6001-21-00-3гп-489 6001-21-00-3гп-489(2)
Ұ Й Ғ А Р Ы М
2022 жылғы 25 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Б.Ж.Тоқтарова,
судьялар Б.Р.Ералиева, А.Ә.Сапарова,
талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...] өкілі Т[...], «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Қ[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConfмобилбайланыс арқылы талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...] (бұдан әрі – ЖК А[...]) жауапкер «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме) конкурс комиссиясының тексеру нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қарашадағы қаулысын түсіндіру туралы «Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және ЖК С[...] арыздарын қарап,
ЖК А[...] тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету жөніндегі 2021 жылғы 15 қаңтардағы № 33 конкурс комиссиясының тексеру нәтижесін және 2021 жылғы 19 қаңтардағы № 34 конкурс хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау-Қызылтөбе 2 -Ақтау» маршруты бойынша тасымалдауға қызмет көрсету конкурсының нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен ЖК А[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, ЖК А[...] талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 маусымдағы қаулысы өзгертілген.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер А[...] жауапкер Мекеменің
2021 жылғы 15 қаңтардағы № 33 санды ауданаралық кәсіпкердің (қалааралық облысішілік) маршруттарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету құқығына өткен конкурс бойынша облыстық комиссияның бірінші отырысының хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша Конкурс алдындағы комиссияның тексеру нәтижесін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылған.
Қаулының өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Мекеменің және үшінші тұлға ЖК С[...] өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылған.
Жоғарғы Сотқа келіп түскен арыздарында Мекеме мен ЖК С[...] өздерінің өтінішхаттарында көрсетілген қандай талаптардың қанағаттандырылғанын, соттың қаулысы нақты кімнің пайдасына шешілгенін түсіндіруді сұраған.
Үшінші тұлғалар Б[...], ЖК С[...] өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, үшінші тұлғалар Б[...], ЖК С[...] өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді. Сот алқасы іс бойынша жауапкер Мекеменің өкілі Қ[...], арызды қолдаған түсінігін, ЖК А[...] өкілі Т[...], арызға қарсы пікірін, арыздардың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 452-бабының 2-бөлігіне және «Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 33-тармағына сәйкес шығарылған шешім түсініксіз болған жағдайда, кассациялық сатыдағы сот іске қатысушы адамдардың арызы бойынша бұрын шығарылған қаулыны түсіндіруге құқылы, бұл туралы ұйғарым шығарылады. Сот қаулыны түсіндіру кезінде оның мазмұнын өзгертуге, сондай-ақ қаулыда көрсетілмеген мәселелерді талқылауға құқығы жоқ.
Іс құжаттарына қарағанда, ЖК А[...] тұрақты тасымалдауға қызмет көрсету жөніндегі 2021 жылғы 15 қаңтардағы № 33 конкурс комиссиясының тексеру нәтижесін және 2021 жылғы 19 қаңтардағы № 34 конкурс хаттамасында көрсетілген № 1 лот «АқтауҚызылтөбе 2-Ақтау» маршруты бойынша тасымалдауға қызмет көрсету конкурсының нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Істі кассациялық сатыдағы сотта қараудың нәтижесінде алқа, апелляциялық сатыдағы соттың даулы автобуста 23 орындықтың орнына 22 орындық болғанын, бірақ ол конкурстық құжаттамада көрсетілген (19 - 86 орны бар) талапқа қайшы емес деген уәжімен ішінара келіспеген, себебі конкурстық құжаттамалар конкурстық ұсынысқа сай болуы тиіс болған.
2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасына сәйкес комиссияның отырысы кейінге қалдырылып, конкурсқа қатысушылардың өтінімі мен қоса берілген құжаттарындағы мәліметтерді нақтылау үшін қосымша құжаттар тиісті мемлекеттік органдардан сұратылған. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9-бабына сай сотта азаматтық құқықтардың қандай жағдайда қорғалуы қажет екендігі көрсетілген.
Дауланып отырған 2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша Конкурс алдындағы комиссияның тексеру нәтижесімен талап қоюшының ешқандай да құқығы бұзылмаған, тексеру нәтижесі Қағиданың 174-тармағына сай шығарылып, керекті құжаттар уәкілетті органдардан сұратылған.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот 2021 жылғы 15 қаңтардағы Комиссия отырысының № 33 хаттамасы бойынша шығарылған тексеру нәтижесін негізсіз заңсыз деп таныған.
Сол себепті алқа апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын осы бөлігінде өзгертіп, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырған.
Ал даулы автобустың № 5 маршрутта негізгі құрамда тұрғанын растайтын құжат ретінде жауапкермен нөмірі жоқ, сол маршруттың куәлігі ұсынылған, бірақ ол Б[...] түсінігімен жоққа шығарылған. Істе № 5 маршрут тексеріліп, соның нәтижесінде даулы автобус негізгі құрамда маршрутта жүргенін дәлелдейтін басқа деректер болмаған.
Осыған орай алқа, апелляциялық сатыда анықталған заң бұзушылықтардың негізінде, қаулының 2021 жылғы 19 қаңтардағы Комиссия отырысының № 34 хаттамасында көрсетілген № 1 лот «Ақтау - Қызылтөбе 2 - Ақтау» маршруты бойынша өткен Конкурс нәтижесін заңсыз деп таныған бөлігімен келісіп, оны күшінде қалдырған.
Сол себепті Мекеме мен үшінші тұлға ЖК С[...] өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылған.
Істің мұндай тұрғысында сот алқасы, қаулының мазмұны түсінікті екені, сондықтан Мекеме мен үшінші тұлға ЖК С[...] арызын қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ деп есептейді.
АПК-нің 452-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, сот алқасы,
Ұ Й Ғ А Р Д Ы:
«Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және жеке кәсіпкер С[...] Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 қарашадағы қаулысын түсіндіру туралы арыздары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова
Судьялар Б.Р.Ералиева
А.Ә.Сапарова
Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.