ВС РК - Постановление от 30.05.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3288 (Административное)

№6001-23-00-6ап/3288

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «М[...]» шаруа қожалығының басшысы «М[...]» Зинетович К[...] (бұдан әрі - «М[...]» ШҚ) «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Бөкей ордасы аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – И[...]) мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы қаулысына талап қоюшының өкілі Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 маусымдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

И[...] 26 бас жылқыны сатып алу-сату шарты негізінде бірдейлендіруден бас тарту әрекеттері заңсыз деп танылған.

И[...] 26 бас жылқыны бірдейлендіруді міндеттелген.

Осы соттың 2023 жылғы 16 маусымдағы жеке ұйғарымымен істі қарау барысында анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы» (бұдан әрі – Облыстық инспекция) ММне жолданған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы шешімді қалпына келтіруді сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы және оның өкілінің істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарау туралы өтінішхаттары қараусыз қалдырылады, өйткені сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.

Іс материалдарын анықталғандай, 2022 жылғы 10 шілдеде жеке шаруа Г[...] мен «М[...]» ШҚ-ның арасында 12 480 000 теңгеге 26 бас аналық жылқы малын сатып алу-сату туралы шарт және қабылдап алу-тапсыру актісі жасалынған.

Шартта жылқы малдарының бірдейлендіру нөмірлері, түрі, жынысы, жасы, құны көрсетілген.

Алайда Г[...] сатып алынған жылқы малдары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорында (бұдан әрі – АШЖБД) тіркелмегені анықталған.

2023 жылдың 27 наурызында талап қоюшы И[...] өтінішпен жүгініп, сатып алған 26 бас жылқы малын АШЖБД-ға енгізіп, заңды түрде ветеринариялық құжат жасап беру туралы өтініш түсірген.

Облыстық инспекция 2023 жылғы 29 наурызда «М[...]» ШҚ-ның жетекшісі Қ[...] бірдейлендірілмеген 26 бас жылқыларын анықтау комиссиясын құру туралы №30 бұйрық қабылдаған.

Комиссиямен 2023 жылғы 10 сәуірде жасалынған акт бойынша бірдейлендірудің жүргізілмеу себептері: уақытылы АШЖБД-на тіркелмегені, сатқан адамның базасында шартқа сай келетін мал саны жетіспегенін көрсетілген.

Комиссияның хаттамалық шешімімен жылқы малдарын АШЖБД-ға енгізу туралы К[...] өтініші қанағаттандырылмаған. Бұл әрекетпен талап қоюшы келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, жауапкер жылқы малын бірдейлендірудің жоқтығын анықтағаннан кейін шаралар қолданбаған, атап айтқанда, жылқыларды бірдейлендіруді ұйымдастыру және жүргізу үшін актіні ЖАО бөлімшесіне және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымына жібермегенін көрсеткен.

Заңға сәйкес жеке тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге міндеттелсе, өз кезегінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жауапкерге бағынатын ветеринариялық ұйымдарға жүктеледі. Өз кезегінде талап қоюшы комиссияға жылқылардың оған тиесілі екендігі туралы растайтын құжаттарды ұсынған, алайда бұл мән-жайлар назарға алынбағаны анықталған. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сотының тұжырымымен келіспей, ол анықталған мән-жайларға және заң талаптарына сәйкес келмейді деп көрсеткен.

Ө[...] туралы заңнамаға сәйкес ауылшаруашылығы жануарларын сатушының (иесінің) АШЖБД-да неше бас малы бары, түртүсі, жасы, тағы басқа мәліметтер тіркелуі тиіс. Ал іс құжаттары бойынша талап қоюшының Г[...] сатып алған 26 бас жылқы туралы мәліметтер тіркелмегені нақты анықталған. Бұдан басқа, сатып алу-сату шартында көрсетілген сәйкестендіру нөмірлерінің еш жерде тіркеуде жоқ екені, жылқылардың жасы 3-4 жас деп көрсетілген, ал 2019 жылғы мәлімет бойынша Г[...] атында тек 8 бас жылқы малы тіркелгені көрсетілген.

Сот алқасы апелляциялық сот алқасының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы негізсіз деп санайды.

ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтарындағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру Қағидалардың 30-1-тармағына сәйкес, осы Қағидалардың 2 және 30-тармақтарына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүргізілмеген жағдайлар анықталған кезде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринария саласындағы уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшесі 2 (екі) жұмыс күні ішінде ЖАО бөлімшелерінің, ветеринариялық ұйымның, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринария саласындағы уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшесінің өкілдері қатарынан комиссия құрады. Комиссия кемінде үш мүшеден тұрады. Комиссия құрылған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының шығу тегін, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің жүргізілмеу себептерін анықтайды, осы Қағидаларға 5-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің жүргізілмеу себептерінің анықталғаны туралы акт жасай отырып, осы Қағидалардың 29тармағында көрсетілген жағдайларды болдырмайды.

Комиссия ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің жүргізілмеу себептерінің анықталғаны туралы акт жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде: ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің жүргізілмеу себептерінің анықталғаны туралы актіні ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді ұйымдастыру және жүргізу үшін ЖАО бөлімшесіне және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымына жібереді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорға тиісті мәліметтерді енгізе отырып, осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі; Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде материалдарды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринария саласындағы уәкілетті органы ведомстосының аумақтық бөлімшесінің басшысына береді. Яғни, Комиссия ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруі жүргізілмегені анықталғанда оның жүргізілмеу себептерінің анықталғаны туралы актіні ЖАО бөлімшесіне жолдайды немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде материалдарды аумақтық бөлімшесінің басшысына береді. Алайда, бұл норманың ережесін сақтамай отырып, Комиссия талап қоюшының өтінішін қанағаттандырусыз қалдырып, жазбаша түрде жауап ұсынған.

Бұл жағдайда, бірінші сатыдағы сотының жауапкер жылқы малын бірдейлендіруінің жоқтығын анықтағаннан кейін Қағидалардың 30-1тармағының талаптарына сәйкес шаралар қолданбаған, атап айтқанда, жылқыларды бірдейлендіруді ұйымдастыру және жүргізу үшін актіні ЖАО бөлімшесіне және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық ұйымына жіберілмегені туралы тұжырымы заңды болып табылады.

ӘРПК-нің 14-бабымен әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынған.

Сондықтан талап қоюды қанағаттандыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы қаулысының күші жойылсын. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.