ВС РК - Постановление от 16.08.2022 по делу 6001-22-00-6ап/430 (Административное)

6001-22-00-6ап/430

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 16 тамыз

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.Ү.Қайыпжан,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

талап қоюшы А[...]

жауапкердің өкілі Т[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында А[...] Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан Облыстық тәртіптік кеңестің (бұдан әрі - Тәртіптік кеңес) шешімін даулау туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымы мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшы А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А[...] Тәртіптік кеңестің 2015 жылғы 17 ақпандағы №2 хаттамалық шешімімен келіспей, оның күшін жою туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтыны көрсетіліп, қайтарылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы ұйғарымымен жоғарыда аталған ұйғарым күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша объективті құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымын, жауапкер өкілінің қарсы пікірді қолдаған түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда Шығыс Қазақстан облысы, [...] орта мектебінің қызметкерлері М[...], К[...] О[...] және мектеп директоры А[...] заңсыз іс-әрекеттері жөніндегі арыздары негізінде Зайсан ауданының прокуратурасының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің енгізілген ұсыныстары негізінде тәртіптік іс қозғалған.

Ұ[...] орта мектебінің асханасында ақылы қызмет көрсетуге рұқсат етілмегеніне қарамастан, оқушыларға арналған тегін тамақты сату, қосымша тағамдарды дайындап сату жағдайлары орын алғаны, аталған жағдай 2012 жылы Зайсан ауданы бойынша қаржы полициясымен тексеріліп, Зайсан ауданы бойынша білім бөлімімен А[...] тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны, бірақ тамақты саудалау 2014 жылғы қараша айына дейін жалғасқаны, бұған қоса мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобустың жалға беріліп, жалға беруден түскен қаражат мектептің арнайы есеп шотына кірістенбегені, мектеп директорының жұмыста болмаған қызметкерден сыйақы қабылдағаны, мектепте заңсыз пайда табу ұйымдастырғаны көрсетілген.

Тәртіптік кеңестің 2015 жылғы 17 ақпандағы №2 хаттамалық шешімімен Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің басшысына сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заңбұзушылық жасағаны және мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет көрсеткені үшін Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылы, Абай орта мектебінің директоры А[...] қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

Жергілікті соттар Тәртіптік кеңестің осы шешімі негізінде талап қоюшы Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің бұйрығымен мектеп директоры қызметінен босатылғанын, жұмыстан босату туралы бұйрық сот тәртібімен дауланып, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2015 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен А[...] Зайсан ауданы бойынша білім бөліміне оны жұмысқа қайта қабылдау туралы талап қою арызы қанағаттандырылудан бас тартылғанын анықтаған.

Сол кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2015 жылғы 6 қаңтардағы №2 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртіптік кеңестерінің Регламентінің» (бұдан әрі - Регламент) 16-тармағына сәйкес тәртіптік кеңесте мәселелерді қарау нәтижелері Тәртіптік кеңес шешімдері түрінде ресімделген.

О[...] 29-тармағына сәйкес, Ереженің 3-тармағында көрсетілген адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде Тәртіптік кеңестің ұсынысы, мемлекеттік органға немесе Ереженің 6-тармағының 1)тармақшасында көрсетілген лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралатыны көрсетілген.

Ұ[...] қараудың қорытындысы және қабылданған шаралар туралы Тәртіптік кеңеске ұсыныс қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлануы тиіс болған.

ӘРПК-тің 4-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

О[...] орай, даулы хаттамалық шешім әкімшілік акт санатына жатпайды, себебі аталған шешім әкімшілік органмен қабылданбаған, талап қоюшының құқықтарын іске асырудан бас тартпаған, тоқтатпаған немесе оған міндет жүктемеген.

А[...] дауланып отырған Тәртіптік кеңестің хаттамалық шешімі ұсынымдық сипаттағы құжат болып табылады.

ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымы мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қаңтардағы ұйғарымы күшінде, талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан

Судьялар

Б. Нажмиденов

Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.