Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2823 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 10 шілде №6003-26-00-2к/2823 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Р.А.Исполова, А.З.Кайырбеков, талап қоюшының өкілі С[...], жауапкердің өкілі адвокат Н[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «С[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (осыдан әрі - ЖШС) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою бойынша азаматтық істі Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2025 жылғы 16 мамырда талап қоюшы мен жауапкер араларында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №[...]/250040/00-37 шарт жасалып, ол толық көлемде орындалған.

2025 жылғы 29 сәуірдегі «АФ[...]» ЖШС-нің шағымына сай Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, нәтижесінде «С[...]» ЖШС-і мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу барысында техникалық мүмкіндіктері туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны, атап айтқанда, жол-құрылыс техникасының жалға алынғаны жөніндегі құжаттарда көрсетілген деректердің жалған екендігі анықталған.

Талап қоюшы талап қоюында соттан жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, апелляциялық сот актісінің күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылыққа жол бермеген.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 8-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі анық емес ақпаратты берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келеді, себебі жауапкердің конкурсқа ұсынылған құжаттамасында салмағы 30 тонналық коток техникасы «К[...]» ЖШС-нен жалға алғаны көрсетілген. Алайда 2025 жылғы 6 мамырдағы аталған ұйымның хатына сәйкес жауапкермен ешқандай техниканы жалға алу шарты жасаспағаны анықталған.

Заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес, жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа жүгіну мерзімі құқық бұзушылық белгілі болған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс болған.

Қаралып отырған жағдайда талап қоюшыға жауапкер тарапынан жасалған заң бұзушылықтар туралы Департаменттің 2025 жылғы 3 шілдедегі хатынан белгілі болған, осы талап қою сотқа 2025 жылғы 11 шілдеде, яғни сотқа беру мерзімі сақталып берілген.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда, іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі апелляциялық сатыдағы сотпен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

Р.Исполова

А.Кайырбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.