ВС РК - Постановление от 20.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3381 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3381

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

талап қоюшының өкілі К.А.Кошкаровтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Тулебаев Бақыт Полатовичтың жауапкер Түркістан қаласының Әкіміне, «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер учаскесін ауыстырып беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысына Түркістан облысының прокуратурасының келтірген кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Б.П.Тулебаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюшы Б.П.Тулебаевтың талабы қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Б.П.Тулебаевқа Түркістан қаласы Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 жер учаскесінің орнына жер учаскесін беруді Түркістан қаласының әкіміне мендеттелген.

Түркістан облысының прокуратурасы кассациялық өтінішхатында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасымен қабылданған қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы сот отырысына қатысқан тараптың пікірін тыңдап, кассациялық өтінішхаттің уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 10 ақпандағы №629 қаулысымен Б.Сейдазимовке тұрғын үй орналасқан, жалпы көлемі 0,1 га, Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 жер учаскесіне жеке меншік құқығы беріліп, жер учаскесіне кадастрлық №19-307-044-789 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №119 қаулысымен А.Шалбаевқа тұрғын үй құрылысын салу мақсатына, жалпы көлемі 0,1 га, Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 жер учаскесіне жеке меншік құқығы беріліп, жер учаскесіне кадастрлық №19-307-037-3338 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2017 жылғы 22 қаңтардағы №97 сатып алу-сату келісім шарты негізінде А.Шалбаев жер учаскесі Б.Тулебаевқа сатылған.Бұдан кейін, сол жер учаскесінің кадастрлық №19-307-163-556 деп және мекенжайы Түркістан қаласы, О.Датқа көшесі, №47А деп өзгертілген. 2021 жылғы 28 қаңтардағы №159 сатып алу-сату келісім шарты негізінде жер учаскесі Бик Сакар Махмад Хашамға сатылған.

Заңды күшіне енген Түркістан қалалық сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы шешімімен Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, Б.Тулебаев пен Бик Сакар Махмад Хашам арасындағы сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Сонымен бірге, Түркістан қаласы әкімінің 2023 жылғы 30 қазандағы жер учаскесінің мекенжайы «О.Датқа көшесі, №47А» деп бекітілген туралы қаулы, әкімнің 2023 жылғы 15 қарашадағы №447 қаулысымен мекенжайға өзгеріс енгізу туралы қаулының күші жойылған.

Талап қоюшы Түркістан қаласының әкіміне жүгініп, бір жер учаскесі екі адамға берілуіне байланысты жер учаскесін ауыстырып беруді сұраған.

Жауапкердің 2024 жылғы 8 қаңтардағы №ЖТ-2023-02601378 хатымен арыз қанағаттандырылмай, жер учаскесіне қатысты даулар сот тәртібімен қаралатынын хабарлаған.

Талап қоюшы Б.Тулебаев сотқа жүгініп, әкімдік заңсыз бір жер учаскесін екі адамға бергенін, кейін мекенжай беру туралы қаулысын жойғанын көрсетіп, Түркістан қаласы аумағынан басқа бос жер учаскесін өзіне ауыстырып беруді міндеттеуді сұраған. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен, талап қоюшы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Түркістан қаласы аумағынан жер учаскесін беру туралы өтініш беріп, кезектілік тізімде тұрмаған, ол бұрын басқа азаматқа берілген жер учаскесін сатып алған, оның жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылмағандықтан талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдағанда, талап қоюшының меншік құқығы өкілетті органға заңда көрсетілген мерзімде тіркелгенін, оның меншік құқығы аяқталмағанын, өзгертілмегенін және де заңда көрсетілген тәртіппен жарамсыз деп танылмағанын, осылайша талап қоюшы ӘРПК-тің 13-бабынай сәйкес талап қоюшының уәждері бойынша сенім құқығын қорғау қағида ескеру керек екенін көрсеткен.

Яғни, апелляциялық сот алқасы азамат А.Шалбаевқа жерді табыстау туралы Түркістан қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №119 қаулысы заңда көрсетілген тәртіппен жойылмағандықтан, осы әкімнің негізінде жер учаскесіне А.Шалбаевтың атына құқығы тіркеліп, кейіннен талап қоюшыға 2017 жылғы 22 қаңтардағы сату-сатып алу шарттың негізінде өткен, сонымен бірге аталған сату-сатып алу шарты заңда көрсетілген тәртіппен жарамсыз деп танылмағандықтан, талап қоюшының құқығы бұзылған деген тұжырымға келген.

Сот алқасы, бұл тұжырыммен келіспей, келесі мәліметтерге назар аударады.

Іс материалдарынан анықталғандай, Түркістан қаласы әкімдігімен Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 мекенжайдағы бір жер учаскесі екі адамға беріліп кеткен.

Осы жер учаскесіне Б.Сейдазимовтың құқығы 2007 жылғы 11 желтоқсанда тіркеуші органда тіркелген, ал А.Шалбаевтың құқығы оған 2010 жылғы 2 сәуірінде тіркелген.

Демек, жер учаскесіне Б.Сейдазимовтың құқығы А.Шалбаевтың құқығынан бұрын туындаған.

Сонымен қатар, іске тіркелген Кентау өңірлік мемлекеттік архивтінің анықтамасына қарағанда Түркістан қаласының әкімдігінің 2004 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен А.Шалбаевқа Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 мекенжайдағы жер учаскесі берілгені анықталған.

Демек, А.Шалбаевқа бұрын осы жер учаскесі бір рет табысталған.

Алайда, А.Шалбаевтың Түркістан қаласының әкімдігінің 2004 жылғы 24 тамыздағы қаулысының негізінде аталған жер учаскесіне құқығы тіркелгені, онымен жер учаскесі игерілгені туралы мәлімет жоқ.

Бұдан бөлек, іске тіркелген А.Шалбаевтың Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 2022 жылғы 2 ақпанда берген талап арызында А.Шалбаевқа 2003 жылы Түркістан қаласы, Иассы ауданы, О.Жарылқапов көшесі, №15А мекежайдан жер учаскесі Түркістан қаласының әкімінің шешімімен табысталғаны, осы жер учаскесінде үй құрылысын салып тұрып жатқаны, оның атына белгісіз жағдайда Түркістан қаласы әкімдігімен Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 4 көше, №18 мекенжайдағы жер учаскесіне Түркістан қаласының әкімінің қаулысы заңсыз қабылданғаны туралы көрсетілген.

Жергілікті соттарымен бұл фактілер назарға алынбай, олар зерттелмеген және баға берілмеген.

Бұл жағдайда апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа апелляциялық шағымды негізінен қарауға жіберілуге жатады.

Іс жаңадан қарауға жолдануына байланысты Түркістан облысының прокуратурасының кассациялық өтіншіхаты ішінара қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жолдансын.

Түркістан облысының прокуратурасының кассациялық өтіншіхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.