1
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 27 сәуір 6001-22-00-6ап/2330 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкер Түлкібас ауданының әкіміне жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 16 қаңтардағы №6231 шешімін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2022 жылғы 3 наурыздағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2022 жылғы 3 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюды сотқа беруге өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылып, талап қою қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы У[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа қарауға жіберуді сұраған.
Талап қоюшы, жауапкер және мүдделі тұлғалар немесе оладың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылдың 16 қаңтарындағы № 6231 санды шешімімен У[...] атына Түлкібас ауданы, Р[...] ауылы, Бекбосынов (бұрынғы 1-Май) көшесі № [...] үй тіркелген.
У[...] 2014 жылы 16 қарашада, оның жұбайы Б[...] 2020 жылғы 8 желтоқсанда қайтыс болған.
2022 жылғы 18 қаңтардағы заңды күшіне енген сот шешімімен Б[...] мен Б[...] қайтыс болған әкелері У[...] артынан қалған мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтіріліп, мұрагерлер мұраны қабылдады деп танылған.
ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Талап қоюшы әкімшілік актіні даулауға берілген бұл мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны сотта анықталған.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2022 жылғы 3 наурыздағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.