ВС РК - Постановление от 14.11.2022 по делу 6001-22-00-3Г/4019(2) (Гражданское)

6001-22-00-3г/4019(2)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 14 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Г.Қ.Жүсіпбекова,

талап қоюшы Е[...] жауапкер «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк) берген кредит желісін беру туралы шартты жарамсыз деп тану және шарт бойынша ұсталған 239 687 теңге ақша сомасын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Банктің келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е[...] жоғарыда аталған талап қою арызбен сотқа жүгініп, онда аталған шартты өзінің еркінен тыс жасалғанын, шарт телефоны арқылы банк қызметкері болып өзін таныстырған үшінші тұлғамен жасалғанын, талап қоюшының жеке басын растайтын құжаттардың реквизиттерін интернет желісі арқылы алғанын көрсетіп, бұл мәселе бойынша Түркістан облысы, [...] полиция бөліміне жүгінген себебінен № 2151146031000113 санды қылмыстық істің қозғалғанына байланысты даулап отырған шартты жарамсыз деп тануды және шарт бойынша ұсталған 239 687 теңгені өндіруді сұраған.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Банк және Е[...] арасындағы 2021 жылғы 8 сәуірдегі кредит желісін беру туралы № ЕКР003847975 шарты жарамсыз деп танылған.

Банктен Е[...] пайдасына 226 869 теңге және мемлекет пайдасына 3 727 теңге мемлекетттік баж салығы өндірілген.

Талап қою арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтіндігін, оларды заңсыз әрі негізсіз деп көрсетіп, сот іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтамауына байланысты сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап келесідей уәждер келтірген.

2021 жылғы 8 сәуірде Банк және талап қоюшы Е[...] арасында онлайн-несие шарты жасалған, оның негізінде талап қоюшыға 1 200 000 теңге, 60 ай мерзіміне, 19 % сыйақымен несие берілген.

2021 жылғы 13 мамырдағы № 12-2721 санды Банктің хатына сәйкес, 2021 жылы 8 сәуірде «сенімді нөмір» сервисі Е[...] телефон нөміріне қосылған. Е[...] белгісіз үшінші тұлғаның нұсқауларына сүйене отырып өз телефонына құрылғыны қашықтықтан басқаруға арналған қосымшаны орнатқан. Сөйтіп үшінші тұлға Е[...] телефон құрылғысына қашықтан қол жеткізіп, «Homebank» жүйесінде соңғының атынан 1 200 000 теңге сомасына онлайн-несие рәсімдеп, бұл соманы Е[...] төлем картасынан «Kaspi Bank» АҚ-ның карта иесі «С[...].» атты тұлғаның картасына аударылым жасалған.

Алайда, талапкермен С[...] талап қойылмаған, бұл заем алу және ақша аудару бойынша барлық іс-әрекеттер талап қоюшының жасағанын растайды.

Сонымен қатар, Е[...] арызына сәйкес, анықталмаған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2- бөлігінің 4) тармағымен, алаяқтық фактісі бойынша № 215146031000113 санды қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қазіргі уақытта талап қоюшыға қатысты алаяқтық фактісін жасаған тұлға анықталмаған, олардың кінәсі дәлелденбеген, нақты қылмыс болғаны анықталмаған. Алаяқтық жасау фактісін анықтау қылмыстық процесс шеңберінде тексерілуге жатады және оны соттың үкімімен ғана анықтауға болады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодесінің 15бабының 1-1, 2, 3-тармақтарына сәйкес, мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс. Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi. Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.

Сонымен қатар, Банк несие сомасын талапкерге оның банктік шотына «Homebank» қаржы порталында жасалған, оған тек талап қоюшы ғана қол жеткізе алады. Бірінші және екінші сатыдағы сот отырыстарында талап қоюшы +[...] нөмері оған тиесілі және оның сенімді нөмері екенін растаған.

Қосылу шартының 3.2 және 5.2 тармақтарына сәйкес банктік мәліметтердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету клиенттің өзіне жүктеледі.

Бұл аталған мән-жайлар соттардың назарынан тыс қалған. Осыған орай, арызданушының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабының 1 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.

Судья Г.Жүсіпбекова Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Жүсіпбекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.