ВС РК - Постановление от 08.11.2021 по делу 6001-21-00-3Г/5357 (Гражданское)

6001-21-00-3Г/5357

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 8 қараша Нұр - Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж. Мырзаке,

«К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) «ҚРҚММККАОБМКД[...]» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент):

-2021 жылғы 8 ақпандағы №21KZ50500000018А5/12 хабарламаны (бұдан әрі - Хабарлама) заңсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысына келтірген Департаменттің өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

ЖШС жоғарыда көрсеткен арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен арыз қанағаттандырылған.

Хабарлама заңсыз деп танылған.

ЖШС-не 618 теңге мемлекеттік баж бюджеттен кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Департамент өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушының пікірінше іс бойынша жол берілген.

Іс материалдарына қарағанда, Департамент «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 411-бабына сәйкес ЖШС-нің атынан рәсімделген №50517/141118/0311381 тауарларға арналған декаларациясымен (бұдан әрі - Декларация) кедендік тазартудан өткізілген тауарлардың кедендік декларацияға қатысты кедендік,

өзге құжаттарды және мәліметтерді кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды айқындау бойынша тексеріс жүргізілген.

Тексеріс бойынша Департамент 2021 жылғы 25 қаңтардағы ЖШС-нен Декаларациясы бойынша жеткізілген тауардың құнын айқындайтын құжаттарды, яғни сыртқы сауда келісім шарттары, шот-фактуралар, орама парақтары, әкелінген тауарлардың банктік ақша аударымдары және жөнелтуші елдің экспорттық декларациясын сұратқан.

Сұраныс хатқа ЖШС шот-фактура және жөнелтуші елдің экспорттық декларациясы ретінде авиациялық жүк құжат ұсынған.

ЖШС-мен жеткізілген тауардың кеден құнын дәлелдейтін құжаттардың толықтай ұсынылмауына байланысты Департамент Кодекстің 72-бабын қолданып, жеткізілген тауарлардың резервтік әдістемесімен есептеп, ЖШС-мен жеткізілген тауарға ұқсас келетін №50505/061118/0311053 тауарға арналған декларацияны негізге алып, даулы Хабарлама шығарған.

Жергілікті соттар, арызды қанағаттандыруын, заң нормасына сәйкес ЖШС-не жолдаған сұраныс хаты 2021 жылғы 26 қаңтарда табыс етілгенмен, Департаментпен 2021 жылғы 27 қаңтар - 9 ақпан аралығында қандай да бір хабарлама ұсыну құқығы болмағанымен негіздеген. Департамент аталған заң нормасында көрсетілген мерзімді сақтамай, оны өрескел бұзып, ЖШС-мен құжаттар толық ұсынбауына байланысты даулы Хабарламаны шығарған.

Сонымен қатар соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді.

Атап айтқанда, даулы Хабарламаны шығарудың негізі ЖШС-мен ресімделген Декларациясы бойынша кеден құнын дәлелдейтін құжаттардың толықтай ұсынылмауына байланысты, кеден құнының төмендетілу фактілерінің анықталуы болып табылады.

Кодекстің 407-бабына сәйкес, кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың мынандай нысандарын қолданады: түсініктемелер алу; кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру; кедендік қарап-тексеру; кедендік жете тексеру; жеке кедендік жете тексеру; үй-жайларды және аумақтарды кедендік қарап-тексеру; кедендік тексеру.

Сонымен қатар, Кодекстің 426-бабында көзделгендей кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде декларанттан, тасымалдаушыдан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және өзге тұлғалардан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда - талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле (операция) шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескеріп, тексерілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді негізге ала отырып айқындайды.

Департаментпен ЖШС-не 2021 жылы 25 қаңтардағы №МКД-18-1-11/790 хабарламасымен кедендік бақылауды жүргізу мақсатында қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну туралы сұраныс жолданылды.

Сұратылған құжаттар:

-сыртқы сауда келісім-шарттары (договор);

-шот-фактуралар (инвойс);

-орама парақтары (упаковочный лист);

-әкелінген тауарлардың банктік ақша аударымдары (заявление на перевод, платежное поручение);

-жөнелтуші елдің экспорттық декларациясы (экспортная декларация отправителя);

Сұратылған құжаттар мен мәліметтердің ұсыну мерзімі Хабарлама табыс етілген күннен бастап 10 жұмыс күн.

ЖШС-мен ұсынылған құжат тек №20182149-07 шот-фактура болғандықтан, №50517/280121/0000911 декаларциясы бойынша жарияланған кедендік құнды растайтын құжаттардың жеткіліксіздігі салдарынан кедендік құнның төмендетілу фактілері анықталды.

ЖШС аталған декларациясын жеткізілу шартының жіктеуішіне сәйкес, «тауарларды ақысыз тасымалдау» яғни 082 мәміле сипатымен мәлімдеген.

Тексеру нәтижесінде, тауар декларациясы ИМ-40 кедендік рәсіміне сәйкес ресімделіп, тауарлардың кедендік құнын айқындаудың 6-шы тәсілі қолданылған. Әкелінетін тауарлардың резервтік әдіске (6-әдіс) сәйкес айқындалған кедендік құны барынша мүмкін боларлық дәрежеде бұрын айқындалған кедендік құндарға негізделуге тиіс.

Тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық деректер базасындағы мәліметтері негізінде бірдей немесе ұқсас тауарлардың қолданылған бағасы көрсетілді.

Салыстыруға алынған тауарға арналған декларацияның №50505/061118/0311053, тауарды жөнелтуші ел және өндіруші Италия, тауар коды 7326909409 болып көрсетілген.

Кодекстің 411-бабына сай кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру нәтижелері бойынша кеден органы Кодекске сәйкес шешім қабылдайды.

Аталған тармақта көрсетілген тексеруді жүргізу туралы, сондай-ақ осындай тексеру жүргізудің нәтижелері туралы тұлғаны хабардар ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Д[...] мен кедендік өзге құжаттарға және мәліметерге тексеру жүргізу туралы хабарламаларды шығарудың тәртібі мен нысаны Қазақстан

Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 26 ақпандағы № 292 бұйрығына сәйкес шығарылып, талапкерге табыс етілді.

Бұдан басқа, Кодекстің 426-бабының 3 тармағында қарастырылған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың ұзартылатын мерзімі сұрау салу жіберілген тұлғаның өтініші негізінде айқындалады, бірақ ол құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.

Алайда ЖШС-мен құжаттар мен мәліметтерді ұсынудың мерзімін ұзарту туралы өтініш түспеді.

Кодекстің 426-бабының 6-тармағына сәйкес, ЖШС, тасымалдаушы, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электрондық нысандарда ұсынуға міндетті.

ЖШС-мен көрсетілген мерзім ішінде, яғни 2021 жылы 3 ақпанда тек шотфактура ұсынылған.

Сонымен қатар, Кодекстің 410-бабының 9 тармағына сәйкес, сұратылған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді олар сұратылған тұлғалар әрбір сұрау салу бойынша бір жиынтықта (бір мезгілде) ұсынуға тиіс.

Д[...] 2021 жылы 8 ақпанда қалыптастырылып, ЖШС-не 2021 жылы 11 ақпанда табыс етілді.

Бұл орайда, соттардың аталған уәжі ешқандай заң нормасымен реттілмеген және Департамент даулы Хабарламаны 2021 жылы 8 ақпанда шығаруға толықтай құқылы болды.

Департамент Кодекстің 150-бабының 3-тармағына назар аударуды сұрайды, яғни декларант Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік декларацияда анық емес мәліметтерді мәлімдегені, сондай-ақ кеден өкіліне жарамсыз, оның ішінде қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынғаны үшін жауапты болады.

Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.

Судья Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.