талаптарына сəйкес келеді жəне ол заңға қайшы келмейді, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.

Сот талқылауы барысында тараптар аталған келісімді бекіту ниеттерін растады.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасына сəйкес кассациялық сатыдағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімінің, қаулысының жəне ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жояды жəне татуласу келісімінің бекітілуіне байланысты осы Кодекстің 277бабында белгіленген негіздер бойынша iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Мұндай жағдайда сот алқасы тараптар арасында жасалған Бітімгершілік келісім бекітілуге, ал іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талап арыз қайтарылуға жатады деп есептейді.

Сот алқасы талап қоюшы мен жауапкерге АПК-нің 278-бабы екінші тармағында көзделген бітімгершілік келісімін жасасудың жəне тараптардың бітімгершілік келісімінің талаптарын тараптардың келісімде көзделген тəртіппен жəне мерзімде өз еркімен орындауының құқықтық салдарын түсіндірді.

ӘРПК-нің 121-бабын жəне АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі шешімінің, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Тараптар арасында жасалған бітімгершілік келісім бекітілсін. 1. Талап қоюшы Г.С. Бейсекеева жеке сот орындаушысы Ж.Е. Хамзиннің оның 2024 жылғы 14 шілдедегі арызына жауап бермеуін құқықтарды шектеу əрекеті деп тану, жауап беруге міндеттеу туралы талаптарынан бас тартады.

  1. Жеке сот орындаушысы Ж.Е. Хамзин талап қоюшы Г.С. Бесекееваның 2024 жылғы 14 шілдедегі арызын заңда көрсетілген мерзімде қарастырып, жауап беруге міндеттенеді.

Тараптарға іс бойынша іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы жəне сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейтіні түсіндірілсін.

Талап қоюшы Гульнара Серикбаевна Бейсекееваның талап қоюы арызы Бітімгершілік келісімнің бекітілуіне байланысты қайтарылсын.

Осы əкімшілік іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.