Қ А У Л Ы
2026 жылғы 8 cәуір №6003-26-00-2к/265 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова судьялар Қ.Айтжанов, А.Токсанбаев,
талап қоюшы Н.Муратов, жауапкердің өкілдері Қ.Әлімкул мен А.Садыбаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Нуржан Сабиржанович Муратовтың жауапкер Асанбай Бесбаевич Копбергеновке қарыз ақша өндіру туралы талап қоюы және қарсы талап қоюшы Асанбай Бесбаевич Копбергеновтің жауапкерлер Нуржан Сабиржанович Муратовқа, жеке нотариус Кайрат Исмаилович Султанбековке жалға алу шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Н.Муратовтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Н.Муратов жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгініп, жауапкер А.Копбергенов ғимаратты жалға алу шартты бойынша 2022 жылғы 1 наурыз - 2025 жылғы 1 ақпан аралығында ай сайынғы жалдау ақыны төлемегенімен негіздеп, жалпы 5 250 000 теңгені өндіруді сұраған.
Жауапкер А.Копбергенов сотқа берген қарсы талап қоюында, шарттың 2-тармағында жалға беруші мүлікті қабылдау-өткізу актісі бойынша пайдалануға тапсыруға міндеттенгенімен, алайда міндеттемесін орындамағандықтан жалға алу шартын жарамсыз деп тануды сұраған.
Келес аудандық сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкер А.Копбергеновтен талап қоюшы Н.Муратовтың пайдасына 5 250 000 теңге және мемлекеттік бажға төленген 52 500 теңге өндірілген.
Қарсы талап қоюшы А.Копбергеновтің жауапкер Н.Муратовқа жалға алу шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен шешім өзгертілген.
Сот шешімінің талап қоюшы Н.Муратовтың жауапкер А.Копбергеновтен 5 250 000 теңге өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, Н.Муратовтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.
әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Бірінші сатыдағы соты талап қоюшы Н.Муратовтың талап қоюын қанағаттандырып, оны тараптардың арасындағы жалға алу шарты бойынша жалға алушы А.Копбергенов 2022 жылғы 2 наурыз - 2025 жылғы 1 ақпан аралығында әр ай сайын 150 000 теңге төлеу міндеттемесін орындамағанымен негіздеген.
Сот алқасы шешімнің бұл тұжырымен төмендегі негіздер бойынша келіспеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 277-баптарының талабына сай мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс. АКнің 540-бабы 1-тармағының талабына сай мүлiктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.
АК-нің 581-бабы 1-тармағына сәйкес үйдi немесе ғимаратты жалдау шарты бойынша жалға берушi үйдi немесе ғимаратты жалға алушының уақытша иеленуiне және пайдалануына беруге мiндеттенедi.
АК-нің 584-бабы 1, 2-тармақтарына сай жалға берушiнiң үйдi немесе ғимаратты беруi және оны жалға алушының қабылдауы өткiзу актiсi немесе тараптар қол қоятын өткiзу туралы өзге де құжат бойынша жүзеге асырылады. Үйдi немесе ғимаратты беру туралы құжатқа тараптардың бiрiнiң шартта көзделген талаптар бойынша қол қоюдан бас тартуы, тиiсiнше жалға берушiнiң мүлiктi беру жөнiндегi мiндетiн орындаудан, ал жалға алушының мүлiктi қабылдаудан бас тартуы деп қаралады. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабы 1) тармақшасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың мынадай ауыртпалықтары құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады: кемінде бір жыл мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде жалға беру, өтеусіз пайдалану, сервитуттар, өмір бойы қарауында ұстау құқығы, рента.
2022 жылғы 2 наурызда тараптардың арасында жалға алу шарты (әрі қарай-даулы шарт) жасалған, ол бойынша жалға беруші Н.Муратов жалға
алушы А.Копбергеновке Түркістан облысы, Келес ауданы, Біртілек ауылдық округі, Амангелді ауылы, Қазақстан көшесі, №46 мекенжайда орналасқан ғимаратты 2025 жылғы 1 наурызға дейін ай сайын 150 000 теңге төлемақы төлеумен жалға берген.
Осы жалға алу шартының 1-тармағына сәйкес жалға беруші жоғарыда көрсетілген ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, қолөнер үйірмесін ашу үшін, құрылыс жағдайы өте жақсы, электр энергия, инженерлік-техникалық құрылғылары бар, жалпы алаңы 219,9 шаршы метрді жалға алушыға жалға берген.
Даулы шарттың 2-тармағына сай, «жалға беруші» «жалға алушыға» шартпен белгіленген тәртіппен мүлікті пайдалануға кедергі келтіретін әрекеттер жасамауға және мүлікті қабылдау-өткізу актісі бойынша тапсыруға міндеттеме алған.
2025 жылғы 25 ақпандағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының жауабынан, Түркістан облысы, Келес ауданы, Біртілек ауылдық округі, Амангелді ауылы, Қазақстан көшесі, №46 мекенжайда орналасқан, кадастр 19-326-066-013 саны, дүкен ғимараты Н.Муратовқа тиесілі, 2021 жылғы 6 қыркүйектегі №ЮК-21-ДЗ-ЖВТ-1067/2 кепіл шарты негізінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға кепілге қойылған.
Сонымен қатар, «Ә.Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнымен А.Копбергенов 2022 жылғы наурызда даулы ғимаратта қолөнер үйірмесін ашуға өтініш бергені, алайда аталған ғимарат кепілде тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаржылай грант (субсидия) алу өтініші кері қайтарылғаны хабарланған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің жауабына сәйкес Түркістан облысы, Келес ауданы, Біртілек ауылдық округі, Амангелді ауылы, Қазақстан көшесі, №46 мекенжайдағы коммерциялық нысан жеке кәсіпкер Н.Муратовтың атында, 2022 жылғы 2 наурыз бен 2025 жылғы 1 наурыз аралығында нысан электрэнергиясын тұтынбағандықтан төлемдер жүргізілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың арасында жалға алу шарты үш жылға жасалғанымен, міндетті түрде уәкілетті тіркеуші органда тіркелмегенін, мүлікті қабылдау-өткізу актісі тараптардың арасында жасалмағанын, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің жауабынан даулы шарт бойынша ғимаратта көрсетілген жылдарға электрэнергиясын тұтынбағанын ескеріп, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертіп, талап қоюшының жалға алу шарты бойынша ақысын жауапкерден өндіру туралы талап қоюын қанағағатандырған бөлігінің күшін жойып, талап қоюдың осы бөлігін қанағаттандырусыз қалдырған.
Алайда апелляциялық сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмаған, осыған байланысты материалдық құқық нормаларын қолдануда елеулі заң бұзушылыққа жол берген.
АК-нің 155-бабына сәйкес егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі. Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады. Егер тараптардың бірі мәмілені мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәміле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.
Даулы шарттың тіркелмегені туралы апелляциялық сатыдағы соттың түйіні істің мән-жайларына сәйкес келмейді. Себебі, іске Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Келес аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен осы іс бойынша тараптарға 2022 жылғы 3 наурызда ауырпалық тіркелгені туралы хабарлама тіркелген.
Расында, жалға беруші шарттың 2-тармағына сәйкес ғимаратты жалға алушыға қабылдау-өткізу актісі бойынша пайдалануға тапсыру міндеттемесі орындалмағанымен, жалға беруші ғимаратты жалға алушымен пайдалануға кедергі жасамаған. Жалға алушы ғимараттың кілтін алып, онда жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ғимараттың ішін жөндеп, тәртіпке келтіргенін жауапкер растайды. Яғни жауапкердің ғимаратты пайдалануға толық мүмкіндігі болған.
Бірінші сатыдағы сотта жауапкер А.Копбергеновтің өтініші бойынша куә ретінде сұралған А.Алтыбаев пен Г.Калмурзаев, жауаптарында А.Копбергеновтің тапсырмасымен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізгенін көрсеткен.
Осы тұрғыда, сот бірінші сатыдағы соттың А.Копбергенов жалға алған ғимаратты іс жүзінде қабылдап алғаны, оны пайдалануға толық мүмкіндігі болғаны, жалға беруші ғимаратты пайдалануға кедергі жасамағаны және шарт бұзылмағаны, осы мән-жайлардың жиынтығы жалға алушымен шарттың 1- тармағына сәйкес 2022 жылғы 2 наурыз - 2025 жылғы 1 ақпан аралығында әр ай сайын 150 000 теңге, жалпы 5 250 000 теңге жалдау ақысы төленуге тиіс деген түйінін негізді деп санайды. Себебі, мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс. Осы ретте, жауапкердің ғимаратты пайдаланбағаны туралы уәждері сот назарға алуға жатпайды деп санайды, себебі жауапкер өзiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адалдық және iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтамаған. Жауапкердің бұл әрекетімен талап қоюшыға материалдық залал келтіреді. Мұндай жағдайда, АК-нің 8-бабы 7-тармағына сәйкес жауапкердің құқықтары қорғалуға жатпайды.
Сот, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлар жөнінде құжаттар мен деректер толық болуын, апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын қолданғанда жол берген қателіктері елеулі екенін, ол іс бойынша қате шешім қабылдауына алып келгенін ескеріп, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, қаулының бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюшы Н.Муратовтың жауапкер А.Копбергеновтен 5 250 000 теңге өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, Н.Муратовтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарған бөлігінің күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешім күшінде қалдыруға жатады.
Сәйкесінше, АПК-нің 109-бабының 1-тармағына сай жауапкерден талап қоюшының пайдасына 26 250 теңге мемлекеттік бажға төленген сот шығыны өндірілуге, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8)-тармағын басшылыққа алып, сот
Талап қоюшы Нуржан Сабиржанович Муратовтың кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімінің талап қоюшы Нуржан Сабиржанович Муратовтың жауапкер Асанбай Бесбаевич Копбергеновтен 5 250 000 (бес миллион екі жүз елу мың) теңге өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, Нуржан Сабиржанович Муратовтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарған бөлігінің күші жойылсын.
Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Асанбай Бесбаевич Копбергеновтен талап қоюшы Нуржан Сабиржанович Муратовтың пайдасына 26 250 (жиырма алты мың екі жүз елу) теңге мемлекеттік бажға төленген сот шығыны өндірілсін. Талап қоюшы Н.Муратовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья А.Даненова
судьялар Қ.Айтжанов
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.