ҚАУЛЫ
2024 жылғы 5 наурыз №6001-23-00-6ап/2147 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Ғ.Ө. Әлжанов,
судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер Ә[...] атындағы Қ[...] жас мамандарды жұмысқа бөліп жіберу комиссиясының шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы К[...] (бұдан әрі – Талап қоюшы) жауапкер ӘлФараби атындағы Қ[...] (бұдан әрі - У[...]) сотқа талап қоюымен жүгініп, онда жас мамандарды жұмысқа бөліп жіберу комиссиясының шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 136-бабының 2- бөлігінң 11)-тармақшасына сәйкес, талап қоюшыға талап қоюы кері қайтарылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының ұйғарымдарының күшін жойып, оның талап қоюын негізінен қарауға бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым - Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы 25 тамыз 2015 жылы мемлекттік грант арқылы У[...] күндізгі бөліміне оқуға түскен және сол күні грант бойынша білім беру туралы №001-5В-139 келісім-шарты жасалынып, талап қоюшы қолын қойған.
Аталған келісім-шарттың негізінде оқу орнының жас мамандарды жұмысқа жіберу комиссиясының 2019 жылғы 11 маусымдағы №1 шешімімен Алматы қаласының №33 мектеп-лицейіңе ағылшын тілінің мұғалімі ретінде жіберілген. Алайда, талап қоюшы мектепке мұғалім ретінде жұмысқа орналасу үшін бармай Республикалық жоғарғы медициналық колледже ағылышын пәнінің мүғалімі ретінде жұмысқа қабылданғандығы анықталып, одаң Қаржы орталығының талап арызының негізінде сот арқылы грант ақшасы қайта өндіріліп алынған.
Талап қоюшы У[...] жас мамандарды жұмысқа жіберу комиссиясының отырысына қатыспағаның атап өтіп, комиссияның 2019 жылғы 11 маусымдағы №1 шешімді соттан заңсыз деп тануды талап еткен.
Жергілікті соттар талап қоюын қайтара отырып, талап қоюшының талабы білім беру туралы №001-5В-139 келісім-шарттан туындағанын көрсетіп, ол бойынша тараптардың өз міндеттерін орындау немесе тиісті түрде орындамау әрекеттерімен байланысты деп таныған. ӘРПК-тің 3-бабының 7-бөлігінің 2)-тармағы бойынша, іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 7- бабының 1)-тармағында, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден азаматтық құқықтар мен мiндеттер пайда болатыны, өзгерілетіні және тоқтатылатыны көрсетілген. Демек, тараптар арасындағы дау түзілген келісім-шарттың шеңберінде азаматтық-құқықтық міндеттемеден туындайтындықтан талап қоюшы мен жауапкердің арасында ӘРПК-пен қарастырылған жария-құқықтық қатынастар жоқ екенін ескере отырып, қойылған талап ӘРПК-пен көзделген тәртіппен қаралуға жатпайды.
Осыған байланысты, алқа, жергілікті соттардың ӘРПК-тің 138бабының 2-бөлігінң 11)-тармақшасына сәйкес, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан талап қоюды талап қоюшыға қайтару туралы ұйғарымдары дұрыс және заңды деген қорытындыға келеді. Сондықтан, шағымдалған жергілікті соттардың ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ.Әлжанов
Ж.Ермағамбетова Б.Нажмиденов
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.