ВС РК - Постановление от 03.09.2024 по делу 6001-24-00-3гп/357 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/357

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 3-қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Т.Балкеннің, Ж.М. Қашқынбаеваның,

жауапкердің өкілдері - Б.О.Боранбаевтың, А.М.Сағызбаеваның қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Атырау облысы Құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Оңдасын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2- қарашадағы шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қаңтардағы қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Басқарма жоғарыда көрсеткен талап қоюмен Серіктестікке сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Серiктестiк мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылған.Сот шығыстары өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, істі аппеляциялық сатыдығы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.

АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып, Серіктестік «Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылында 320 орындық мектеп құрылысын құрылысмонтаждау жұмыстарын бастау» туралы хабарлама алған күннен бастап 13 ай ішінде орындауға міндеттенген. Шартты орындау 2023 жылғы 25 наурызға дейін мерзіме белгіленген.

2022 жылғы 21 желтоқсанда қосымша шарт жасақталып, міндеттемені орындау мерзімі 2023 жылғы 25 тамызға дейін ұзартылған.

Басқарманың жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінуіне Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемені тиісінше және мерзімінде орындамауы туралы уәждері негіз болған.

Жергілікті соттар Басқарманың уәждерін негізді деп танып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.

Жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, себебі олар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауы және материалдық құқық нормаларының бұзылуының негізінде жасалған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы 2021 жылғы 26 наурызда жасалған келісім шарт бойынша құрылыс жұмыстарын бастау үшін 2022 жылға 25 ақпанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына хабарлама алған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының 12-бабы 4-тармағының 3)-тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

«Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 3 тармағымен түсіндірілгендей әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісін анықтаған органдар, тапсырыс беруші Заңның 12-бабының 4- тармағында көзделген жағдайда, әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен Заңда белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінуге міндетті. Бұл мерзімдер түпкілікті болып табылады, осы мерзімдердің өтуі әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Іске тіркелген 2023 жылғы 15 тамыздағы хатқа сәйкес, жауапкермен шарт бойынша міндеттемелердің толық және тиісті түрде орындалмағанын және өндірістік жұмыс кестесінен бірнеше рет қалыс қалғанын көрсетіп, заңнамаға және шарттық міндеттемелерге сай мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінетіндігін хабарлаған. Тапсырыс беруші аталған талаппен 2023 жылғы 14 қыркүйекке дейін сотқа тиісті талап қоюмен жүгінуге міндетті болған. Алайда, Басқарма заңнаманы бұзу фактісі туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткеннен кейін - 2023 жылғы 20 қыркүйекте аталған талаппен сотқа жүгінген.

Сонымен бірге кассациялық сот алқасы отырысында жауапкер жұмыс атқару кестесі бойынша құрылыс жүргізуді кешіктірген себебін тапсырушы тарапынан толықтай қаржыландырылмағанымен байланыстырды, бұл мән-жайлар 2023 жылдың көктем айынан белгілі болғандығын мойындады. Серіктестік кассациялық сот алқасына құрылыс жұмыстарының 80 пайызға дейін атқарылғаны туралы мәлімдеді.

Осылайша Басқарма заңмен белгіленген түпкілікті мерзімді өткiзiп алып, өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабымен сотқа жүгінгені анықталды. Яғни келтірген мәнжайлар Басқарманың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартуға құқықтық негіз болып табылады.

Жергілікті соттар дауды қарау барысында аталған кемшіліктерді ескермеген деген қорытындыға келуге болады.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы жергілікті соттармен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырыудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деген түйінге келді.

Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2-қарашадағы шешімінің және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24қаңтардағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы «Атырау облысы құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Оңдасын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Бюджет қаражатынан «Оңдасын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 1 846 (бір мың сегіз жүз қырық алты) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша сот шығындары қайтарылсын. «Оңдасын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К. Шәріпов

Судьялар Ж.М. Қашқынбаева

М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.