ВС РК - Постановление от 25.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2210 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 25 сәуір 6001-22-00-6ап/2210,(2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Еламан» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер И[...] (бұдан әрі – «Еламан» ЖК, И[...]) жауапкер «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіннің (КММ) әрекетіне дау айту және залал сомасын өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысына талап қоюшының және жауапкердің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкер заңсыз тексеру жүргізгенін, соның салдарынан матриалдық және моралдық залал келгенін көрсеткен.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюдың моральдық залалды өндіру бөлігі әкімшілік тәртіппен қарауға жатпайды деген негізбен қайтарылған.

Аталған ұйғарым апелляциялық тәртіпте шағымдалмаған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-нің «Еламан» ЖК-ның уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығындағы Сырдария ауданы Қ[...] ауылдық округінде орналасқан кадастрық нөмірі [...] жер учаскесінде жүргізген тексеру әрекеттері заңсыз деп танылған.

Шешімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы сотпен жеке ұйғарым қабылданған және ол кассациялық тәртіппен шағамдалмаған.

ЖК «Еламан» кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот актісін өзгертіп, материалдық және моральдық зиянды өндіріп беруді сұраған.

Жауапкер «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-і (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, талап қоюды қараусыз қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы И[...] отбасы жағдайына байланысты, ал мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғат ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі ешқандай негіз көрсетпей, істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшының және мүдделі тұлға өкілінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.

Жауапкер немесе оның өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда Сырдария ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен «Еламан» ЖК-ға «Қ[...]» ауылдық округі жерінен жалпы көлемі 20,0 га жер фермер қожалығын жүргізу үшін 49 жыл мерзімге берілген.

«Еламан» ЖК сотқа берген талап қоюында оның жер учаскесіне Жер қатынастар бөлімі негізсіз тексеру жүргізіп, шаруашылығын жүргізуге кедергі жасады деген уәждер кетірген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқанда, жауапкер тарапынан заңсыз әрекет жүргізілмегенін, тексеру болмағанындығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей, сот шешімінің күшін жойғанда мына мән-жайларды ескерген.

Жер қатынастар бөлімі 2021 жылғы 5 қазандағы Экология департаментіне И[...] жер учаскесінде карьер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізіп жатқаны анықталғанын хабарлаған. Осыған қатысты фотосуреттер мен дәлелді құжаттар жинақталғанын хабарлай отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбай отырған жеке тұлғаға тиісті шара қолдануды сұраған.

Жауапкердің іс жүзінде тексеру жүргізгені істегі құжаттармен бекітілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 146, 148-баптарында жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тізбесі, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Оларға:

  1. Қазақстан Республикасының жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;

  2. тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;

  3. жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар;

  4. аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері жатқызылған.

Осы тізбеге сәйкес аудандық деңгейде мемлекеттік бақылау функциясын жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар атқаруы қажет.

Жер кодексінің 145-бабының 2-тармағында жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылатыны көрсетілген. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдалануға байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрларын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылатыны көзделген.

Осы баптың 5-тармағында тексеру арқылы мемлекеттiк бақылау жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң, жердi пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргiзiлетіні, бұл туралы тексеру нәтижелерi бойынша жасалған құжаттарда тиiстi белгi жасалатыны көрсетілген.

Қазақстан Республикасының жер заңнамасы бойынша анықталған бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргiзген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берiлетiн актiмен ресiмделетіні және уәкілетті органдарға, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне олардың құзыреттері шегінде берiлетіні көзделген. Я[...] қатынастар бөлімі жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қатарына кірмейді.

Жауапкер тарапынын жүргізілген мемлекетік бақылаудың жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдалануға байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мониторингін жүргізу кезінде орын алғанын бекітетін дәлелдемелері мен негіздемесі болмаған.

Сондықтан жауапкердің дауланып отырған әрекетін заңсыз болып табылады.

Залал сомасын өндіруден бас тарту туралы жергілікті соттардың тұжырымы іс құжаттарына негізделген. Талап қоюшының талап етіп отырған сомалары іске қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы жағынан жеткілікті дәлелдемелермен бекітілмеген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иелерінің келтірген уәждеріне дауланған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Еламан» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер И[...] және жауапкер «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.