6001-20-00-3г/7937
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 01 ақпан
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы А[...] жауапкерлер – «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-ге, «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы және моральдық зиянды өтеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшы А[...] жауапкерлер - «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-ге ( бұдан әрі – Полиция департаменті ), «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі» ММ-ге ( бұдан әрі – Қаржы министрлігі ) жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, Полиция департаментінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды, Әл-Фараби ауданының ішкі істер басқармасы ( бұдан әрі – Полиция басқармасы ) криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкіл лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2026920 теңге орташа жалақы және 10000000 теңге моральдық зиян өтемін өндіруді сұраған.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Резерві» 010 бағдарламасының әкімшісіне орындалу міндеті жүктеліп, мемлекеттік қазынадан Қаржы министрлігінен А[...] пайдасына 500000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Шешімнің бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, аталған бөлікте талапты ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған:
Полиция департаментінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығының А[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған;
А.А[...] басқармасының криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкілі лауазымына қайта орналастырылған;
Полиция департаментінен А[...] пайдасына 750768 теңге орташа жалақы және 1400 теңге мемлекеттік баж ретінде төленген шығындары, мемлекет кірісіне 7507 теңге мемлекеттік баж өндірілген;
шешімнің А[...] жұмысқа қайта орналастыру және 375384 теңге жалақы өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолданған;
шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, 2017 жылғы 09 қарашадағы № 419 ж/қ бұйрық негізінде А.А[...] басқармасының криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу тобының жедел уәкілі лауазымына тағайындалған.
Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» ( бұдан әрі – Әдеп кодексі ) 5-тармағының 11), 13) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға, жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге міндетті.
Сонымен бірге, Ішкі істер министрлігімен 2016 жылғы 31 қазанда бекітілген «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары» туралы нұсқаулықтың ( бұдан әрі – Нұсқаулық ) 2-тармағының 2)-6), 8), 10), 13)-14), 17)-19) тармақшаларына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкері өзінің күнделікті қызметінде заңдылықтың қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауы, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуі, мүдде даулары туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке мүддесі туралы, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысқа және сыйлықтар алуға итермелеу туралы тікелей немесе тура басшысына баяндауы, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке және (немесе) пайдакүнемдік мүдделерін басшылыққа алмауы, басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға итермелемеуі және мұндай іс-әрекеттерді қолдамауы, қызметтік өкілеттіктерді орындаумен байланысты сыйлықтар алмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды ашуда белсенділік танытуы, сыбайлас жемқорлықтың белгілі болған фактілері, оның ішінде материалдарды тездетіп қарағаны үшін қандай да бір пайда алуға бейімділігі не болмаса әуре-сарсаңға салу туралы басшылыққа дереу баяндауы, жоғары құқықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ұстануы және әріптестерінен талап етуі, туындауы мүмкін мүдделер жанжалының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және олардың салдарларының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдауы, кірістер алумен байланысты кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруда біреуге көмек көрсетуден бас тартуды ұстануы тиіс.
2018 жылғы 19 ақпанда Шымкент қаласында орналасқан «Alser», «Мобилком», «Mobil+» дүкендерінде отыз бес дана ұялы телефондар және үш дана смарт сағаттар ұрланып, жәбірленушілерге жалпы сомасы 8600000 теңге мүліктік залал келтірілген.
2018 жылғы 10 наурызда аталған қылмысты жасағаны үшін ұсталған Өзбекстан Республикасының азаматы Б[...] айғақтарынан ұрланған жиырма бір дана ұялы телефондар соңғының Ташкент қаласында орналасқан үйінде екені анықталған.
2018 жылғы 11 наурызда Полиция басқармасының жедел уәкілдері А[...] және С[...] Б[...] әкесі П[...] Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетіне шақырып, үйінен ұрланған ұялы телефондарды оның Оразәлі есімді ұлы арқылы алдыртқан, алайда ол жөнінде тиісті алу хаттамасы толтырылмаған.
2018 жылғы 12 наурызда Полиция басқармасының жедел уәкілдері С[...] пен Х[...] сол күні Шымкент қаласында Б.П[...] төрт ұялы телефонның алынғаны, 2018 жылғы 03 сәуірде бір ұялы телефонның алынғаны туралы хаттаманы айғақты заттармен қоса тергеуші А[...] ұсынған. Алайда хаттамаларда көрсетілген куәгерлерге қатысты қандай да бір мәліметтерді анықтауға мүмкіндік болмаған.
2018 жылғы 02 мамырда Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасымен А[...], С[...], Х[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ( бұдан әрі – ҚК ) 189бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен және 416-бабының 6-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін № 185112011000008 қылмысты іс қозғалып, 2018 жылғы 24 шілдеден бастап оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
2018 жылғы 27 шілдеде таңдалған бұлтартпау шарасы «кепіл» түріне өзгертілген.
Жүргізілген қызметтік тексерудің нәтижесінде А[...] басшылық тарапынан ескертілгеніне қарамастан, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар бола тұра, қылмыстық іс бойынша дәлелдеме болып танылатын сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру жолымен, ірі мөлшерде залал келтіріп, Әдеп кодексінің 5-тармағы 13) тармақшасының талаптарын өрескел бұзуы құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін оны ішкі істер органдарының қатарынан шығару туралы ұсыныс енгізілген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі – № 380-IV Заң ) 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметкер құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
№ 380-IV Заңның 80-бабының 2-тармағына сай, азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
Полиция департаментінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрығымен № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде А[...] ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.
А[...] криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі қызметін атқарып жүріп, мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілеттік берілген адам бола тұра, адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласып, өздерінің қызмет бабымен ұштастыра отырып, Шымкент қаласындағы «Alser», «Мобилком», «Mobil+» дүкендерінен ұрланған ұялы телефондар бойынша тергеушінің жеке тапсырмасымен жүргізілген жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында айғақты зат ретінде тәркіленіп, куәлармен қылмыстық іске тіркеу үшін сеніп тапсырылған жиырма бір дана ұялы телефондардың он алты данасын жымқырған деп айып тағылған.
Сарыағаш аудандық сотының 2019 жылғы 07 наурыздағы үкімімен А[...] іс-әрекетінде ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен, 416-бабының 6- бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы болмауына және қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты ақталған.
Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 06 маусымдағы қаулысымен жоғарыда аталған сот үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс бойынша жол берілген қылмыстық процестік заңнама бұзушылықтарды (ұялы телефондарды қай уақытта иемденген, қай жерде қылмыс жасалған, қай уақытта, қылмыстың тәсілі және басқа да мән-жайлар) жою үшін Түркістан облысы прокурорына қайтарылған.
Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының 2020 жылғы 13 мамырдағы қаулысы негізінде қылмыстық іс бойынша жол берілген қылмыстық процестік заңнама бұзушылықтарды жою мүмкін болмауына байланысты А[...] қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу оның әрекетінде ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен (мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамның өзiнiң қызмет бабын пайдалануымен, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру) , 416-бабының 6-бөлігімен (ауыр қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы болмауына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде тоқтатылған.
Әл-Фараби аудандық соты А[...] құқық қорғау органының ерекше нұсқауларын орындауға, мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын, қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға міндетті тұлға бола тұра, қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылғанын ескеріп, даулы бұйрықты, жұмысқа қайта орналастыру туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Сонымен бірге, аудандық сот жүргізілген тергеп-терксеру барысында А[...] қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылғанын, кейін ісәрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын, жалпы келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, моральдық күйзелісін, ыңғайсыз және қолайсыз жағдайда болғанын көрсетіп, Қаржы министрлігінен оның пайдасына 500 000 теңге моральдық зиян өтемін өндірген.
Шымкент қалалық соты бірінші сатыдағы соттың іс бойынша анықталған мән-жайларға, дәлелдемелерге, іс құжаттарына дұрыс баға бермегенін, нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбегенін, қабылданған шешім істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот қызметтік тексеру нәтижесінде күдікті Б[...] жауабына сәйкес ұрланған жиырма бір дана ұялы телефондар оның Ташкент қаласында орналасқан үйінде болғаны, аталған телефондарды 2018 жылғы 11 наурызда әкесі П[...] жедел уәкілдер А[...] мен С[...] «Жібек жолы» кеден бекетінен алып, алу хаттамасын толтырылмағаны туралы қорытындылары қылмыстық іс бойынша жауапталған куәлардың жауаптарымен теріске шығарылатынын, атап айтқанда, куәлардың ұялы телефондарды А[...], С[...] немесе Х[...] алғандары анықталмағанын көрсеткен.
Сонымен қатар, күдікті Б[...] ағасы куә Ж[...] жиырма бір ұялы телефонды кеден бекетіне такси жүргізушісі арқылы беріп жібергені, ұялы телефондар Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының аумағына қай уақытта, қандай жолмен, қандай тұлғалар арқылы өткізілгені туралы дәлелдемелер анықталмағанын, кеден бекетінен ұялы телефондарды алып өткен тұлғаларды анықтау мақсатында жеке тапсырма берілгені, бірақ ешқандай нәтиже болмағанын назарға алған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сай адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
А[...] қатысты қылмыстық істің қозғалуы жұмыс берушімен құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық деп бағаланғанын, аталған қылмыстық іс ақталатын негіздерге байланысты тоқтатылғанын, сол себептен талап қоюшы құқық қорғау органының абыройы мен беделіне нұқсан келтірмегенін және жалпы оның тарапынан теріс қылық орын алмағанын көрсетіп, оған қатысты Полиция департаментінің даулы бұйрығының күшін жою, оны бұрыңғы жұмысқа қайта орналастыру туралы жаңа шешім қабылданып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің ( бұдан әрі – Еңбек кодекс ) 161-бабының 1-тармағына сай бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндірілген.
Сонымен бірге, Жоғарғы Соттың «Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы» 1999 жылғы 09 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысының 4-тармағында соттың ақтау үкiмi немесе анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокуратураның қылмыс оқиғасының болмауы салдарынан, қылмыс құрамының болмауы салдарынан немесе адамның қылмысқа қатысқаны дәлелденбеуi салдарынан қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысы шығарылған жағдайда адамды толық ақталды деп тану керектігі түсіндірілгені ескерілген.
Апелляциялық сатыдағы сотпен моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қою бойынша бірінші сатыдағы сот шешімі «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысында берілген түсіндірімелерді дұрыс қолдану арқылы қабылданып, ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдері негізді ескерілген деп қорытындыланған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық құқық нормасы дұрыс қолданылмағанын, жергілікті соттардың А[...] жұмыстан оған қатысты айыптау үкімнің күшіне енгеніне не қылмыстық iс ақтау негiздерi бойынша тоқтатылғанына байланысты емес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шығарылғанын ескермегенін көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 4-тармағында Еңбек кодексіне сәйкес жеке еңбек дауларын қарау бойынша келісу комиссиясына жүгінбестен, сотқа жүгінуге құқылы еңбек құқықтық қатынастарына қатысушылар үшін жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап үш ай мерзім белгіленгені түсіндірілген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 179-бабының 2, 3- тармақтарына сай талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Полиция департаменті өтінішхатында:
егер талап қоюшымен Еңбек кодексінде қарастырылған өтініш беру мерзімі дәлелсіз себептер бойынша өткізіп алынғаны анықталса, талап қою арызы қараудан бас тартылатыны,
А[...] құқық қорғау қызметіне кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығару туралы 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 1081 ж/қ бұйрықты даулап, сотқа талап қою арызымен 2020 жылғы 23 маусымда, яғни сотқа жүгiну үш айлық мерзімін өткізіп, бұйрық шығарылған күннен шамамен екі жыл өткен соң жүгінгені,
А[...] еңбек қатынастары оның қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны үшін емес, құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық үшін тоқтатылғандықтан, талап қою мерзімі қылмыстық іс қысқартылған күннен емес (2020 жылғы 13 мамыр) , дауланған № 1081 ж/қ бұйрық шығарылып оның
көшірмесі жұмыстан босатылған жұмыскерге табыс етілген күннен бастап есептелуге жататыны туралы уәждер келтірген.
2020 жылғы 13 және 30 шілдеде Полиция департаментінің өкілі Ж[...] талап қою мерзімін қолдану туралы өтініштер білдірген ( бума 1, іс беті 21, 117-119 ), алайда жергілікті соттармен ол өтініштерге сот актілерінде құқықтық баға берілмеген.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот А[...] қатысты жүргізілген тергептексеру барысында іс-әрекетінде қылмыстың құрамы анықталмай, заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартылуымен байланысты оған келтірілген моральдық күйзелістер үшін өтемді өндіру туралы талап қою бойынша шешім қабылдаған кезде Полиция департаменті жұмыс беруші ретінде жауапкер болып танылмайтынын, ал Қаржы министрлігі тек қана «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Резерві» 010 бағдарламасының әкімшісі екенін ескермей, тергептексеру органын іске қатыстырмаған, яғни сот іске қатысуға тартылмаған тұлғаның құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья Көшірмесі дұрыс.Судья
Е.Исмаилов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.